Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент әкімі: Мен де көпбалалы отбасының перзентімін

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің көпбалалы отбасынан шыққанын айтты. Көпбалалы аналар – батырлар, ал балалар – біздің болашағымыз, дейді қала басшысы, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

 

Халық алдында есеп берген Ғабидолла Әбдірахымов өзінің көпбалалы отбасының перзенті екенін айтып, осындай жанұяларға алғыс білдірді.

«Əкем 10 ағайынды, анам 7 ағайынды, мен де көпбалалы отбасының перзентімін. Шымкентте 31 мыңнан астам көпбалалы ана бар, Құдайға шүкір. Біз осы бағытта жұмыс істейміз. Кəсіпкерлікті қолдаймыз жəне жақында Шымкент қаласында көпбалалы аналармен жұмыс істейтін орталық ашатын боламыз», – дейді ол.

Өз сөзінде қала басшысы 3 200 көпбалалы отбасының қиын жағдайда өмір сүріп отырғанын айтты. Сондықтан әкімдік оларға қолдау білдіруді ұйғарып, осы мақсатта бірнеше жоба әзірлеген.

Мысалы, Көпбалалы аналарға қызмет көрсету орталығы ашылып, ол жерде аналар барлық мемлекеттік қызметке қол жеткізе алады. Сонымен қатар көпбалалы аналардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа», 1 және 2-дәрежедегі ордендер иегерлерінің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілетін көмек 4 есе, яғни 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Ол тамыз айында беріледі.

Сонымен қатар «Сен жалғыз емессің» жобасының аясында көпбалалы аналарға арнап үй салу жоспарланып отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау