Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Щучьеде белгілі кәсіпкерді өлтіріп кетті

Щучьеде 1 мамырдан 2-не қараған түні қылмыстық топтың мүшесі, 31 жастағы кәсіпкер Жанат Үсербаевты өлтіріп кетті. Ел арасында марқұм меценат әрі қайырымды жан ретінде танымал болған.

20_main

Сурет vk.com

Ақмола облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчуктың айтуынша, 1 мамырдан 2-не қараған түні сағат 00:48-де қалалық ІІБ-ге Щучье тұрғыны қоңырау шалып, Коммунистическая, 18 көшесіндегі үйдің ауласында жанжал болып жатқанын хабарлаған.

«Оқиға орнына жедел тергеу тобы аттанды. Ол жерден гильза, ағаш бита, темекінің тұқылы тәркіленді», – деп нақтылады Пинчук.

1:50-де Бурабай АІІБ-ге жедел жәрдем қызметінің диспетчері телефон соғып, Набережная, 84 көшесінен шалқасынан жатқан ер адамның мәйіті табылғанын хабарлаған.

«Тексере келе оның 1985 жылғы Щучье тұрғыны Жанат Үсербаев екені анықталды», – деп толықтырды ІІД.

Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі ұялы телефонмен жәбірленушінің достарына хабарласып, Набережная көшесінен марқұмның денесін алып кетуді айтқан. Жедел іздестіру шаралары барысында телефон иесінің кім екені анықталды. Сондай-ақ екінші күдікті де қолға түсті, ол да – Щучъе тұрғыны. Ұсталғандар кінәсін мойындап отыр.

Қазір ҚР ҚК 99-бабы, 2-тармағы бойынша (адам өлтіру) қылмыстық іс қозғалған, үшінші сезікті – 1989 жылғы Щучъе тұрғыны іздестірілуде.

Бір қызығы, марқұм Щучье ІІБ ҰҚКБ-де ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде есепте тұрған және қарақшылық шабуыл мен ұрлық-қарлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген.

Ал қала халқы оны табысты кәсіпкер, жекеменшік күзет агенттігінің қожайыны ретінде таниды. Әрі қайырымдылықпен көп айналысқан, балабақшалар мен спорт мектептеріне, басқа әлеуметтік мекемелерге көрсеткен көмегі көп екен.

Жергілікті басылымда Жанаттың достарымен бірге Щучъенің қараусыз қалған мәдениет және демалыс саябағын жалға алып, оның тамырына қан жүгірткені жайлы жазылған еді. Марқұм кәсіпкер саябаққа аттракциондар орнатып, жазғы дәмхана ашқан, тир, пейнтбол, ретро-дискотека ұйымдастырған.

Талқылау