Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең танымал “итальяндық қазақ” Италияға келін болудың қыр-сырымен бөлісті

Диана Эспозито — ең танымал “итальяндық қазақ”. Италия азаматына тұрмысқа шығып, сол елдің тілін жетік меңгеріп, Амальфи жағалауында ұмытылмастай туристік турларын жүргізетін қарапайым қазақ қызымен Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сұхбаттасты. Диана неліктен шетел азаматына тұрмысқа шыққысы келмегенін, Еуропа елінде қандай қиындықтарға тап болғанын және өз баласын не себепті шоқындырғанын айтып берді.

Диана Эспозито (Оразбаева – ред.) Италияда тұрып сол елдің азаматтарына қазақ елін танытып жүрген ұлт жанашыры. Ол шетелде бірнеше кәсіпті жүргізумен қатар, қазақстандықтарға Италияның керемет жерлерін көріп қайтуға мүмкіндік беретін турларды ұйымдастырады. Тіпті жергілікті шенеуніктер жерлесіміздің жұмысына тән болып, аймақтың туристік әлеуетіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жергілікті мэрияға (әкімдік – ред.) туристік саланы басқаруға шақырды. Алайда ол үшін Диана Қазақстан азаматтығынан шығып, сол елдің азаматтығына өтуі керек болғандықтан, ұсыныстан бас тартқан.

Диана, ең алдымен жұбайыңызды қалай кездестіргеніңізді айтып берсеңіз

Жұмысымнан демалыс алып, Жаңа Зеландияға баруға дайындалып жүрдім. Жанында ешкімі жоқ, жалғыз өзі сол елде қалып қояды деп қорыққан болуы керек, маған ол мемлекет визаға рұқсат бергісі келмеді. Өз басым демалысымды босқа жіберуді қаламадым. Австралия Жаңа Зеландияға жақын орналасқан соң, кенгурудың отанын көріп қайтайын деуменен сол елге жол тарттым. Екі мемлекет бір-бірінен қатты ерекшеленбейтін шығар деп ойладым.

Австралияға жеткенде алдын ала брондап қойған хостелімді басқасына ауыстыруға мәжбүр болдым. Сөйтіп болашақ күйеуім Марио менеджер болып істейтін хостелге келдім. Хостелдің есігін Марио ашып, мені жылы қарсы алды деуге де болады.

Хостелде тұрудың ережелерін түсіндіріп, бірден маған қырындай бастады. Сенбілік кеште серуендеп, шарап ішіп қайтуды ұсынды. Мен ол кезде шарап ішпейтінмін, қазір де солай. Мариоға 32 сағат ұшақта болғанымды, шамамен екі тәулік ұйықтамағанымды айтып, ұсынысынан бас тарттым. Екеуміз келесі күні кездесеміз деген шешімге келдік. Таңертең ол маған таңғы ас дайындап берген соң, Сиднейді көрсеткісі келетінін айтты. Тағы да келіспедім. Себебі, оңашада серуендеуді қаладым.

Паромға отырып, аралдарға жол тарттым. Бірақ туристердің арасынан менің соңымнан ерген Марионы байқап қалдым. Ол да өз уақытын менімен бірге аралдарда өткізгісі келген екен. Сол кезден бастап Марио менің көңілімді табумен әлек болды. Танысқанымызға бес күн толғанда ол маған сезімін білдірді. Менің де оған деген сезімдерім оянды. Оның сөздерінде, өзінде жасандылық жоқ еді. Сенімді, өте жақсы адам екені байқалатын. Осылайша тағдырым мені болашақ күйеуіммен мүлдем ойламаған жерде, яғни Австралияда табыстырды.

Біздің елімізде шетел азаматына тұрмысқа шыққан қыздарды сөгетіндер аз емес. Жалпы, ата-анаңыз, туысқандарыңыз шешіміңізге қалай қарады?

Мен өзім халықаралық некелерді қабылдамайтын жанұяда тәрбиеленген адаммын. Өзім де басқа ұлттың өкілімен шаңырақ көтерген адамдарды сөгіп отыратынмын. Себебі, қазақтың қыздары тек қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығу керек деп санайтынмын. Бірақ қанша дегенмен тағдырға қарсы ешнәрсе істей алмайсың ғой.

Тағдырдың жазуымен мен күйеуіммен кездестім. Сөйтіп оның пешенеме жазылған адам екенін түсіндім. Екеуміз үйлену туралы шешім қабылдағанда күллі өмірімді онымен бірге өткізгім келген еді. Жұбайыммен бір жастықта қартаюды армандадым.

Алайда, менің қалауыма ата-анам қарсылық танытты. Әсіресе мені аялап, тәрбиелеп өсірген әжем осы әрекетімді сатқындық деп түсініп, ашаршылық жариялады. Оның үстіне, мен ол кісінің тұңғыш немерісімін. Жанұямның, әжемнің қиналғанын көріп, Мариодан бас тарту туралы шешімге келдім. Сол кезде болашақ күйеуіме хабарласып, екеуміздің қарым-қатынасымыздан ешнәрсе шықпайтынын айттым. Телефон нөмірімді ауыстырып, әлеуметтік желілерде оны бұғаттап тастадым. Сөйтіп Марио менімен байланысқа шыға алмай қалды.

Туысқандарының айтуы бойынша, сол кезде ол шу шығарған, жаны тыным таппай қиналған екен. Менің отбасымның келісім бермей жатқанын айтып, барлығынан көмек сұраған. Сосын әлеуметтік желіден құрбыларымды тауып алып, олармен бірігіп, өз жоспарын жүзеге асырған.

Құрбыларым Мариоға Қазақстанға барып, Диананың ата-анасының алдынан өтіп, әжесінен рұқсат сұрасаң, олар келісімдерін беруі мүмкін деп айтқан. Сондай-ақ бір құрбым әжесіне неғұрлым кеңдеу білезік сыйласаң, рұқсат алуға деген мүмкіншіліктерің артады деген. Итальяндықтар тіпті өздерімен бірге сол елде өндірілетін азық-түліктерді, яғни зәйтүн майы, пармезано ірімшігі, лимончеллосы бар бірнеше қораптарды ала келген.

Себебі, Марио құрбыларымнан қыздың үйіне құда түсе барғанда дән алып бару керектігін естіген. Итальяндықтар осы сөзді тура қабылдап, осындай сарқыттарымен келген еді. Олардың осы әрекеттерін өте сүйкімді деп таптым.

Жанұяңызда қазақтың салт-дәстүрлерін сақтап, оған қазақи дүниелерді енгізуге тырысасыз ба?

Италияда “Наурыз” мейрамын тойлаймыз. Барлық достарым 22 наурыз күні Қазақстанда жаңа жылдың тойланатынын біледі. Және мейрамға 2-3 күн қалғанда барлығы хабарласып “наурыз қашан?” деп сұрай бастайды. Әр жыл сайын, бес жылдың көлемінде мен осы мереке кезінде бешбармақ, бауырсақ, наурыз көже пісіремін. Десертке чак-чакты дайындаймын.

Чак-чак біздің ұлттық тағамымыз болмаса да, итальяндықтар оны сүйсініп жейді. Сондай-ақ олар бауырсақтарды жақсы көреді. Мен дүкеннен біздің қаймаққа ұқсайтын арнайы йогуртты сатып аламын. Итальяндықтар оны бауырсақпен бірге жегенді ұнатады. Жұмыс істемей тұрғында, қолым бос кезде жұма сайын бауырсақ пісіретінмін. Оның дәмді иісін сезген барлық көршілеріміз үйімізге қонаққа келетін. Ал жұмыс істегенде бәріне үлгеру қиын.

Итальяндықтардың барлығы қазақтың тағамдарын қабылдайды деп айта алмаймын. Мысалы, бешбармақты бәрі жемейді. Себебі, Оңтүстік итальяндықтар теңіздің жағасында тұрған соң, тек балықты жегенге үйреніп қалған. Етті, пиязды жақсы көрмейді. Олар үшін біздің жылқының етін жегеніміз жабайы болып көрінеді. Дегенмен, достарымның арасында қазақтың тағамдарынан бас тартпайтын, оларды ұнататын азаматтар бар. Тек осы жылы ғана “Наурызды” тойлай алмай қалдық. Себебі, мен жұмыстарыма байланысты Италияда да, Қазақстанда да болмадым.

Жалпы, итальяндықтардың жаңа түскен келінге көзқарасы қандай? Ене мен келіннің ара қатынасында ерекшелік бар ма?

Өз басым қазақтың келіндерін бақытты жандар деп санаймын. Менің жанұям өте үлкен. Інілерім де көп. Олардың барлығы қазір шаңырақ көтеріп, отағасы атанған. Біздің әулетіміздегі келіндердің барлығы керемет. Ағаларым, тәтелерім келіндерін алақандарына салып жүреді. Келіндері де оларға солай қарайды. Адамға қалай қарасаң, сондай жауап аласың. Сонымен қатар, бұл жерде тәрбие де маңызды рөл ойнайды. Оған көп нәрсе байланысты.

Әжем маған әрдайым “тазалықты сүй, қарапайым, еңбекқор бол, біреудің үйіне келін болып барсаң, ұят болады” деп айтып отыратын. Күйеуіңнің жанұясына жан-жаныммен берілу керектігімді сөз ететін. Мен осылай тәрбиелендім. Мен күйеуімнің жанұясына 100 пайыз берілемін.

Жұмыстан кейін үйге келе салып, олардың тамағын дайындауға, барлық қажеттіліктерін жасаймын, үйлерін жинаймын. Бұл – менің міндеттерім. Күйеуімнің жанұясында келін екенімді керемет түсінемін. Ата-енеме әрдайым жағдайларын сұрап тұрамын. Сосын атам мен әжемнің мені бақылап тұрғанын сеземін, оларды ұятқа қалдырғым келмейді.

Мен баламды босанғанда енем жанымнан табылып, көмектескен жоқ. Өзім жалғыз қалдым. Күйеуім басқа қалада жұмыс істеп жүрді. Габри дүниеге келгенде “бір адам қасымда болып, кішкентай сәбиді қарауға көмектессе екен” деп армандадым. “Ютубтағы” видеолардан жаңа туылған нәрестеге күтімді қалай жасау керектігін қарадым. Сол жерден үйрендім. Ал енем болса, немересін көруге екі айдан кейін ғана келді. Нақтырақ айтқанда, мен баламды ата-апасына көрсетуге алып бардым. Сосын енеме үздіксіз қоңырау шалып тұрдым.

“Азық-түлік алуға дүкенге кіріп шығамын” деп Габриді қолына тастап кететінмін. Немересімен неғұрлым көп уақыт өткізгенін қалайтынмын. Басында осыны ұнатпайтын, ал қазір немересін қатты жақсы көреді. Немересін өзі іздейді. Әрдайым хабарласып, оның жағдайын сұрап отырады. Биыл тіпті “Габриді тастап, киноға немесе мейрамханаға барып қайтыңдар” деп айта бастады. Бұрын мұндай болмайтын.

Сондықтан барлығы өзімізге байланысты. Мен күйеуімнің жанұясына ессіз махаббат пен құрмет сыйлаймын. Олар мені алақандарына салып жүреді. Тіпті кейде Марио қалжыңдап “Дианамен ажырасып, оны Қазақстанға қайтарамын” деп айтса, қайын атам “Қазақстанға жібер, барлығымыз артынан барамыз, сен Италияда жанұяңсыз, достарыңсыз қаласың” дейді.

Екі ұлт өкілінен құралған халықаралық некеде қандай қиындықтар болуы мүмкін?

Қарапайым және халықаралық некелер болады деп ойламаймын. Бір-бірін жақсы көретін екі адамнан құралған шаңырақ қана бар. Егер олар махаббатпен үйленсе, жанұяда қиындықтар туындамайды. Қазақ әлде итальяндықсыз ба, мұсылман әлде католиксіз бе, бұл дүние мүлде маңызды емес.

Дін жағынан алғанда?

Жоқ. Болған емес. Негізі, мен өз дінімді ауыстырған жоқпын. Және күйеуіме мұсылман болып туылғанымды, өле-өлгенше мұсылман болып қалатынымды әрдайым айтамын. Менің күйеуім де, балам да – католиктер. Ұлым Италияның азаматы әрі тегі Эспозито болғаннан кейін біз оны шоқындырдық. Оның үстіне баламның апасы өз дініне берік католиктердің бірі болған. Ол кісі маған “ұлыңа өз тегіңді берсең болады, бірақ шөберем католик болуы тиіс” деп айтқан. Габридің сол дінді ұстануы марқұмның арманы еді. Сондықтан, апасының өтініші бойынша біз ұлымызды шоқындырдық.

Алайда, менің дінімді құрметтейтін күйеуім баламызды шоқындыруға міндетті емес екенімізді айтатын. “Дінді Габри 18 жасқа толғанда өзі таңдайды. Шоқынғысы келеді ме, әлде мұсылман болады ма өзі шешеді” деген. Бірақ, үлкендерге, күйеуіңнің туысқандарына деген құрмет біздің қанымызда бар ғой. Үлкен кісінің сөзінен аттап кете алмадым. Апасының қалауы орындалуы тиіс деп санадым.

Марионың жанұсы менің дінімді қатты құрметтейді. Шошқаның етін жемейтінімді, ішпейтінімді біледі. Сондықтан маған бөлек тамақ дайындап отырады.

Құдалар бір-бірімен жиі кездеседі ме? Қай тілде сөйлеседі?

Өте жиі. Менің ата-анам жылына бір рет Италияға, ал Марионың ата-анасы керісінше Қазақстанға келіп тұрады. Қайын атам Қазақстанға екі рет те келе алады. Қазақстанды қатты жақсы көреді. Елімізде бір шара өтсін, бірден “Қазақстанға барамын” деп шығады. Whatsapp қосымшасы арқылы оған туысқандарым, ата-анам шақырту жібереді.

Ол “Диана, мені тойға шақырды, Қазақстанға ұшамын” деп маған жетіп келеді. Бізде Қазақстанда той бітпейді ғой. Осыны қайын атама түсіндіремін. “Егер менің ата-анамның, інілерімнің тойы болса, бара аласыз. Басқа тойларда сіздің бар не жоғыңыз білінбейді, Италиядағыдай емес” деймін. Италияда мерекелік шараларға 50-70 адамды ғана шақырады. Сондықтан оған міндетті түрде бару керек.

Ал Қазақстанда 500 адамды тойға шақырса да, оның екі жүзі оған келмейді деп үміттенеді ғой. “Сізді құрметтеген соң шақырды. Билет алып барудың қажеті жоқ” деп барлығын түсіндіремін. Менің Қазақстандағы әжем “итальяндық құдаларды қазақстандықтардан жиі көреміз” қалжыңдайды.

Олар бір-бірін ым-жыммен өте жақсы түсіне бастады. Менің ата-анам итальян тіліндегі бірнеше сөздерді жаттап алды. Ал қайын атам қазақ тілін қатты жақсы көреді. Үнемі менен тілді үйретуімді сұрайды. Қазақ тілінің негізін, тұрмыстағы сөздерді үйреніп алды. Сондай-ақ қайын атам дәстүрлерімізді, Қазақстанға қатысы бар дүниенің барлығын жақсы көреді. Және біз “Экспоға” дайындалғанда ол маған Қазақстанға баратын топты жинап беруге көмектесті.

Сіздің Instagram желісіндегі парақшаңыздағы посттарыңызды оқып, қазақтар мен итальяндықтар арасындағы ұқсастықты байқадым. Италияның мәдениетінен хабардар болу бізге де қызықты. Осы мемлекеттің қай салт-дәстүріне тез үйрендіңіз? Олардың өмір сүру салтын да сізге не ұнамайды?

Оңтүстік итальяндықтардың ұқсайтынын атап өткен жөн. Мен Солтүстік Италияға барғанда өзімді Еуропаның басқа мемлекетінде жүргендей сезінемін. Ал Оңтүстікте басқаша. Бұл жерде адамдар ән салып жатады, біреулер бір-бірімен ұрсысады, артынан татуласып кетеді. Дастарханда шуласып, әңгіме-дүкен құрғанды ұнатады. Бір отбасының бірнеше балалары бар. Бұл жерде көңілді, шуақты, жайдарлы дүниелер көп.

Біз, қазақтар, тамақты көп жейміз деп ойлаймыз. Бірақ олай емес. Итальяндықтар бізден де көп жейді. Түскі асты ішіп отырып, артынан кешкі асқа кірісіп кетеді. Сосын олар көп сөйлейді. Бір проблеманы талқылап отыра беруге дайын. Тағы да айта кететін бір жайт, итальяндықтар баяу қозғалатын адамдар. Ал мен пысықпын.

Бірнәрсені кейінге қалдырғанды, бірнәрсені асықпай істегенді жек көремін. Ал итальяндықтар керісінше баяу, асықпай жүру керек деп айтады. Оларды тез қимылдауға мәжбүрлесең, тоқырап, күйзеліп кетеді. Сонымен қатар, итальяндықтар өз өмірлерін жақсы көреді. Күйзеліске түспейді. Қазір ұзақ өмір сүретіндердің статистикасы бойынша Италия бірінші орында тұр. Ал бұл елде ең ұзақ өмір сүретіндер оңтүстікте өмір сүреді. Егер итальяндықтарды күйзеліске ұшыратсаңыз, олар сізді өмірлерінен сызып тастайды (күліп).

Мен итальяндықтармен араласқанда белгілі бір қарама-қайшылықтар, түсініспеушіліктер туындайтынына дайын болдым. Барлығын міндет деп қабылдадым, сондықтан мен қарым-қатынасқа келгенде қолайсыздықты сезінбедім. Бірақ итальяндықтар шошқаны қатты жақсы көреді. Қайда барсам да, шошқадан жасалған өнімдердің бар екенін білемін.

Мейрамханаға немесе достарыммен тамақтануға барғанда шошқасы жоқ тағамдарды сұрастырамын. Бір асқа тапсырыс берейін десең, оның ішінде шошқаның еті бар болып шығады. Осылайша тек зәйтүні бар суды ішіп отыруға мәжбүр боламын. Қызанақ соусы бар пастаны әзірлеп беруді сұраймын. Өйткені, мәзірдегі басқа астарға тапсырыс бере алмаймын.

Сұхбатыңызға рахмет, сізге тек сәттілік тілейміз…

 

 

Автор: Айару Шаймерден

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау