Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелде “жанардың жауын алады” деп бағаланған туынды елімізде көрсетілмек (фото)

Бүгін мамырдың 13-і күні Алматы қаласы “Арман” кинотеатрында Эмир Байғазиннің “Төрт оқиға” атты фильмінің тұсаукесері өтті. Аталған туындының актерлері мен авторлары түсірілімнің жұмыстарының қалай жүргізілгенін баяндап, алған әсерлерімен бөлісті.

wounded angel (20)

Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.

Мүгедек жанды көрсек, тосырқай қарап, айналып өтетініміз жасырын емес. Алайда арбаға таңылған жанның бойында ел қатарлы өмір сүруге деген құлшыныс мол. Жер басып жүрер пенде болған соң әркімнің маңдайына түрлі тағдыр жазылатыны да анық. Бірақ барлық адамның ортақ бір қалауы бар. Ол – арманына жету. Бірінің тәні мүгедек болса, енді бірінің жаны емге зәру төрт жасөспірімнің тағдырын баяндаған фильм бүгін көрермен назарына ұсынылмақ.

“Төрт оқиға” картинасы  – “Асланның сабақтары” фильмінің тақырыптық және стилистикалық жалғасы. Жасөспірімдердің рухани азғындаған әлеммен бетпе-бет қалуы десек те болады.

Фильмде шалғайдағы ауылда өмірден өз орындарын табуға тырысқан төрт жасөспірімнің тағдыры баяндалады. Жарастың  әкесі абақтыдан босап келгелі бері жұмыс таппай сенделіп жүреді. Балапанның достары оның күміс көмей даусын, табиғи дарынын елемей, оны бұзақылыққа үгіттейді.

Жаба болса, күні-түні қараусыз қалған зауытты аралап, сату үшін түрлі-түсті металл іздейді. Ол зауыттың жертөлесінде ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйінен қашып кеткен үш баланы жолықтырады. Ал Аслан хирург болуды қалайды және медициналық колледжге тапсырмақшы. Құрбысы күтпеген жерден жүкті болып қалады. Жігіт сүйіктісін түсік тастауға мәжбүрлеп, өзі ақыл-есінен адасады. Осылайша өмірден өз орнын таба алмаған жасөспірімдер жаман жолға түседі. Ал төрт тағдырды баяндаған оқиғаның немен аяқталары фильмді көрген көрерменге ғана мәлім.

160216_BD_3791

“Көрерменге арналған фильм бар. Фильмге арналған көрермен бар. Мен кез келген туындымды адамдарға арнаймын. Оны айтпасам да түсінікті шығар. Яғни аталған фильмді кез келген адам көре алады. Осы уақытқа дейін “Асланның сабақтары” атты туындыны көрермен назарына ұсынған болатынбыз. “Төртеудің оқиғасы” сол фильмнің жалғасы. Алғашқысы отандық кинотеатрлардан  Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында көрсетілген болатын. Бұл сөзімді Бауыржан Шүкенов растай алады. Жарнама болмағандықтан, қалың жұрт ешнәрсе көрмегенін айтады.

Шетелдіктердің аталған туындыдан қандай әсер алғанын айта алмаймын. Себебі, олардың әрқайсысынан сұрау мүмкіндігім жоқ. Оның үстіне Оңтүстік Кореяның, Батыстың тыныс-тіршілігі, мәдениеті біздікінен әлдеқайда өзгеше. Сондықтан өзгелер үшін жауап бермеймін. Ал актерлерге келетін болсақ, біз кастинг ұйымдастырмадық. Себебі, кастингке өзін көрсетуге құмар, жұлдыз болуды аңсайтын жастар келеді. Бізге сабырлы интроверттер қажет болды және іздегенімізді таптық”, – дейді аталған туындының авторы Эмир Байғазин.

Туындының продюсері Бейбітжан Мүслімов түсірілім барысында айтарлықтай қиындықтар орын алғанын айтады. Мысалы, шахта ішіндегі көріністе он шақты жігіт балалардың басына бірнәрсе құлап кетпесін деп алдымен тексеріс жұмыстарын жүргізген. Өмірлеріне қауіп төне ме деп қорыққандарын актерлер де жасырмайды.

160216_BD_3793

“Бір қарағанда көзге еленбеуі мүмкін. Алайда түсірілім барысында көптеген қиындықпен бетпе-бет кездестік. Мысалы, қолыма бір басы лаулап жанып тұрған ағашты ұстағанда киімім өртеніп кетпесе екен деп уайымдадым. Шахта ішінде де басымызға бірнәрсе құлап кетпесе екен деумен болдық. Мұнымен қатар, өзім жалаңаштанып түскен эпизодта қатты ұялдым”, – дейді Мадияр Назаров (Жаба).

160216_BD_3851

“Фильмдегі кейіпкерлердің біздің тікелей өмірімізге ешқандай да қатысы жоқ. Десе де, образдардың ауыр екенін жасырмаймыз. Түсірілім барысында тәжірибе жинап қана қоймай, өзімізге жақсы достар таптық. Ең бастысы, ешқандай да жұлдыз ауруымен ауырған жоқпыз. Өміріміз де айтарлықтай өзгерді деп айта алмаймыз”, – дейді басты рөлді сомдаған Мадияр Әріпбай (Балапан).

Аталған туынды Халықаралық 66-Берлиндік ресми бағдарлама аясында шетелде көрсетіліп, Берлин кинофестиваліне қатысқан. Осы фестивальде басты рөлдердің бірін сомдаған Қанағат Тасқараев “Алтын аю” белгісімен марапатталды. Төсбелгіні фестивальдің директоры Dieter Kosslick өз қолымен табыстаған болатын. Мұны көргендер Берлин фестиваліндегі ең елеулі оқиға осы болғанын айтады.

160216_BD_3810

160216_BD_3779_IMG_FIX_1200x800

Фильмнің режиссері әрі авторы мен сценарийсі – Эмир Байғазин. Продюсері – Бейбітжан Мүслімов. Қоюшы режиссері – Сергей Копылов. Басты рөлдерді Нұрлыбек Сақтағанов, Мадияр Әріпбай, Мадияр Назаров, Омар Әділов және Қанағат Тасқараев, Омар Әділов, Тимур Айдареков сынды актерлер сомдайды.

Берлинде “Төртеудің оқиғасына” “жанардың жауын алатын” фильм деген баға берілген. Аталған туындыны мамырдың 13-інен бастап “Арман” және “Цезарь” кинотеатрларынан көре аласыздар.


Оқи отырыңыз:

Мүмкіндігі шектеулі қазақ баласы Берлинде киносыншылардың көзіне түсті

Мамыр айында қазақстандық кинотеатрлардан көрсетілетін үздік фильмдер

“Super Той” комедиясының жабық көрсетілімі өтті

“72 сағатта үйлену” Адамбаевтың “Сәбина келін” фильмін еске түсірді

Талқылау