Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеуніктер жаңа жылдық корпоратив кешіне жұмсайтын ақшаны қайдан алады?

Жаңа жылдық мерекеге әлі бір ай уақыт бар болса да қазірден-ақ, мейрамханаларға корпоратив өткізу үшін орын бекітіп, тапсырыс беріп жатқандар көп. Қымбат деген мейрамханалардың өзінде қазірден ақ орын табу қиын. Ұсынылатын баға әр түрлі.

Шенеуніктер жаңа жылдық корпоротив кешіне жұмсайтын ақшаны қайдан алады?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жаңа жылға дейін тура бір ай қалды. Алайда, алдын ала қамдануды ойлаған жұрт қазірден бастап мейрамханалардан орын алып әлек болып жүр. Себебі жылдың аяғы жақындаған сайын 2019 жылды үйде емес, көңіл көтеру орындарында қарсы алу мүмкіндігі азаяды. Сұранысқа ұсыныс. Елордадағы қымбат ресторандардың бірі. Жылдың соңғы кешін өткізу үшін кісі басы 50 мың теңге шығындау керек. Есесіне шетелдік әртістер шақырылған шоу-бағдарлама, тамақтың түр-түрі және қалаған ішімдігіңді ұсынуға әзірміз, дейді. Мәселен, мына мейрамханадағы 43 үстелдің тең жартысы бос емес.

«Ішімдіксіз корпоративтер тек балаларда немесе спортшылардың отырысында ғана болады бізде. Әрине бизнес тұрғысынан қараған кезде алкоголь өнімдерімен өткен отырыс тиімдірек болады», – дейді мейрамхананың арт-директоры Екатерина Михель.

Патша көңіл қаласа, арзандау мейрамханалар да бар. Онда да біраз орынға әлдеқашан тапсырыс беріліп қойыпты. Ішімдіксіз өткізіп көрген бе, жоқ па деген сауал қойған едік.

«21 желтоқсаннан 31-не дейін жаңажылдық тапсырмалар келіп жатыр. Дайын мәзірлер бар. Мысалы 13 мың теңгеге қонақтар өз қалауымен тапсырыс бере алады. Және де 15 мың теңгеге дайын 10 адамға арналған мәзір бар. Оның ішіне кіретіндер: 4 салат, 2 шағын стейк және 10 адамға арналған көкөніс толтырылған балық берледі», – дейді мейрамхана әкімшісі Ерлан Темірбаев.

Жылда үйреншікті Аяз ата мен Қарша қыздан бөлек тамада да мерекелеуге келгендердің көңілін аулайды. Осы іспен жүргендердің бірі Аян. 12 жылда корпоративтің түр-түрін көрдім дейді өзі. Мемлекеттік қызметкерлердің көңіл көтергенін де көрген.

«Жеке меншік кәсіпкерлерге қарағанда мемлекеттік қызметкерлер корпоративті көп күтетін сияқты. Мемлекеттік қызметкерлердің тойлауына қарсы емеспін. Қолдаймын. Оның ешқандай жамандығы жоқ. Әріптестер жұмыс барысында бір-бірімен ренжісіп қалады. Корпоративте бір-бірімен әңгімелесіп, сөйлесіп, билеп, табысып онда тұрған ештеңе жоқ», – дейді шоумен Аян Асқаралы.

Әдетте ұжым боп тойлатуға ниет білдіргендерге мекеме басшылығы бар шығынды өтеп береді. Қазынадан жалақы алып отырған мемлекеттік органдарда да солай ма деп сұраған болатынбыз. Қаржы министрі ешқандай корпоратив ұйымдастырмаймыз деп қысқа қайырды.

«Жаңа жылды біз өткізбейміз. Бірақ кейбір жұмыскерлер өздері жиналатын болса, олар өз қаржысынан, өз табыстарынан оны қаржыландырады. Енді әр адам жұмыстан кейін қайда жиналса да өз еркі», – дейді ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Жалпы мемлекеттік органдарда қаржы тек салалық маңызы бар шараларға ғана бөлінеді екен. Жаңа жылды мерекелеу ол тізімге кірмейтін көрінеді. Сондықтан ведомтство ұжымдары өз жалақысы я сыйақыларынан ақша жинап тойлауы тиіс. Былтыр статистика бойынша ел азаматтары жалпы жиыны 200 миллиард теңгесін жаңа жылдық шығындарға жұмсаған. Бағаның біраз өскенін ескерсек, биыл бұл рекорд жаңаратын секілді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау