Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шекара қызметі Жамбыл облысында асылып өлген сарбаздың өлімін жауапсыз махаббатпен байланыстырып отыр

Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен тағы бір жауынгердің денесі үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы Шу ауданынан әскерге шақыртылған Александр Кравцов 17-ші желтоқсан күні асылып өлген.

қайтысссссс

Бұл туралы ктк арнасы хабарлайды.

Оның денесін қаруластары ит асырайтын қорадан тауып алыпты. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты №2089 әскери бөлімшеде борышын өтеген 19 жастағы жігіттің неліктен бұл қадамға барғаны белгісіз. Бірақ туыстары суицидке әлдекімдердің итермелегеніне сенімді.

Марқұм соңғы рет Анасы екеуі телефон арқылы тілдесіп, әскердегі соңғы суреттерін жіберген. Тіпті туған-туыстарын жақсы көретінін айтып ағынан жарылыпты. Алайда Елена Кравцова сол кезде баласымен соңғы рет сөйлесіп тұрғанын сезген де жоқ. Арада үш сағат өткеннен кейін жалғыз ұлының асылып өлгені туралы қаралы хабар жеткен. Оның денесінде қыл арқанның ізінен бөлек басқа да көгерген жерлері болды – дейді қара жамылған ана.

«Медициналық тексерістің қорытындысында өлім себебі анықталмаған деп жазылған. Бірақ осы құжаттың екінші жерінде балам асылып өлген деп көрсетіліпті. Сондықтан ұлымның қандай жағдайда қайтыс болғанын біле алмай отырмын. Бірақ оның өліміне біреудің қатысы бары анық. Сол адамның жазаланғанын қалаймын»,- марқұмның анасы Елена Кравцов.

Шу ауданынан әскерге шақыртылған Александр шекара қызметінде тоғыз ай борышын өтеген. Яғни енді үш айдан кейін үйіне оралуы тиіс еді. Бірақ келісім-шарт негізінде әскер қатарында қалуды армандапты. Алайда өлерінен бірер күн бұрын әжесіне әскердегі әлімжеттікті тұспалдап болса да жеткізуге тырысқан көрінеді.

«Соңғы рет біз телефон арқылы сөйлескенде ол: «әже мен өз баламды ешқашан әскерге жібермеймін» – деді. Неге деп сұрағанымда, жәй жібергім келмейді деп айтты. Яғни оның асылып өлуі бекер емес. Оны біреу әбден қинаған»,- дейді марқұмның әжесі Любовь Мальяр.

Шекара қызметіне қарасты 2089 әскери бөлімінің басшылары да сарбаздың асылып өлгенін растап отыр. Айтуларынша, Александр Кравцов сүйген қызымен келіспей қалғандықтан өз-өзіне қол салған.

«Қатардағы жауынгер Кравцов қаза болған жерде телефон табылған. Ұялы телефонда Аделья деген өзінің жүрген қызымен хат жазысқан. Ең соңғы жазбасы маған тұрмысқа шық деген. Қыз тарапынан келісім берілмеген. Ең аяғында өкінішті қызметімнің бітуіне 120 күн қалған еді деп сол жазбамен бітеді»,- деді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз хатшысы Қанатбек Солтанов.

Өрімдей жігіттің өміріне балта шауып, өлімге итермелеген әскердегі әлімжеттік пе әлде жауапсыз махаббат па ол жағы әзірге белгісіз. Алайда үш күн бұрын ғана ұлының денесін қара жер қойнына тапсырып келген ана бұл істі жабулы қазан күйінде қалдырмақ емес. Яғни Елена Кравцова жақын күндері құзырлы орындарға шағымданып, баласының өліміне жауаптылардың жазалануын талап етпекші.

Талқылау