Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шаһизада: Бірінші күйеуім ұрып жатқанда, Алладан басқа өмір сұрадым

Әнші Шаһизада алғаш екі рет тұрмыста болғанын айтты. Әнші бірінші жолдасынан аямай таяқ жегенін де жасырмады. Мұнымен қатар, олармен ажырасуына опасыздық себеп болғанын тілге тиек етті.

14550040_559956734192224_2765129099402805248_n

Фото: instagram.com/shakhizada_art/?hl=ru

Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтылды.

– Күйеуге шықпаймын деп жүріп Алматыда шаңырақ көтердіңіз. Бірақ Алматыдан сол күйеуден ажырасып кетіп қалдыңыз…

– Бірінші күйеуіммен бірге оқыдық. Ол – Люца Төлешованың шәкірті. Екеуіміз вокал мамандығы бойынша білім алдық, артынша бірігіп дуэт орындап жүрдік. Мен ең алғаш шын жүрегіммен жақсы көрген жігіт –  жалғыз ұлымның әкесі. Мен оны қатты жақсы көрдім. Ол уақытта әр облыстағы белгілі бір филармонияға жолдама беретін. Мені “Гүлдер” ансамбліне алмақшы болды. Өткен іске өкінбе десе де, қазір қатты өкінемін. Директорымыз кабинетіне шақырып алып, аталған ансамбльге қабылданғанымды айтты. Мен қалғым келмейді.

– Маған екі орын керек.
– Екінші орын кімге?
– Асқарбаев Атшабытқа.
– Ол кім?
– Жігітім.
– Оны жақсы көресің бе?
– Иә, жақсы көремін.
– Ол болмаса, өмір сүре алмайсың ба?
– Жоқ, өмір сүре алмаймын.

Осы диалогтан кейін мені жәйлап шығарып салды. Арада біраз уақыт өткен соң, Солтүстік Қазақстан облысына екі адамға жолдама берді. “Жақсы көретін жігітіңмен сол жаққа бар” деді. Сөйтіп Атшабыт екеуіміз Қызылжар қаласына кеттік.

– Асқар ағамызбен отбасыңызды сақтай алмағаныңызға өкінесіз бе?

– Негізі мен қолымнан келгенше сақтап қалуға тырыстым. Өйткені, ол – мен жақсы көріп шыққан жолдасым. Мен үшін ол уақытта одан басқа еркек жоқ сияқты болып көрінетін. Сондай қатты жақсы көрдім. Қазір Алматыда жүргенін естимін. Бірақ жолығып қалмауға тырысамын. Одан қатты көңілім қалғанын балам да біледі. Бірінші күйеуім нанды таптағандай менің кіршіксіз, таза махаббатымды таптап кетті. Ащы суын қоймай, сенімсіздік басталды. Жүрген ортасы да бұзылды. Мен баламды дүниеге әкелген соң, үйде отырдым. Ол кезде қазіргідей телефон жоқ. Шымкентте жолдасымыз үйге келгенде, барлығы жарқырап тұруы керек, тәтті тағамдар толып тұруы керек деп үйретеді.

Кішкентай баламды босанған соң, тастай суық жатақханада тұрдық. Оның бәріне шыдадым. Ол гәстрөлдік сапардан үйге тиын-тебен әкелмейтін. Баламды бағу үшін басқалардан қарыз алып жүрдім. Мен бөтелке өткізіп балама сүт алып жүрген кезде, ол ақшасын басқа жатақханаға барып шашып жүрді. Мұны біреулерден естідім. Әке-шешемізден бір тиын да сұрамаймыз, оларға қиналып жатқанымызды да айтпаймыз. Себебі, мен әке-шешемнің қалай қиналғанын көргенмін, олар менің дәл осылай қиналғанымды көрмесе екен деген ой болды.

Сол уақытта “Ақ отау” деген мейрамхана бар едң. Сол жерге менің жолдасым жұмысқа тұрып, ортасы бұзыла бастады. Мен бірнеше рет сол жұмысқа кірмеуін өтінгенмін. Бір жамандықты сезгендей болдым. Қанша жалынсам да, маған қарсы болды. “Жоқ, маған мүмкіншілік беріліп тұр. Мен сендерді асырауым керек” деп ақыры сол мейрамханаға жұмысқа тұрды. “Неге ащы суды іше бересің?”, “үйге неге кеш келесің?” десем ұратын. Оның 3-4 күн үйге келмей қоятын кездері де болған. Басқа әйелдерге барып, көзіме шөп салған. Бірінші күйеуімнің осылай маған көрсетпегені жоқ. Шынымды айтсам, мұның барлығы мен үшін жаман түс секілді.

– Ажырасамын деген шешімді қашан қабылдадыңыз?

– Филармонияға жұмысқа барған жас әншілерге міндетті түрде пәтер беріледі. Мен балам емізулі кездің өзінде кішкене жатақханада тұрдым. Бір күні бір ағамыз “Сен әлі пәтер алмағансың ба? Филармонияда жұмыс жасап жатқандардың барлығына беріп жатыр ғой. Ертең әкімшілікке кел, мен саған көмектесейін” деді. Таңғы тоғызда баламды шанаға салып алып әкімшілікке бардым. Балам қатты суықтап, бұтына жіберіп қойған. Кейін әбден ауырды.  Кабинетке кіргенімде әкім ағамыз “Әй, Шаһизада, қайдан жүрсің? Не болып қалды?” деді. Мен қатты ызаланып, тоңып кеткенмін. “Осыдан пәтер бермесеңіз, мен Шымкентке кеттім” дедім.

– Пәтеріңді әлі алмадың ба?
– Жоқ!
– Бір аптаның ішінде қолына жаңа пәтердің кілтін апарып беріңдер (көмекшісіне)!

Осы оқиғадан кейін бір апта болмай маған жаңа пәтердің кілтін әкеліп берді. Сол жерде біраз уақыт тұрдық. Бір күні Олжастың әкесінің біреулерге қомақты ақша қарыз екенін білдім. Ол үйді кепілдікке қойып жіберген екен. Әлгі кісілерге барып үйді әкімнен алғанымызды, кішкентай сәбиімнің бар екенін түсіндірмек болдым. “Алладан қайтсын, беріңіздерші” деп жалынып сұраған едім, бетімді қайтарды. Сонда “Барлығын Құдай көріп тұр! Мен сізге қарыз емеспін. Садақа болсын!” дедім де әлгі жерден шығып кеттім. Артынша еңіреп тұрып жыладым. Осы сәтте ажырасу туралы шешім қабылдадым. Сөйтіп Алматыға кетіп қалдым. Күйеуім ертесінде телефон шалды. Мен өз кезегімде одан қатты көңілімнің қалғанын жеткіздім. Қол көтерген кездерін есіме түсірсем, мұны айуандыққа теңеймін. Оны жақсы көргендіктен осының барлығына шыдап келдім. Ұрып жатқан кезде, Алла тағаладан басқа өмірді сұрайтынмын. “Басқа өмір болса, мені сол жаққа алып кетші” деп тілейтінмін.

14565098_931667610311314_917109537855504384_n

– Алла  тағала сізге басқа өмір емес, басқа ер азамат сыйлады. Екінші жолдасыңызбен қашан таныстыңыз?

– Шынымды айтсам, екінші жолдасыма мен өзім үйлендім. Жалғыз жүруден шаршап кеттім. Әріптестерім мен достарым менен күйеулерін қызғана бастады. Күйеулері маған жақсы сөз айтып қалса, мені жақтырмайтын. Олардың күйеуі маған керек те емес. Бұл сахнаға қайта-қайта шығып, жаңа бейнебаяндар шығарып жүрген кезім болатын. Менде пәтер де, ақша да, атақ та болғанымен, әйел бақыты болмады. Пен де болған соң, біз де ет пен терден жасалдық қой. Бір күні төсектен тұра алмай, дене қызуым 40 градусқа дейін көтеріліп ауырдым. Сол сәтте “Жұлдыз болып, дүние тапқанымды қайтейін? Мен әйел ретінде бақытсызбын ғой” деп ойладым. Айнаға қарап отырып, қатты жыладым. Балам ол кезде Астанада оқып жатты, туысқандарым әркім өз ісімен жүр. Осыдан кейін үш ай бойы Алла тағаладан бір жақсы азамат беруін тіледім. Сөйтіп бір ай ішінде тұрмысқа шығып кеттім.

– Тұрмысқа шықтыңыз ба, үйлендіңіз бе?

– Бір күні екінші жолдасыма “Енді кішкентай балалар емеспіз. Қашанғы осылай жүре береміз? Бірге тұрып көрейік, мен қыз туғым келеді. Осындай арманым бар” дедім. Ол да өзінің бір ғана ұлының бар екенін айтып, келісті. Сөйтіп бір айдың ішінде апыр-топыр той жасап жібердік. Содан кішкентайлы болу үшін барымызды салдық. Экоға барып емделдім. Ақыры көтердім. Бірақ әдеттегідей той мен концерттерге барып жүріп әлгі баланы өлтіріп алдым. Бала ішімде бір ай бойы өліп жатқан екен. Күнде жаман түстер көріп жүрдім. Артынша дәрігерге барып, баламнан айырылып қалғанымды білдім. Мен үшін бұл өте ауыр жағдай болды. Асанды “Неге мені дер кезінде тоқтатпадың? Неге концертке барма деп айтпадың!”деп кінәлай бастадым.

– Сөйтіп айтса, тоқтар ма едіңіз?

– Иә, тоқтайтын едім. Осы оқиғадан кейін арамыз суып кетті. Құдай бермеген шығар. Мен оның басқа әйелі бар екенін біліп жүрдім. Гастрөлдік сапарға кетіп жүрдім, арасында істейтін екінші жұмысым болды. Бір жаққа демалып келу туралы ұсыныс тастасам, ол бәрінен бас тартты. Шетелге тегін демалыстардың өзіне көп бармады. Іштей сезсем де, көп арам ойға берілмедім. Маған “Саған не болды? Біртүрлі болып жүрсің ғой?!” дейді. Мен бәрінің дұрыс екенін айтамын. Ары қарай бұл тақырыптағы әңгімені өрбітпеуге тырысамын. Бір күні оған басқа әйелден балалы болуға рұқсат бердім. Ер азамат ретінде оны қатты аядым. Ол бұл ұсынысыма да көнбеді, ешкіммен кездесіп жүрген жоқ екенін айтты. Соңында бекер күйеуге шыққан екенмін деп қатты өкіндім.

– Сол адаммен бақытты болдым деп ойлайсыз ба?

– Жоқ, мұның барлығы менің қиялым еді. Менің әлемімдегі жасандылық еді. Әдетте ішімдегі дүниелерді сыртқа шығармайтынмын. Мұны ұят деп білдім. Үнемі достарымыздың арасында “Асекең жақсы. Осының барлығы Асекеңнің арқасы” деп мақтап отырдым. Бір күні Айгүл Иманбаева “Бәрін өзі істеп отыр. Асекеңнің арқасы деп өтірік айта бермеші” деді. Мен осы сөздерден кейін кәдімгідей ойланып қалдым. Құдай өзі кешірсін, қазір еркектерге 100% сенемін деп айта алмаймын.

– Екі рет тұрмыста болдыңыз. Екі ретте де себеп бір болған сияқты. Күйеулеріңіз басқа әйелдерге барып жүрді. Өзіңізге кінә тақпайсыз ба?

– Әрине, менде де кінә бар. Өйткені мен оларға қатты сендім. Әпкелерім мұндай оқиға бастарынан өткен соң, “Неге сенесің?” деп ұрсатын… Екеуіміз бірге соққан үш қабатты үйде мен екінші жолдасыма сыйлап кеттім. Сол үйге сұраған ақшасын беріп, ішін әдемілеп отырған едім. Шыны керек, еркекке тиесілі тірліктің 40%-ын мен істеп отырдым. Қыс кезінде сол үйдегі заттардың барлығын далаға лақтырдым да, күйеуіме “Садақа болсын” деп тастап кеттім. Ол “Неге бұлай айтасың?” деп ренжіді. Бұдан басқа амалым болмады.


Жіберіп алмаңыз:

Баян Есентаева анасына пластикалық ота жасатты

Жанна Әбуова ұлының әкесін «тауып қойған» желі оқырмандарына жауап берді

Серік Ибрагимовтің боксшымен түскен суреті жанкүйерлерін күлкіге қарық қылды

Әйгілі Белуччиді дыбыстаған актриса өз әйелін балталап өлтірген таксистен қалай құтылғанын айтты

Талқылау