“Шашын жұлып, тепкіге алған”: Енесінен қорлық көрген көпбалалы ана дағдарыс үйінде тұруға мәжбүр

29 жастағы Мақпал Ахметова бес баланың анасы. Тұрмыс құрғанына 6 жыл болған. Алайда тұрмыс құрған күнінен бастап енесінен қорлық көріп келеді. Қазіргі уақытта құндақтағы баласымен дағдарыс орталығын паналап отыр. Кішісі 3 айлық болғандықтан, көпбалалы ананың тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндігі жоқ.

"Шашын жұлып, тепкіге алған": Енесінен қорлық көрген көпбалалы ана дағдарыс үйінде тұруға мәжбүр
Бұл туралы КТК арнасының “Астарлы ақиқат” бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz.

Мақпал Ахметова оқиғаның қалай басталғанын айтып берді.

“Енем, күйеуім, қайын әпкем – барлығымыз темір жолда жұмыс істеп жүргенбіз. Тойымызға 20 күн қалғанда бір рейс жасап келуіміз керек болған. Әріптестер енеме болашақ келініңді жу деген. Мен басқа вагонға кетіп қалып, қайта келсем, енем аспаз апайымызды ұрып тастапты. Мен келгенде олар төбелесіп жатты, ажыратпақшы болдым. Сол кезде сотталып кете жаздады. 4 миллион беріп, қайын ағам шығарып алды. Содан жанжал басталды. Мен сол үйге берекесіз келін болғандай, барлық кінәні маған артты. Қаралай бастады”, – деп еске алады Мақпал.

Осы жылдар ішінде енесі келініне бірнеше мәрте қол жұмсаған көрінеді. Алайда “ішпеген кезде енем жақсы адам” деген Мақпал оған шыдап жүре берген.

Соңғы Жаңа жыл мейрамы кезінде қайын енесі құрбыларының үйіне қонаққа бармақ болып, үлкен екі немересін ерте кетпек болған. Ара-тұра ішімдік ішетінін білгендіктен, Мақпал үлкен балалары Мирас пен Айзерені оған бергісі келмепті. Шу шығып кетпесін деп, қарсы сөйлеместен екі баласын әжесіне қолтықтатып жіберген. Алайда енесі сол күні балаларды кері әкелмеген. Келесі күні хабарласқанында балағаттап, тұтқаны қоя салған. Балалары үшін алаңдай бастаған ана енесіне тағы бір мәрте қоңырау шалған. Сонда ол: “Бір демалайын десем, маза бермедіңдер. Балаларыңды алып кет”, – деп айқайға салған.

“Кішкентай екі баламды күйеуіме тастап, құрбысының үйіне бардым. Кіргеннен мені бас салды. – Неге дамыл бермейсің? Звондай бересің, – деді. Демалса демала берсін, мен балаларымды алып кетейін десем, құрбыларымен бірге жабылып аузына келгенін айтты. Қашып шығып, бірінші қызымды таксиге отырғыздым. Екінші ұлымды алып кетейін десем, күртесін кигізбей тұр. Бермеймін деді” – деген Мақпал бұдан кейін үйтіп-бүйтіп балаларымен бірге қашқанын айтады.

Сол күні кешке енесі ұлы мен келіні тұратын үйге келген. Аяқ киімін шешпестен Мақпалдың шашына жармасқан кісі оны үйден қуып шықпақ болыпты. Бір уыс шашын жұлып алып, келінін тепкіге алған.

“Күйеуімнің артына тығылайын десем, ол кіші ұлым мен қызымды ұстап отыр. Қашамын, ұстап алып ұрады. Ақырында аяғымда носки де жоқ, үстімдегі футболкамен қашып шығуға тура келді. Көршілерден көмек сұрадым. Үйге келсем, есікті ашпайды. Дала қар, сағат 12-ге дейін тұрдым”, – дейді Мақпал.

Енесі басылып, ұйқыға кеткен соң, күйеуі есікті ашып, Мақпалды үйге кіргізген. Енесінен әбден қорлық көрген келіншек таңертеңгісін қашуға бел буады. Алайда не құжатын, не телефонын таба алмайды. Енесі тығып қойған.

Бұдан кейін ауыл ақсақалдары келіп, ене мен келінді табыстырған. Олардың көзінше келінімен бітімге келген енесі кейін қайта ұрыс шығарған. Ақырында Мақпал балаларымен бірге дағдарыс орталығынан бір-ақ шыққан.

Мақпалдың күйеуі Марат Ахметов бұл оқиғаның бұрын басталғанын және шешімі жоқ екенін айтады. Ол келіншегіне қайта бірге тұруға, бөлек шығуға ұсыныс жасаған. Алайда Мақпалдың сөзіне қарағанда, енесі бауырына басқан немересін сылтау етіп, балалардың бөлек өмір сүруіне мүмкіндік бермейді.

“Мен әкесіз өскеннің қандай екенін білемін, өз балаларымның әкесіз өскенін қаламаймын. Сол үшін де балаларымның артынан, Мақпалдың артынан барамын десем, анам: – Барсаң бар, онда менің жаназама да келмей-ақ қой деп айтады”, – дейді Марат.

"Шашын жұлып, тепкіге алған": Енесінен қорлық көрген көпбалалы ана дағдарыс үйінде тұруға мәжбүр

Көпбалалы әке әртүрлі қара жұмыстар жасап жүр. Алайда 70 мың теңгенің күнкөріске жетпейтінін айтады.

Қоғам белсендісі Гүлнар Семейхан көпбалалы отбасыға ата-анасынан қалған үйді ұсынды. Ол үшін ақша сұрамайтынын айтты. – Тек үйге бас-көз болып отырсаңдар болды, – деді.

Бағдарлама соңында студияға Марат мен Мақпалдың балалары келді. Сарапшылар ердің де, әйелдің де мейірімді әрі адал жандар екенін байқап, оларға бақыт тіледі. Алдағы уақытта бірге болуын тіледі.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр