Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шарапова All Davay тобынан 4 миллион теңге талап етуінің себебін түсіндірді

“Негры” тобының солисі Диана Шарапова All Davay тобын сотқа беріп, олардан 4 миллион теңге талап еткен болатын. Диана Шарапованың продюсері Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында аталған топтан 4 миллион теңге талап етуінің себебін түсіндірді.

image

Фото: instagram.com/dianasharapova_official/

Мұны естіген Шоқан Маратұлы әншінің бұл әрекетін ақымақтыққа балап, талас тудырған әнді бала күнінен естіп жүргенін айтқан-ды.

Енді міне іс насырға шауып, әншілер өз құқықтарын заң алдында қорғауға кірісті. Диана Шарапова мұнымен қатар, көп ақпараттың ел құлағына дұрыс жетпей жатқанын тілге тиек етті.

Шоқан Маратұлы осыған дейін тілшімізге берген сұхбатында Роман Мироновпен ортақ шешімге келе алмағанын, қажет болса құқықтарын заң алдында толықтай қорғай алатынын айтқан болатын. Алайда Роман Миронов керісінше сотта өздерінің жеңіске жететінін айтып жатыр.

“Кез келген әннің авторы болады. “Новогодний бал” әні авторлық қауымдастықта тіркелген. Ән авторы Еркін Төлебаев өзінің төл туындысын Диана Шараповаға берді. Қазір қолымызда All Davay тобының құқығымызды бұзғанын, аталған әннің бізге тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттар бар”, – дейді продюсер. Мұнымен қатар, Шоқан Маратұлымен сотқа дейін бірнеше рет жолығып, барлығын өзара шешуге тырысқанын айтып өтті.


Жіберіп алмаңыз:

“All Davay” солисі өздерін сотқа берген Шарапованың әрекетін ақымақтыққа теңеді

Диана Шарапова Сергей Зверевке қазақша ән айтуды үйретті


“БАҚ өкілдеріне ақпарат дұрыс жетіп жатқан жоқ. Қажет десеңіз, мен оған талай рет қоңырау шалғанымды дәлелдей аламын. Жүз рет қоңырау шалып, дастархан басында бірнеше рет жолықтық. Мен де ол жерге ұрысып, жанжал шығару үшін барған жоқпын. Бар болғаны қазақстандық екі артистің бір жыл ішінде бірдей туындыны алып шығуының тиімсіз екенін түсіндіргім келді. Қарап тұрсаңыздар бұл ақылға сыймайтын дүние ғой. Осы әділетті ме?”, – дейді ашынған продюсер.

Мироновтың сөзіне сенсек, бұлай ашулануына себеп бар көрінеді. Өйткені Сергей Зверевпен бірігіп түсірілген “Новогодний бал” әнінің бейнебаянына 20 мың доллар, аранжировкасына бір жарым мың доллар жұмсалған. Бұдан өзге жол пұлы мен жатын орын, тамақ ақшасы бар.

10499279_336164269842131_1073992199_n

Фото: instagram.com/alldavay/?hl=ru

“Біз маңдай терімізді төгіп осыншама жұмыс атқарған кезде бір артист пайда болып, қолыңдағыңмен бөлісуді сұрайды. Авторлық құқықтың кімге тиесілі екенін шетке ысырғанның өзінде, мұның нағыз еңбек екенін бағалау керек қой. Ал, 4 миллион айыппұлды біз емес, заңгеріміз тағайындады. Өйткені All Davay тобының жігіттері ұзақ уақыттан бері біздің құқығымызды бұзып келеді”, – деп продюсер осы істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Қос әнші өз әрекеттерін түсіндіріп, сотта жеңіске жететіндеріне бірдей сенімді. Десе де кімдікі дұрыс немесе бұрыс екені әзірге белгісіз. Оны сот үкімінен кейін білетін боламыз.

Талқылау