Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шахмат федерациясы Бибісара Асаубаеваның Ресей құрамасына ауысып кетуіне қатысты пікір білдірді

Қазақстанның шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко 12 жасар Бибісара Асаубаеваның Ресей шахмат федерациясына ауысып кетуіне қатысты пікір білдірді.

Бибисара Асаубаева

Бұл туралы Қазақпарат жазды.

«Мен алдымен спортшылардың, соның ішінде Асаубаеваның қалай қаржыландырылғандығынан бастағым келеді. Негізгі қаржыландыруды спортшылар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Ұлттық штаттық команда және спорттық резерв дирекциясы» арқылы алып отырады, оларға демеушілер де көмек қолын созады. 2013-2015 жылдары аралығында Асаубаева Астанада орналасқан Астана әкімдігіне қарасты «С.Х.Омаров атындағы шахмат клубынан» алып келген.

Шахмат клубынан ҚШФ атына түскен хатта атап көрсетілгеніндей, үш жылдың ішінде жас шахматшыға клуб 7 млн. 608 мың 436 теңге бөлген. Таңжарықова 2012 жылдың қаңтарынан бері «Ұлттық штаттық команда және спорттық резерв дирекциясында» шахматтан бапкер болып қызмет істейді және  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінен ай сайын қаржыландырылады (жалақы алады). Бұл туралы ҚШФ атына министрлік тарапынан келген ресми хат растап отыр. Қазақстанның шахмат федерациясы шахматшыларды қосымша қаржы көзі болып қана қызмет етеді», – деді Грищенко.

Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы 12 ақпан күні ҚШФ атына юниорлар арасында 4 дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның менеджері әрі анасы Лиана Таңжарықовадан хат келген. Ол хатта спортшының анасы Бибісараға төленетін ай сайынғы шәкіртақыны 33 мың теңгеден 55 мың теңгеге жоғарылатуды сұраған. Таңжарықова хат соңында федерацияның мұндай қарым-қатынасы жалғаса беретін болса, федерациядан кететіндігін мәлім етті.

Федерация өз кезегінде, Асаубаева болашағынан үміт күттіретін спортшы болғандықтан, оның таланты мен еңбегін ескере отырып, спортшыға халықаралық турнирлерде қосымша қаржылық көмек қарастыруды дұрыс деп тапты.

«Ол туралы мен Таңжарықоваға хабарласып, айтқан болатынмын және оның бұл жаңалыққа оң көзқарас танытқаны анық еді. Содан кейін Таңжарықовадан ҚШФ атына ешқандай өтініштер келген жоқ. Осылайша бұл мәселе шешімін тапқандай көрінген», – дейді ҚШФ атқарушы директоры.

Дегенмен 30 мамыр күні Таңжарықовадан  қызының «басқа федерацияға ауысуына байланысты» ҚШФ қатарынан шығару туралы өтініші келіп түсті. Кейін анықталғанындай, Асаубаева Ресейдің шахмат федерациясына қабылданған.

«ФИДЕ ережелеріне сәйкес, спортшының федерациядан шығу туралы өтініші түскеннен кейін, 3 айдан соң шахматшы автоматты түрде өзге федерацияға қабылдана береді. Аталған мерзім аяқталмас бұрын, 19 тамызда біздің федерация оның қызы басқа федерацияға өту туралы шешімін растайтындығын білу мақсатында Таңжарықоваға сауал жолдады. Алайда ешқандай жауап келмеді. Осыған орай, Асаубаева 26 тамыздан бастап, турнирлерде Ресейдің шахмат федерациясының атынан шығатын спортшы деп танылды», – делінген Грищенконың хабарламасында.

Талқылау