Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Серік Сәдуақасов: Қытайдан келген адамдарға жолды салуға көмектесейік

2018 жылдың 6 тамызында ШҚО-ға қарайтын Үржар ауданының Қарақол ауылында қазақ-қытай халықтарының қарым-қатынасын  нығайтып, Қытай мен Қазақстан арасындағы маңызды жобаның жоспарларын талқылауға арналған мерекелік шара өтті. Жергілікті Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға Талдықорған-Өскемен жолдарын жөндеп жатқан қытайлық Citic Construction компаниясының өкілдері қатысты. Көрші елден келген компания өкілдері қазақ дәстүрімен танысып, өнеріне тәнті болды. Жиында қандай мемлекеттік маңызы бар тақырыптардың талқыланғанын білу үшін  Stan.kz ақпараттық агенттігі ұсынған мақаламен танысып шығыңыз.

Қыркүйек айында Citic Construction компаниясы Талдықорған — Өскемен қалаларының аралығындағы жолды қайта құруды жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттік құндылығы бар жоба күллі Қазақстан үшін маңызды десек, артық айтқанымыз емес. Осыған орай тамыздың 6 жұлдызында қытайлық компанияның өкілі, яғни жоба директорының орынбасары Ян Бо, Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдуақасовпен кездесіп, Талдықорған — Өскемен жобасына қатысты жоспарларымен бөлісті. Жақсы нәтижеге жету үшін екі халықты бірігіп жұмыс істеуге, бірлік пен татулыққа шақырды.

Серік Сәдуақасов Талдықорған — Өскемен жолдары құрылысының маңыздылығына тоқталып өтті. Жергілікті халықтан жобаны жүзеге асыру үшін компанияға көмектесіп, жолмен жүргізілетін жұмыстарға атсалысуға шақырды:

“Батыс Еуропа — Батыс Қытай жобасының аясында  жолдың салынып жатқанын білесіздер. Citic Construction компаниясы Талдықорған — Өскемен  жолдарын салуға атсалысып отыр. Біз бүгінгі күні осы компаниямен қосылып, көптеген жұмыстарды бірге жасайық, себебі жол жақсы болса, өзіміздің халыққа да жақсы. Жолдың  көп дүниені шешетіні белгілі”, — деді ол сөз басында.

Сонымен қатар, Серік Сәдуақасов екі ұлт арасындағы достықтың, татулықтың күллі Қазақстан үшін қымбат екенін де атап өтті:

“Бүгінгі шарамыз, осы екі ел арасындағы достықты нығайтып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай президенті Си Цзиньпеньнің тапсырмасын орындауға арналған. Біз  елімізге, жерімізге тиісті жиындарды өткізіп, жол мәселесін шешу үшін осында жиналып отырмыз. Көршілерімізбен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болайық”, — деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары.

Серік Сәдуақасов компанияның қызметкерлеріне деген қарым қатынасына да тоқталды:

“Citic Construction компаниясы қыркүйек айында қызметін бастаған соң, Қарақол, Шолпан ауылының азаматтарын түгел жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.  Қазір компанияның қарамағында Қарақолдан отыз, Шолпан ауылынан сегіз адам жұмыс істейді екен. Жақында компанияда еңбектеніп жүрген жұмысшылармен  кездестім. Басқа жерден келіп жұмыс істейтін адамдардың қай жерде қалай жататынын өз көзіммен көрдім. Барлығына бірдей жатақхана бөлінген екен. Қолайлы жағдайлардың барлығы жасалған. Осыған байланысты Қытай елімен  көрші болған соң, осында еңбектеніп жүрген жұмысшыларымыздың түгеліне келешекте татту тәттілік тілеймін. Қытайдан келген адамдарға жолды салуға көмектесейік. Осы арқылы біз еліміздің, жеріміздің береке-бірлігін көрсетеміз. Мен осы компанияның басшыларына да  қай уақытта болсын хабарласыңыздар, біз дайынбыз. Біз әрдайым халқымызды, азамат пен азаматшаларымызды тату-тәттілікке бірлікке шақырамыз деп айтқанмын”, — деді ол.

Салтанатты шарада Citic Construction компаниясының жобасына жауапты директордың орынбасары Ян Бо да жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, жоба маңыздылығына тоқталып өтті:

“Ең алдымен Серік Сәдуақасовқа және халыққа бізді осы шараға  шақырғандары үшін алғыс айтқым келеді. Өздеріңіз білетіндей 2013 жылы Қытай мемлекетінің президенті Си Цзиньпин Назарбаев университетіне келгенде халықты “Бір белбеу — бір жол” бағдарламасын айтып өткен болатын. Бір жол деп айтып отырғанымыз “Жібек жолы”. Ал 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға іс сапармен келгенде екі мемлекеттің басшылары “Бір белбеу — бір жол” бағдарламасы мен “Нұрлы жол” бағдарламасын біріктіру туралы шешім қабылдаған еді. Осылай  2016 жылы Citic Construction мен “ҚазАвтоЖол” Талдықорған — Өскемен жолдарын қайта жөндеу жөнінде келісімшартқа отырған. Сондықтан біз осы жобаны іске асырғымыз келеді. Ал оны жүзеге асыру үшін біз жергілікті мамандармен жақсы қарым-қатынаста болу керекпіз. Неліктен? Себебі, олар бізге қарағанда сіздердің заңдылықтарыңызды, талаптарыңызды жақсы біледі. Біздің қарамағымзда қазіргі күні 420 жергілікті мамандар жұмыс істейді. Олардың ішінде инженерлер, машинистер бар”, — дейді ол.

Ян Бо Талдықорған — Өскемен жолын салу барысында тек қытайлықтардың ғана емес, қазақтардың да қолдауы маңызды екеніне тоқталды. Қытай мен Қазақстан президенттерінің тапсырмасы жақсы орындалу үшін екі ұлт жұдырықтай жұмылу керек:

“Мен болашақта осындай шаралар көптеп өтеді деп үміттенемін. Біздің қытайлық мамандар қазақ елінің мәдениетімен жақынырақ танысып, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас жақсара түседі деп ойлаймын. Сонымен қатар, Citic Construction компаниясының мемлекеттік компания екенін атап өткім келеді. Мемлекеттік компаниялардың мойнына әлеуметтік міндеттер жүктеледі. Екі ел арасында келісім орнағаннан соң, біз өз міндеттерімізді орындауымыз керек. Ал ол үшін бізге сіздің көмегіңіз керек. Бір-бірімізбен жақынырақ танысайық. Сонда біздің ісіміз оң жемісін береді. Осы орайда біз осы елге екі мемлекет пен  президенттердің арманын орындау үшін келдік деп айтқым келеді. Сіздермен бірге біздің жобамыз жақсы жетістіктерге жетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, жоба аяқталған соң екі халықтың достығы жаңа деңгейге көтерілетініне сенімдімін”, — дейді жоба директорының орынбасары Ян Бо.

Бүгінгі күні еліміздің азаматтары жолдың қолайсыздығынан бұл жолға көлікпен шыққылары келмейді. Оның үстіне осы жолдарда орын алған ЖКО оқиғаларының көптігінен адамдар бұл жолмен жүруге сескенеді  десек, артық айтқанымыз емес. Салтанатты шарада жолмен жүргізілетін жұмыстар талқыланды. Қытай елінен келген қонақтардың құрметіне әншілер қазақ, орыс, қытай тілдерінде ән шырқады, бишілер биін биледі.

Ян Боның сөзінше, ол Ресей мемлекетінде болған кезде осындай мерекелік шараларға қатысқан. Бірақ қазақтардың жиындары басқа елдермен салыстырғанда дәстүрлілігімен, мәдениетімен ерекшеленеді екен. Концерттен соң, қазақ елі қонақжайлық танытып, қонақтарға ақ дастарханнан дәм татқызды. Қонақтың алдына дәстүр бойынша қойдың басы қойылды, шұбат та берілді. Өз кезегінде ол қазақ елінің дәстүріне білдірді.  Сонымен қатар, Ян Бо Мәдениет үйінің кітапханасын көріп, қазақ тарихы, Елбасы жайлы жазылған кітаптармен танысып шықты.

Ян Бо жиында айтылған дүниенің барлығы іс жүзінде жүзеге асады деп ойлайды. Ол Үржар ауданының әкімінің орынбасары Серік Сәдуақасовпен бірге қазақстандықтар үшін оқу орталығын ашу туралы шешім қабылдады. Қытай мамандары  қазақ азаматтарына жер жұмыстарына қатысты мамандықтарды игеруге көмектеседі.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау