"Сене алар емеспін": Жамбылдық кәсіпкерлер көпбалалы аналарды пәтер сыйлап қуанытты

Жамбыл облысы Сарысу ауданының жеке кәсіпкерлері Рамазан айында көпбалалы екі отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Байқадам ауылдық округінің тұрғыны, бес балалы ана Күлзира Абдуллаева жеке үйі болмағандықтан, көп жылдан бері пәтер жалдап келген. 

«Осындай қуанышқа толы күнді ұзақ жыл күттік. Қамқор азаматтың арқасында жеке баспанамызға қоныстандық. Тоқтасын Біләлиевтің өзі де көпбалалы отбасынан шыққанын білемін. Оған аналық алғысымды білдіремін. Үйлі болғанымызға сене алар емеспін. Ел азаматтары мұқтаж жандардың игілігіне қызмет етсе деймін. Өңірдегі бизнесмендер осы бастаманы жалғастырып, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмектессе әлеуметтік мәселелер реті азаяр ма еді», - деді ол.

Сарысу ауданының құрметті азаматы, «Алтын-Орда 2006» ЖШС директоры Дәулеталды Жанбаев жеті баласы бар жалғызбасты ана Гүлсана Қалиеваға үш бөлмелі пәтер кілтін табыс етті. 

«Өзімізге тиесілі баспана болса екен деп тілейтін едік. Жомарт алғысым шексіз. Бір балам мүгедек. Балаларымды жалғыз өзім қалай өсіремін, пәтер кезегімді күтіп алаңдайтынмын. Қасиеті мол Рамазанда күтпеген жаңалықты естіп қатты қуанды. Пәтер жап-жаңа, жарық әрі кең екен», - деді көпбалалы ана. 

Кәсіпкерлер осындай игі істер жасау парыз екенін айтып, әрбір бизнесмен Рамазан айында бір отбасын қуантса, баспана мәселесін шешуге үлесін қосар еді деген пікірде.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр