Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат депутаты: Қазақтың тойды кеш бастайтыны – ең басты әдепсіздік

Қазіргі таңдағы өткізіліп жатқан тойларға заңды тұрғыда шектеулер қойылу қажет. Мұндай пікірді Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Бақтиярұлы «Қазақстан» телеарнасының «Басты тақырып» бағдарламасында берген сұхбатында білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Сенат депутаты: Қазақтың тойды кеш бастайтыны – ең басты әдепсіздік

Жақын арада Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев той жасаған кезде артық ысырапшылдыққа жол бермей, той өткізу форматын қалыптастыру керек екенін атап өткен еді.

Осы орайда қойылған сұрақтарға жауап берген Сенат депутаты Мұхтар Бақтиярұлының айтуынша, қазір тойларды өткізу кезінде қазақтар көптеген кемшілікке жол береді.

«Атап айтсақ, қоғамда «той тойлаудың синдромы» деген ұғым бар. Бұл адам баласы дүниеге келгеннен бастап өмірден озғанға дейінгі шағының той тойлаумен өтетіндігі. Бүгінгі тойлар қазақ қоғамын деградацияға ұшыратуда. Бұлай болудың басты себебі – тойлардың көпшілігінің банктерден кредит алып жасалынуы. Статистикаға қарайтын болсақ, екінші деңгейлі банктердегі кредитердің сексен пайызға жуығы тұтыну кредитіне жатады. Ал тұтыну кредитіне халық дүние алады, той жасайды», – дейді халық қалаулысы.

Ал той кезіндегі ысырапшылдыққа келсек, маманның пікірінше, ысырапшылдыққа қарсы көрші мемлекеттер мысалында заң енгізу керек. Деректерге сенсек, 2007 жылдан бері той жасау туралы заң қабылдаған Тәжікстан мемлекеті осы уақытқа дейін бес миллион доллар қаражатын үнемдеген екен.

«Біз өзбек, қырғыз, тәжіктермен туыстас халық болғандықтан, солардың мысалында ұқсас шектеулер енгізуімізге болады. Әрине, халық әркім өзі біледі деген пікірде болуы мүмкін. Той халықтың қазынасы, бірақ сол қазынаның өзінің құқықтық реттелуін қадағалау керек. Тіпті, статистикаға көз жүргіртсек, 2017 жылы үйленген жұптардың отыз пайызы ажырасып кеткен. Сол үйлену тойларын жасау үшін қаншама миллиондаған ақшалар кетіп, кредиттер алынды.

Ал екінші статистикаға қарасақ, Қазақстанда күніне отыз мыңға жуық ірі қара сойылады екен. Ал сол малдың көбі тойлар мен астарға сойылатыны белгілі. Міне, сонда ысырап деген осы», – деп наразылығын танытты Мұхтар Бақтиярұлы.

Сонымен қатар, депутат тойларға без жүзден астам қонақ шақырған – даңғойлық, көрсеқызарлық және той мәдениетінің өте төмендігін білдіретінін атап өтті. Және мұның бәрін заңнамалы актілермен қадағалау керек екенін айтты.

Әлеуметтік желіде тарап кететін тойларда болған адам шошырлық әдепсіздіктердің саны күн санап өсуде. Бұған қатысты ойын білдірген Сенат депутаты «тойдағы басты әдепсіздіктің бірі – ол тойдың қонақтардың тойға кеш келіп, сол себепті оның кеш басталуы» дейді.

«Келесі әдепсіздік – тойға қалталы, шеңді азаматтарды шақыруға деген құмарлық. Жас жұбайларға арналып өткен тойларда оларға көрсетер ешқандай тәлім болмайды. Ата-бабаларымыз тойларды мәнді де мағыналы қылып өткізген, ал бүгінгі тойлар өкінішке орай ешқандай тәлім-тәрбие бермейді. Сондықтан, қазақ салтының әдет-ғұрпына жат дүниелерге де тиым салуымыз қажет», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Тақырыпты қорытындылай келе, халық қалаулысы әр тойдың өткізілу форматын құру керектігін, белгілі тойларға шақырылатын адам санын, ас мәзірін қадағалау туралы заң қабылдағанды мақұлдайтынын мәлімдеді. Және бұл Қазақстанның барлық азаматына қатысты, лауазымы мен материалдық жағдайына байланысты бөлінбеу керек заң екенін айтты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау