Семейде еріген қар суына батқан жүргізушілер көлігін ескекпен есіп жүр
Еліміздің қос бірдей қаласы еріген қар суынан зардап шегуде. Семейде күн күрт жылынып орталық көшелері суға толды. Бүгінде көлшікке айналған жолдарда жаяу жүргінші тұрмақ, көлік қозғалысы қиындаған, деп хабарлайды КТК.
Ал Оралда жағдай тіптен ушығып тұр. Қала шетіндегі бүтіндей бір ықшамаудан сумен араласқан саз балшықтың астында қалды.
Оралдың ми батпағына батқан көліктерін жүргізушілер жол бойына тастап кетуге мәжбүр. Тіпті, науқастарға жедел жәрдем келуден қалған. Ал оны шақыртқандар бір сағат қашықтықтағы құрғақ жерге өз бетімен шығуы тиіс. Бұл, әсіресе, мектеп оқушыларына обал деп отыр. Өйткені балаларды тасымалдайтын автобус жүргізушісі де балшық басқан аймаққа кіруден бас тартқан.
“Мына мектепте Уазик те, үлкен автобус та бар. Осы жерге келіп тоқтайды. Жұрт бала-шағасын алып алыстан келеді. Олар балшықта баласын сүйреп жаяу жүреді. Осы жерге тоқтап, осы жерден мінеді”, – деп хабарлайды Орал қаласының тұрғыны Мерхан Құсманов.
Оралдықтардың жергілікті билікке деген өкпелері қара қазандай. Айтуларынша, қанша хабар берілгенімен көмек келмепті. Шенеуніктер болса, қар суын тазартып, тозығы жеткен жолды қалыпқа келтіруге уәде берді.
Қар суы Семейліктерді де әбден әбігерге салды. Мұнда, шеткері көшелерді қойып, орталығының өзі көлкіген көлшікке айналған. Қазір жиналған қар суының тереңдігі кей жерлерде 30 см-ге жетеді. Көлшіктерді үш тәулік бойы сорған 20 техника құрғата алар емес. Ең қиыны, жол жиегінде су ағатын арық қарастырылмаған. Осы себепті жол жиегіндегі үйлердің тұрғындары баспаналарын аман сақтап қалу үшін қолдан бөгет жасап әлек. Алайда, құм толы қаптарға қар суы бой беретін емес. Жер үйлердің басым бөлігі су шайып кетудің аз-ақ алдында тұр.
“Қазір қауіпті аймақтарда жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, Жоламан кентіне қатынайтын жолдағы темір жол өткелін судан тазаладық. Өйткені ол жерде үлкен шұңқыр бар. Міне, осындай жерлерді бірінші орынға қойып отырмыз. Сондай-ақ, тұрғындарға инерттік материалдар жеткіздік. Бірақ оларды су басты деген хабар әлі түспеді”, – дейді Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Юрий Пазына.
Тиісті орындар биылғы топан суды жауын-шашынның көп мөлшерде түсуімен байланыстырады. Бірақ бұл жағдай, яғни қар суының қалалықтарды қарбаласқа салуы бірінші рет емес. Әйтсе де, осыны болдырмауға септігін тигізетін арықтардың қашан қазылатыны белгісіз. Ал онсыз қызыл су семейліктердің көктем сайынғы машақаты болып қала беретін түрі бар.