Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде бұрын сотталған ер адамды ұрлық үстінде ұстаған полицейлердің өзі сотталып кетті

Семейде бұрын сотталған ер адамды ұрлық жасауға мәжбүрлеген полиция қызметкерлерінің ісіне қатысты негізгі сот отырысы өтіп, үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

Семейде ер адамды ұрлық үстінде ұстаған полицейлердің өзі сотталып кетті

Оқиға былтырғы жылдың қыркүйек айында орын алған.

Іс материалдары бойынша, полиция қызметкерлері бұрын сотталған тұрғынды бренд киімдер сататын дүкенді тонауға мәжбүрлеген. Олар мұндай әрекеткен қылмыстың ашылу көрсеткішін көтеру үшін барған.  Алайда тұрғын олардың мұндай ұсынысынан бас тартады. Азаматты көндірмек болған полицейлер оған ақша да ұсынғанымен, иліктіре алмаған. Артынша олар бұрынғы полиция қызметкерін көмекке шақырады. Істің мән-жайын ұққан бұрынғы полицей ер адамды қорқытып, күш қолданады. Осылайша, оны дүкенді тонауға мәжбүрлеген. Мұнан кейін оны ұрлық үстінде ұстағандай кейіп танытыпты.

Алайда осындай жолмен қылмыстың ашылу көрсеткішін көтермек болған полицейлердің ойы іске аспады. Тонау әрекетіне қатысты тергеуді бұл іске қатысы жоқ тергеуші жүргізген. Ол тергеу барысында істің мән-жайын анықтап, шындықтың бетін ашады. Күдіктінің кінәсіз екені белгілі болып, іске қатысы бар үш полицей айыпталды.

«Семей қалалық №2 сотының шешімімен үш азамат кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – дейді Семей қалалық №2 сотының баспасөз қызметіндегілер.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау