Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде балалар алаңқайында сырахана құрылысы басталмақ

Семейде балалардың ойын алаңқайында сырахана ашылмақ. Мұны естіген тұрғындар жағасын ұстап отыр. Айтуларынша, «Жаңай Семей» ықшамауданында онсыз да дәмханадан көп нәрсе жоқ. Ал бөбектер бой жазатын орын жоқтың қасы деп хабарлады КТК телеарнасы.

jel-7

Сурет regabus.org

Оны еш ескерместен жергілікті билік сырахана ашуға жер берген. Ал ол жердің жаңа қожайыны жұрттың айтқанын жоққа шығарып, тіпті сасқанынан бизнес-жоспарымен бөлісе кетті.

Тай шаптырым аумақты алып жатқан балалар алаңқайына кезінде орындықтар қойылып, көгалдандыру жүргізіліпті. Бүгінде астаң-кестеңі шығып жатыр. Дабыл қаққан тұрғындардың айтуынша, қадасы қағылып құрылыс жүргізіліп жатқан демалыс орнынан сыра мен балмұздақ сататын жаздық кафе ашылмақшы екен.

Онсыз да бұл ықшамаудан төңірегін жайлаған үлкенді-кішілі дәмханадан көз сүрінеді. Ал мол пайдаға кеңелуді ойлайтын кейбір кәсіпкерлер келушілер үшін әжетхана мәселесіне бас ауыртпайды. Көрінген жерде дәрет сындырып, қала берді мастар түн баласы жұртқа тыныштық бермейді екен.

“Маңайдың бәрі сасиды. Ертең мына жерде бәрі сыра ішеді. Одан кейін қайта-қайта зәр шығарады. Әжетхана мәселесі қарастырылмаған”, – дейді Ермек Аманжолұлы.

Енді үсті-үстіне ашылған сыраханалардың кесірінен балалар ойнайтын алаң қалмай барады. Жер таппаған билік кітапхана мен әткеншектер тұрған алаңқай арасындағы аумақты сырахана ашуға келісім беріпті.

“Бұл жерде неше жылдан бері білім ошағы кітапхана тұр. Алаңға ата-аналар балаларын әкеледі. Ал біздің тарапымыздан тәлім-тәрбиеге қатысты түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Енді дәл осы жерге сыра сатқандарың қалай?”, – дейді ашуланған кітапхана меңгерушісі Балауса Қонысбаева.

Алайда наразылық білдірген тұрғындардың айтқанымен құрылыс жүргізіп жатқан қожайын келіспейді. Тіпті ол келушілерге арналған әжетхана мәселесін де қарастырып қойыпты. Спирттік сусын сату ойында да жоқ екен.

“Енді, біз кәсіпкер болған соң шығынды ақтауымыз керек. Ол жерге жаздық үстелдер қойылады. Келген халыққа сусын мен ыстық тамақ тұтынуға жағдай жасаймыз”, – деп уәж айтты кәсіпкер Нұржан Кульчигишев.

Әкімдіктің келісімін алған кәсіпкер жобасына сәйкес шағын саябақты бір айдың ішінде бітіремін деп тұр. Шамдар орнатып, бүркіт пен аттың бейнелерімен ұлттық нақышта безендірмек ойда екен. Жұмсалған шығынын ішімдік саудаламастан қайтармақшы. Дүрліккен жұртқа мұның қаншалықты шындық екені енді алдағы уақытта белгілі болады.

Талқылау