Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде үшемдерді өмірге әкелген отбасы баспанаға мұқтаж

Қазір олар жатақхананың тар бөлмесін жалға алып отыр. 25 шаршы метр жерге балақайлардың заттары тұрмақ, өздері әзер сыяды. Енді бұл отбасы шенеуніктер қолдау көрсетсе дейді. Ал жергілікті билік оларды тіпті пәтер кезегіне қоя алмайтындарын ашық айтты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

14-01-2016-atyrau-011-300x160

Сурет egemen.kz

Анна Миллер тұрмысқа шыққанан кейін араға 9 жыл салып өмірге үшем әкелген екен. Бүгінде шекесі торсықтай 2 ұл мен бір қыздың анасы атанып отыр. Ал мұндай жағадайда патша көңілдері түскен атқамінерлер кейбір отбасыларға баспана кілтін табыстайтыны тағы бар. Сондықтан аядай бөлмені паналаған Миллерлер жергілікті шенеуніктер көмек қолын соза ма деп үміттенген екен.

“Күйеуім әкімдікке барды. Ертеңінде олар бізге бір әйелді жіберді. Ол жағдайымызды бағамдап көріп, «сіздер ешқандай бағдарламаға жатпайсыздар. Егер, 4 бала болғанда көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тіркеуге алатын едік”, – дейді Анна Миллер.

Ата-анасы үшемнің заттарының алақандай бөлмеге сыймай жатқанын айтады. Оларды қоятын жер болмағандықтан, біраз дүниелерін таныстарына апарып тастаған. Ал шенеуніктер оларды тұрғынүй заңына сәйкес ешқандай топқа жатпайды деп отыр. Тіпті пәтер кезегіне де тұра алмайды екен.

“Отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істеген. Және көпбалалы отбасына да жатпайды. Содай-ақ, ҚР тұрғын-үй қатынастары заңында көрсетілген азаматтардың бір де бірінің санатына кірмейді”, – деді Семей қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Назым Жанболатова.

Қазір қалада пәтер кезегінде 10 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Ал, оның қатарына кіру үшін үшемнің ата-анасына төртінші сәбиді өмірге әкелуден басқа амал жоқ. Оның өзінде армандаған кең үйге бірден қол жеткізе алмасы да белгілі.

Талқылау