Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей жұрты сегіз жыл тұралаған мешіттің құрылысын аяқтауды сұрап отыр

Семейде 2008 жылы қадасы қағылып, салына бастаған жаңа мешіттің құрылысы тоқтап тұр. Оған бөлінген қыруар қаражат қабырғасын қалқайтып, коммуникациясын тартуға ғана жеткен, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

мм

Ал мамандар бұл жұмыстың өзіне 300 млн. теңге жұмсадық дейді. Енді шенеуніктер оның ішкі сылағынан бөлек төбесін ғана жабуға 120 млн қажет екенін алға тартып отыр. Тақырыпты тілшіміз Ұлан Нұрахмет сабақтайды.

Қалада Алла жолында құлшылық қылғандардың қарасы көбейген. Мұнда жұмыс істеп тұрған 11 мешітке жұма намазына келгендерден ине шаншар орын қалмайды. Жиналған мұсылман бауырлар амалсыз босағада тұрып сәждеге маңдай тигізуге мәжбүр. Енді құрылысы 8 жыл бұрын басталып, бел ортада тоқтап қалған зәулім мешіт аяқталса, бұл мәселе шешілуі мүмкін.

-“Басында құрылысын жақсы бастады. Бірақ естідік бөлінген қаражат Өскемендегі мешітке жұмсалды деп. Онда өзім бардым, зәулім мешіт салынған. Ал бізде қалды. Семей кезіндегі облыс деңгейіндегі қала ғой. Сондықтан осы жерге салса екен дейміз”, – дейді Семей қаласының тұрғыны Берік Жанғасханов.

Жергілікті имамдар сиырқұйымшақтанған құрылысты аяқтауға болады дейді. Өйткені, мешіт салу үшін басқа елдерден қаражат бөлінеді екен. Сондықтан діндарлар мүфтиат пен бай-бағландардан үміттеніп отыр.

-“Бізге бірінші қойылатын сұрақ осы. Мешіт қашан бітеді. Бізде қарап отырған жоқпыз. Қаладағы және Алматы, Астанада жүрген азаматтарға құлақ қағыс қылып жатырмыз. Мешіт бітпей жатыр деп. Егер, бітетін болса жақсы болатын еді”, – дейді Семей аймағы бойынша бас имам Мақсат Алтыбай.

Құрылысты аяқтамай тастап кеткен түрік компаниясының жобасына сәйкес мешіт сегіз қырлы болуы тиіс еді. Ырым бойынша сегіз  жәннат бар дегенді білдірген. Алайда шенеуніктер бұл жоба қалтаға салмақ салатындықтан жоспарды өзгертіпті. Соның өзінде Алла үйі толық бітпеген.

-“Сыртқы коммуникациялары, яғни жылу, су, кәріз құбырлары және электр жүйесі мешітке кіріп тұр. Қазіргі уақытта жертөлесінің орталары бөлініп толық істелген”, – дейді «Возрождение Семей» қорының өкілі Нұрлан Жүнісов.

Осы кезеңге дейін жалпы 300 млн. теңге жұмсалған екен. Бүгінде мұнаралары тұрғызылып, қабырғасы ғана қалқайып тұр. Мамандар төбесін жабу жұмыстарына шамаман 120 млн теңге керек дейді.Ал оны толық бітіріп ел игілігіне беру үшін жұмсалатын қап-қап қаражат жергілікті билікте жоқ.

Алғашында шенеуніктер құрылысты қайткен күнде аяқтауға ант-су ішіп, жұртқа жар салған еді. Енді,осындай  теңдессіз мешітті бітіруге теңгелері жетпей демеушілерге алақан жайып отыр. Егер олар бизнесмендерден де ақша ала алмаса, Алла үйінің осылай қаңырап қалатын түрі бар.

Жіберіп алмаңыз:

Қызылордадағы мешіттің жанын жастар ойын-сауық пен махаббат бекетіне айналдырып жіберген (фото)

Әлемде тұңғыш рет әйнек мешіт салынбақ (фото)

Атырау мешітінде намаз кезінде айқайлаған адамға айыппұл салынды

Талқылау