Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей қаласының зағип тұрғыны Астанадан айына 6 000 теңгеге пәтер сатып алды

Марат Әлиасқаровтың отбасы қымбат құрылғыларды қолданбайды, өз автокөлігі жоқ, тіпті, дәмханада тамақтануға ақшасын үнемдейді. Дей тұрғанмен, үйдің отағасы былтырғы жылы Астанадан пәтер сатып алды.

13221149_1717375891872001_8119634920695602486_o

Орташа мөлшерде жалақы алатын қазақстандықтардың еліміздің астанасынан пәтер алуға көп күш жұмсау керегі жасырын емес. Семей тұрғынының І топтағы мүгедек екенін ескерсек, оған екі есе артық күш салу кажет болғаны анық. Алайда Марат Әлиасқаров өз мақсатына қол жеткізді.

«Менің екі қызым бар – Томирис пен Жасмин. Тұңғышым қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мектеп-интернатта оқиды. Болашақта сол жоғары оқу орнында білімін жалғастырады. Сондықтан балаларым үшін Астанадан тұрғын үй алғым келді», – дейді Марат.

Ал өзі жұбайымен бірге Семейдегі пәтерінде тұрып жатыр. Бұл пәтерді кезінде ата-анасы сыйлаған екен. Ер адам зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған «Шамшырақ» клубында қызмет атқарады. Ай сайын алатын жалақысы мен мүгедектік бойынша жәрдемақысы бар.

«2009 жылы біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашып, ақша жинай бастадық. 3 жылға келісім шарт жасадық. Ай сайын 30 000 теңгеден ақша салып отырғанымызбен, есептеуіміз бойынша ақшамыз пәтер алуға жетпейтін. Пәтер бағасы өсуде еді. Сонда әпкемізден көмек сұрауымызға тура келді. Ол ауылдық жерде мұғалімдік қызмет атқаратын. Әпкеміз банктегі шотымызға қосымша 20 000 теңге сала бастады. Осылайша, біріге жұмылу арқылы бірнеше жыл ақша жинадық», – деп еске алады Семей тұрғыны.

1976883_1443984465877813_6533875527300291413_n

Әлиасқаровтар ақша жинай жүріп, үнемі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайтына көз жүгіртумен болған. Олар салынып жатқан нысандар туралы жаңалықтардан хабардар болып отырған-ды. 2013 жылы ҚТҚЖБ Астана қаласынан тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысуға арыз қабылданатыны туралы жариялаған.

«Біз жинаған ақшамызды есептеп көрдік. Бір бөлмелі пәтерге жетеді екен. Тіпті, артығымен жиналған. Тұрғын үй құнының 90%-ын жинаппыз. Арыз берген кезде, тапсырылған мерзімінің маңызы зор еді. Әр сағат пен минут та есептелетін. Пулға өткенімізді естігенде, қуанышымызда шек болмады. Төлем жасауға қабілеттілігімізді растауға шақырғанда, қатты қобалжыдық. Жұбайым – көз көруіне байланысты ІІ топтағы мүгедек. Банкте алатын жәрдемақыларымыздың бәрін, жалақымызды есепке алып, несие бойынша кепілге әпкемізді таңдадық. Осылайша өз пәтерімізге қол жеткіздік», – дейді Марат.

Салынып жатқан нысандағы тұрғын үйлер үлестіріле бастағанда, Марат Астана қаласына барып келген. Сол кезде көзі әлдеқайда жақсы көретін. Ол 5-қабаттан пәтер таңдаған.

«Мен – көз көруіне байланысты мүгедекпін. Мұның барлығы маған екі есе қиын болды. Бірақ, бір жақсысы, балаларымыздың болашағы үшін алдын-ала жағдай жасадық. Барлығын дұрыс жасадық деп ойлаймын. Біздің қолымыздан келді», – деп қуанады Марат.

Банк салымшысы пәтерді «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 5 млн. теңгеге алған. Негізгі соманы, яғни 4,6 млн теңгені өзі жинап қойған. Ал қалған 350 000 теңгені банктен ең төменгі пайыз бойынша 6 жылға қарызға алған. Ай сайынғы төлем шамамен 6 000 теңгені құрайды.

«Біздің, яғни мүгедектердің, жалақымыз төмен, өміріміз ауыр. Бірақ өмір сүруге болады. Мен бұл банкке сенім арттым. Себебі ол жайында елбасымыз ел алдында сөз сөйлеген кезде үнемі айтады. ҚТҚЖБ жұмысы үкімет деңгейінде қадағаланып, талқыланады. Бұл жыл сайын салымшыларына сыйақы төлейтін мемлекеттік банк. Ол бізді әр тиынымызды үнемдеуге үйретті. Біз сияқты топтағы адамдарға онсызда әрдайым үнемдеуге тура келеді. Алайда бұл жағдайда үнемшілдік өз пәтерімізге иеленуге көмектесті. Себебі үйің болмаса, белгілі тұрақ орның да жоқ болғаны», – деп түйіндеді банк салымшысы.

Талқылау