Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саясаткер: Назарбаев президенттіктен кеткенімен, іс жүзінде саясатта бола береді

Саясаткер Әміржан Қосанов Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін елдің болашағы қандай болатыны туралы пікірімен бөлісті. Назарбаев президенттіктен кеткенімен, іс жүзінде саясатта бола береді, дейді ол.

Саясаткер: Назарбаев президенттіктен кеткенімен, іс жүзінде саясатта бола береді

Сурет: globallookpress.com/vlast.kz/коллаж Stan.kz

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Өз сөзіне қатысты түсініктеме берген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтап отыратынын, әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізуге тікелей араласып отыратынын атап өтті. Бұл «Тұңғыш президент - елбасы туралы» заң және таяуда қабылданған Конституциялық кеңеске конституциялық мәртебе берген заң  аясында жүзеге асады.

«Президент қызметінен кетсе де, іс жүзінде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің басшысы ретінде өзінің формальді емес функциясын атқарады деп айтып отырмыз. Бірақ осыған қарап, болашақ екінші президенттің мәртебесін төмендетуімізге болмайды. Қалай болғанда да президенттің аты президент. Ол Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі бола отырып, Тұңғыш президентке бағына отырып өзінің саясатын жүргізуге тырысады», - дейді Қосанов.

«Меніңше, 19 наурыз тарихи күн. Олай дейтінім, осыған дейін тек қана сарапшылар, ел іші айтып жүрген биліктің транзиті формальді түрде, ресми түрде басталды. Және Назарбаев «Қасым-Жомарт Тоқаев елді басқара алады» деп өзі айтты. Тоқаевтың осы қызметке келуі Қазақстандағы биліктің конфигурациясына, соның ішінде кланаралық, топаралық, элитааралық тартысқа өзінің ықпалын етеді деп ойлаймын», - дейді саясаткер.

Журналистің «Сайлауға сыртқы күштер қатты әсер ете ме, әлде Қазақстан халқы өз тағдырын өзі шеше алады ма?» деген сұрағына жауап берген саясаткер халықтың өз тағдырын өзі шеше алатынын айтты.

«Оған қоғамдық даму дәрежесі де, демократия мектебінен өткені де, қазақ қоғамының өркениеттік даму сатысына жеткені де куә әрі соған мүмкіндік береді. Сөзсіз, біз болашақ президентті өзіміз сайлауымыз керек. Алайда саясаттың аты саясат. Біз Қазақстанның геосаясаттың 99 торабының жолында тұрғанын үнемі айтамыз. Сондықтан, сөзсіз, Қытай мен Ресейдің әсері болады. Және бүгінде Еуроодақ та осы сайлауға назар аударады деп ойлаймын. Яғни Батыс тарапынан сайлау демократиялық сипатта өтуі керек деген талап қойылуы мүмкін. Және Ресей мен Қытай өзінің экономикалық, геосаяси мүдделерін мейлінше сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан қандай үміткер түседі, ол Ресей үшін бола ма, Қытай үшін бола ма, оны атқарылатын тірлікке қараймыз. Бәлкім, сол үміткерге қарсы антиқызмет жасалуы мүмкін, ақпараттық соғыс жариялауы мүмкін. Сондықтан бұл үлкен сын болып тұр. Қазіргі үміткерлер ресми үміткерге балама болғанның өзінде, қоғамның қолдауы бар, осы лайықты тұлға деген үміткерлер болуы керек. Таяуда президенттің міндетін атқарушы Тоқаев президент сайлауы қай күні өтетінін белгілесе, сол күні науқан басталады», - дейді Әміржан Қосанов. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау