Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде саудагерлер жалақы көтерілмей жатып азық-түлік бағасын қымбаттатып жіберді

Коммуналдық қызмет арзандап, жалақы мен зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылар сәл көтерілсе болды, саудагерлердің тауарлар бағасын көтеріп тастайтыны биыл да қайталанды.

Елордалықтар мұндай өзгеріске көз үйренгелі қашан деп реніштерін білдіруде. Мереке күндері сауда қызғанымен қазіргі таңда кәдімгідей саябырсып қалған. Сатушылардың өзі мұны қымбатшылықпен байланыстырып отыр. Ал сарапшылар болса, бағаны бақылайтын ортақ тетіктің жоқтығы осындайға әкелуде дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Базардың тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқанымен, қап-қаптап азық-түлік, көкөніс әкетіп жатқандардың қарасы аз. Себебі, жыл басталмай жатып олардың құны күрт көтеріліп кеткен. Бағаны бақылауда ұстау мәселесі Үкімет отырысында бірнеше рет айтылған болатын. Жаңа жылдың алдында Премьер-министр әкімдерге осыны қадағалау керек деп тапсырған еді. Бірақ, тұрғындар тексеріс келгенде баға бір бөлек, атқамінерлер кеткесін азық-түліктің құны қайтып өзгеріп шыға келетінін айтады.

«Сұмдық қой мынау. Ең болмағанда бағаны сәл түсіру керек қой. Ет ол қымбат, продукты ол қымбат. Біздің алған пенсиямыз немене, 70-80 мың. Жете ме? Жетпейді! Квартплата бар төлейтін, тамағымыз бар алатын. Жетпейді. Мен жаңа капуста алдым. 130 теңге дейді келісі, 270 теңге төледім. Сол бір капуста 270 теңге тұра ма?» – дейді қала тұрғыны Жұмагүл Алтынбекова.

Тауарлардың алуан түрі сөрелерде самсап тұрғанымен, алушы аз. Мұны саудагерлер де, клиенттер де растап отыр. Бұлай болуының да себебі бар деседі. Доллар бағамының мың құбылуы шетелден тасымалданатын кей тауарларға әсер етпей қоймапты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау