Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Саттархановтың анасы: “Әттеген-ай деген арманмен Бекзатсыз 19 жыл өмір сүріп келеміз” (видео)

2000 жылы Сиднейде өткен Жазғы Олимпиада ойындарының бокстан чемпионы Бекзат Саттархановтың дүниден озғанына жиырма жылға жуық уақыт болып қалды. Әйтсе де қазақ елінің оған деген сағынышы басылар емес. “Әттең, Бекзат тірі болғанда” деген ой көптеген қазақстандықтың көкейін мазалайды. Жиырма бірінші ғасырға он бес минут қалғанда қайтыс болған спортшының анасы мен достары Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне Саттарханов жайлы естеліктерін, неліктен оның чемпион атанатынына сенбегенін айтып берді.

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен Саттархановтың есімі ел жадында мәңгілікке сақталып қалады. Марқұм боксшының анасы Сырлыкүл Саттарханова айтқандай, ол аз ғана өмір сүрсе де елі мен жеріне бар атағы мен даңқын беріп кеткен абзал жан. Қазақстанның атын күллі әлемге шығарған ол, көптеген отандастарымызды ұлы істерге шабыттандырды. Елімізде Бекзат Саттархановтай болсам деген боксшылардың саны артты.

Аққан жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болып кеткен боксшының анасы бір тілегімен бөлісті. Сырлыкүл Саттарханова қазақ елінде Бекзаттай ұл-қыздардың көп болғанын жан-жүрегімен қалайтынын айтты.

“Бекзаттың орны еш уақытта толмайды ғой. Себебі, ол небәрі жиырма жасында  атағын да, даңқын да, бар берерін халқына, еліне беріп кетті. Сондықтан орны толмайды. Әттең-ай деген арманмен Бекзатсыз бауырлары, ата-анасы, халқы биыл 19 жыл өмір сүріп жатыр. Бірақ “Артында бар — оңалар” дегендей, Құдайға шүкір артында елі, халқы бар. Төрт жылда бір рет олимпиада болып тұрады. Сонда біз Бекзатымызды күткендей күтіп отырамыз. Әйтеуір бір олимпиада чемпионы шығып жатады. Өте қатты қуанамыз. Халқымыз, еліміз аман болсын. Бекзат сияқты ұлдар, қыздар туыла берсін деп тілейміз”, — дейді анасы.

Боксшымен бір бокс секциясына қатысқан достары да оны достыққа адал, арманы мен мақсаты биік, еңбекқор, ақкөңіл жан ретінде сипаттайды.

“Бекзатпен өзім жұдырықтасу арқылы таныстым. Мен боксқа қатысып жүргенде, Мақсат деген ағасы оны сол секцияға алып келді. Екеуміз бірден бокстасып кеттік. Артынан танысып, достастық. Бірақ маған бокс немесе оқуды, яғни екеуінің біреуін таңдау керек болды. Мен білімге зер салуды жөн көріп, боксты тастап кеттім”, — дейді Еркебұлан Арман деген досы.

Еркебұлан Арманның сөзінше, олар Сиднейде өткен Олимпиада ойындарын, Бекзаттың жекпе-жектерін чемпионның үйіне келіп көрген. Сол кезде Саттарханов жеңіске жетеді деп ешкім ойламаған екен. Спортшымен дос болған жігіттердің көкейінде Бекзат еліне аман-есен оралсын деген тілек болған.

“Бекзатқа алтынды тақты. Біз сенген жоқпыз. Біз түгіл жеңіске жеткеніне Бекзаттың өзі сенген жоқ. Кейін Түркістанға қайтып келгеннен кейін ол: “Мен не істеп қойдым?” — деп чемпион атанғанына сене алмай жүрді”, — дейді досы күліп.

Бекзат Саттарханов

Саттархановтың мейірімді, мұқтаж жанға қолынан келгенше көмектесуге дайын жігіт болғанын да білеміз. Оның бойындағы адамгершілік қасиеттері жайлы ата-анасы, достары, таныстары бірнеше рет айтып берген. Әйтсе де қарапайым халық олардың боксшы туралы әңгімелерін қайта-қайта тыңдаудан жалықпайды. Саттархановтың досы Еркінбектің спортшы жайлы әңгімесін тыңдай отырып, боксшының іс-әрекеттеріне еріксіз сүйсініп, қайран қаласың.

“Күндіз жаттығудан қайтып келе жатқан Бекзатпен вокзалдың алдында кездесіп қалдым. Мен де дайындықта болғанмын, қолымда кітаптарым, дәптерлерім бар. Екеуміз құшақтасып амандастық. Бір кезде бізге жақын жерде екі үлкен жігіттің әлсіздеу, арықтау жігітті тепкілеп, ұрып жатқанын көрдік. Сол маңайда пісте сататын апа бар еді. Бекзат спорттық сөмкесін шешіп: “Апа, мынаған қарай тұрыңызшы”, — деді де маған қарап: “Еркінбек, жүр”, — деді. Мен дәптерлерімді пістенің жанына қойып, Бекзатпен бірге төбелес болып жатқан жерге беттедім. Бекзаттың сондағы мақсаты соққының астына алынған жігітті арашалап алу еді. Әлгі жігіттер бізден жеті-сегіз жасқа үлкен. Бірақ Бекзат тепкінің астында қалған адамды құтқара алды”, — дейді марқұм спортшының досы Еркінбек.

Саттарханов жігітті құтқарып қалғаннан кейін оны тамақтандырып, жаңа киім киім алуға кеңес беріп, қолына ақша ұстатқан екен.

Қазақтың мақтанышы салған сара жолды тәуелсіз ұрпақ әлі талай жаңғыртатынына сенеміз. Бекзат Саттархановтың есімі ұмытылмай, өнегелі өмірі көптеген жандарға үлгі болады деп үміттенеміз.

 

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр