Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сапарбаев мүгедек баласы бар ананың шақыртуымен оның үйіне барды (фото)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мүгедек баласы бар жалғызбасты ананың шақыруын қабыл алды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

20170223181543

Ақтөбе қаласы, Заречный-2 елді мекені, Восточная көшесі. Бұл жерде өткен ғасырда салынған екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үй бар. Көз көрмейтін, айналып жүретін адам ғана білетін мекенге бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барды. Кеше өңір басшысының есебіне барып, тұрмыстық жағдайымен танысуды өтінген 35 жастағы жалғызбасты ана Гүлмира Есбергенованың бір тілегі орындалды. Мұнда газ құбыры тартылғанымен, қалтасында қаржысы бар, әлі келетін адамдар ғана үйін жылытып отыр. Өзгесі мынадай тоқ пештермен бойын жылытып отыр.

20170223181608

«2000 жылдардың басында Қызылорда облысынан көшіп келіп, Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорын есепке алу секторындағы «Толыққанды емес отбасы», «Мүгедек баласы бар отбасы» санаты бойынша пәтер кезегіне тұрдым. Қазір 147-болып кезекте тұрмын. Бір жылда шамамен 6-7 адам пәтер алса, менің кезегім таяудағы онжылдықта жылжымайтыны анық. Ал қызым Инабат жыл сайын өсіп келеді. Жуынатын жері жоқ, әжетханасы бір бөлме ішінде. Бір күні қызымды арқалап баспалдақтан түспек болдым. Құлап, сүйегі шытынап кетті. Бір ай бойы төсекке таңылып, гипспен жатты», – деді Гүлмира Есбергенова.

Есбергеноваларға уақытша баспана 2012 жылдың көктемінде берілген. Жылу жүйесі тартылмаған соң пәтер ішін сыз басқан. Мұнда су жоқ. Сырттан тасып ішеді. Көктем келе қар еріп, төбедегі су ішке кіріп жатыр.

«Соңғы 3-4 жылда мүгедектерге арналған бірде-бір үй салынбады. Қазіргі заңға сәйкес, баспанаға мұқтаж адамдар тек өз кезегімен үй ала алады. Несиеге, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, қаржы жинап, баспаналы болу жолдары бар. Бұл жолдарға сіздің жағдайыңыз келмейді. Қала әкімі Ілияс Испановқа демеушілер тауып, көмек көрсетуді, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 8 наурызға орай әлеуметтік қаржылай көмек беруді тапсырамын», – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Инабат жылына бір рет мемлекет тарапынан ем алуға барып тұрады. Мұнан өзге анасы тоқсан сайын ресейлік дәрігердің қабылдауына барады. Әр ем – 170 мың теңге. Нәтиже бар. Инабат көз жанарымен ымдай алады. Сөздерді түсінеді, еркелейді.

«Мүгедек баланы бағып отырған соң айына 59 мың теңге аламын. Бұрын ем үшін несие алғанмын, айына 44 мың теңге төлеп отырмын. Үйіміз тоқпен жылытылып, бар қаржы коммуналдық төлемнен аспайды. Тамақ алу үшін ата-анам көмектеседі», – деді Есбергенова.

Есбергеновалар Ресейдегі ем үшін қайырымды жандардың, «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық қорының қаржысын жаратып жүр. Бұл отбасы үшін бүгін бір үміт оты оянды. Олар тұрмыс жағдайын қарап, қамқор болуға уәде берген Сапарбаев тапсырмасының орындаларына сенеді.

Жіберіп алмаңыз:

Ақтөбеде 34 жастағы келіншек оныншы баласын өмірге әкелді

Даун синдромы: Балалардың ақыл-ой кемістігі неден пайда болады?

Алматы облысы тұрғынының тісжегіден басталған дерті асқынып қатерлі ісікке айналған (фото)

Ақтөбеде арбаға таңылған аруды алып қашқан жігіт оны алақанына салып аялап отыр (фото)

Талқылау