Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Самал Еслямова Алматы облысындағы қайғылы оқиға туралы фильмде басты рөлді сомдамақшы

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Канн кинофестивалінде үздік әйел рөлін сомдағаны үшін жүлдеге ие болған қазақстандық актриса Самал Еслямованың жоспарлары туралы айтып берді.

Самал Еслямова Алматы облысындағы қайғылы оқиға туралы фильмде басты рөлді сомдамақшы

Бұл туралы BNews.kz-ке сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Министрдің сөзінше, Самал Еслямова «Пусан» халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасы марапаттаған танымал «Жаңғақ ағаш» фильмінің режиссері Ерлан Нұрмұхамбетовтің жаңа фильмінде басты рөлді сомдауы мүмкін. Жаңа жобаны жапондық инвесторлар қаржыландырады екен.

“Әрине, біз Самал Еслямовамен бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қалаймыз. Ол драмалық театрда жұмыс істеуді ойластырыпты. Бұл Алматыдағы Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры немесе елордадағы Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры болуы мүмкін. Біздің сценарист және режиссеріміз Ерлан Нұрмұхамбетовтың жапондық продюссерден грант алғаны туралы айтқым келеді. Ол Самалдың осы фильмде басты рөлді сомдағанын қалайды. Әрине, шешімді Еслямаваның өзі қабылдайды. Менің білуімше, Самал өзінің актерлік дағдыларын жетілдіруді қалайды. Ол Ресей университетіне магистратураға түсіп, театрда жұмыс істегісі келеді”, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, министр журналистермен әңгімелесу барысында нақты оқиғаларға негізделетін жаңа фильмнің құпиясын ашты. Әңгіме 2016 жылдың қыркүйегінде орын алған жантүршігерлік оқиға туралы болып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында із-түссіз жоғалған үш ағайынды азаматтың Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімханның зорлық-зомбылықпен өлтірілген денелері табылған. Олар мал сатумен айналысқан болатын.

“Өкінішке орай, бұл қайғылы оқиға бірнеше жыл бұрын Алматы облысы Жамбыл ауданында орын алды. Естеріңізде болса, мал сатуға шыққан үш ағайынды азамат із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Олардың зорлық-зомбылықпен өлтірілген денесі бірнеше күн өткеннен кейін таудан табылған. Фильм шындықты білу үшін барын салып, тырысатын марқұмдардың бірінің баласы туралы. Қазір осыған қатысты жоба әзірленуде. Бұл оқиғаға жапондық продюсерлер үлкен қызығушылық танытып отыр”, – деді ол.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау