Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салтанат Бақаева: Маған төзіп жүрген жолдасыма рахмет

Салтанат Бақаева бүгінде отбасы мен мансапты өзара үйлестіре білген актриса. Ол “Арнау” тобында ән салады, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында жұмыс істейді. Мұнымен қатар, той-томалақта өнер көрсетіп, домбырада күй тартатыны бар. Актриса Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, өзін алдаған алаяқ бойжеткеннің әрекеті туралы айтып берді.

13266698_1697679723805836_1510139327_n

Фото: instagram.com/saltanat_bakaeva/

Он айлық баласымен үйде отырып қалған Салтанат өнерден сәл алыстап қалғанын жасырмайды. Ол тіпті өзіне жаңа ұсыныс түскен кезде қалай болар екен деп көп ойланған. Нәтижесінде нар тәуекелге бел буып, “Айман-Шолпан” телехикаясында басты рөлді сомдауға келіскен.

– Салтанат, дәл қазір сіз “Айман-Шолпан” телехикаясында екі бірдей басты рөлді сомдап жатырсыз. Режиссерлер сіздің жұмысыңызға деген ерекше құштарлығыңызды айтуда. Ал өзіңізге бұл образдар қаншалықты жақын? Олар бір-біріне ұқсап кетпей ме?

– Расымен де, ұқсап кетпесін деген ниетпен жіті бақылаймын. Режиссерлерге “Айманның мынадай әдеттері бар еді. Олар Шолпанға өтіп кетпесін” деп айтып отырамын. Мұнымен қатар, монтаж жасаған кезде режиссерлер маған хабарласып “Салтанат, сен мынадай іс-қимылдарды артығымен жасап жіберген екенсің. Оларды азайт” деп айтады.

Яғни олардың дара образдар болып қалуларына түсірілім командасы толығымен атсалысып жатыр. Алла бұйыртса, жақсы жұмыс шығады деген ниеттемін. Себебі, мұндай ауқымды жобаға өзім бірінші рет қатысып жатырмын. Шын мәнінде, 100 бөлім деген оңай дүние емес. Бар мәселе – көрерменді ұстай алуда. Менің ойымша, біздің сценарий өте қызықты. Ол шытырман оқиғаларға толы. Уақытым көп бола бермейтіндіктен, әлі толықтай танысып үлгермедім.

– Ал Айман мен Шолпанның қайсысы сіздің болмысыңызға жақынырақ?

– Айманға қарағанда, Шолпан жақынырақ. Оны өмірде қандай адам болсам, дәл солай сомдауға тырысамын. Ал Айман шетелде өскен, мінезді, тәкіппар қыз. Оны өзіме көп ұқсата бермеймін.

– Салтанат, сіз бүгінде асыл жар, аяулы ана, ибалы келін, кәсіби актрисасыз. Таразының екі басын тең ұстау қолыңыздан қалай келіп жүр? Мұның барлығына шабытты қайдан аласыз?

– Жұмыстан шабыт аламын ба деп ойлаймын. (Күлді.) Түсірілім арасында үйге барып баламды емізіп келемін. Осының барлығына шыдап жүрген жолдасыма ризашылығым шексіз. Кез келген отағасы әйелінің үйде отырып, бала-шағасына қарап отырғанын қалайды. Нұржан тек өзін ғана ойламай, маған “Сен қалағаныңша жұмысыңды істей бер”, “Сені халық көруі керек” деп жағдайыма түсіністікпен қарайды.

Менің осылай шаршамай жүргенім отбасымның арқасында ғой. Мұнымен қатар, қазақта “Қыздың қырық жаны бар” деген аталы сөз бар ғой. Меніңше, адам баласының мүмкіншіліктері шексіз. Кейде барлығына өзіміз кедергі келтіріп жатамыз. Осындай сәттерде басқа амалым жоқ. Сондықтан үлгеруге міндеттімін деп ойлаймын.

– Мұхтар Әуезов театрында “Таңсұлу” қойылымында басты рөлді сомдадыңыз. Сол рөліңізде домбырамен жанды дауыста ән салып, жұртты таң қалдырғаныңыз бар. Сіздің біз білмейтін тағы қандай қырларыңыз бар?

– Қазір қолыма домбыра алып күй тартсам, жұрттың қайран қалатыны рас. Бірақ мен 12 жыл Күләш Бәйсейітова мектебінде домбырашылар сыныбында оқығанмын. Қазір басқа істермен көбірек айналысып, қолым домбыраға жүрмейді.

Дегенмен, бұл күй тартатын өнерімді көпшілік біле бермейді. Құрбыларым концертке міндетті түрде күй тартып шықшы деп өтініш білдіреді. Мұнымен қатар, домбырамен ән салғанымды анам да армандайды. Болашақта халықты сахнада домбырамен ән салып қуантуым мүмкін.

13256976_1554105778223864_41087594_n

– Біраз уақыт бұрын желіде өзіңіздің алаяқ қызға алданғаныңыз туралы жаздыңыз. Бірақ қалай алданғаныңызды және істің немен аяқталғанын айтпадыңыз.

– Иә, бұл рас. Әсем Егембердиева есімді қыз менің бағалы тастарым мен алтындарымды ұрлады. Артынша оның барлығын әртүрлі ломбардқа өткізіп жіберген. Бірі Сарыағашта, екіншісі басқа жақтарда жатыр екен. Ағамның көмегімен оны аз уақыт ішінде ұстадық. Ұрыларға қатысты арнайы лимит болады екен. Яғни жаза сол лимитке байланысты тағайындалады.

Әлгі қыз мұны жақсы білген. Десе де, ол менің алтындарым құнсыз деп ойласа керек. Оларды толықтай ұрлаған. Қазір Әсем түрмеде отыр. Ол өзіне қандай үкім шығатынын екі ай бойы күтетін болады. Әрине, оны кешіргім-ақ келген. Бірақ ол тым көп нәрсе ұрлаған. Бұйыртса, бағалы бұйымдарымды бір ай ішінде қайтарып аламын деген ойдамын. Одан басқаларың да сақтанып жүргенін қалаймын.

– Желіде сіздің шашыңыздың сұлулығына тамсанатындар көп. Мұны өзіңіз де білетін шығарсыз. Оған қалай күтім жасайсыз?

– Расымен де, көбісі шаш сұлулығына қатысты құпияммен бөлісуді сұрап жатады. Бірақ арнайы маска жасап немесе дәрумендік инелер салдырмаймын. Тіпті көп уақыт бөлмеймін десем де болады. Аптасына екі рет қана жуамын.  Барлығы тұқымқуалаушылықтың әсері болар. Десе де, босанған кезде бірден қатты өсіп, қатты түсе бастайды.

– Салтанат, сізге көп рахмет! Алдағы уақытта шығармашылық табыс тілейміз!

– Сіздерге де рахмет! Әлі де қызықты жаңалықтарыммен қуантатын боламын.


Жіберіп алмаңыз:

Салтанат Бақаева алаяқ бойжеткеннің құрбаны болды

Салтанат Бақаева өзін алдап соққан бойжеткенді тапты

Енесі: Алғашында Салтанат тамақ пісіре алмаймын деп шошытты

Салтанат Бақаева: Ата-енем барда жолдасым маған опасыздық жасамайды

Талқылау