Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқтамай сәлем сала бергім келеді: қазақстандық келіншектер не себепті сәлем салудан ләззат алады

Қазақ халқының салт-дәстүрлері әр аймақта әр түрлі. Тіпті бір салттың өзін Қазақстанның 14 облысында әр түрлі түсініп, айрықша етіп жасап жатады. Соның бір дәлелі қыздың жасауына, қалың малдың көлеміне, ұзату, той жасау салттарына қатысты айырмашылықтар болып табылады. Осыған орай Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі әр аймақтың қыздарының «Сәлем салу» салтына деген көзқарастарын біліп көрді.

Сәлем салудан ләззат аламын: қазақстандық қыздар салт-дәстүрге қатысты пікірлерімен бөлісті

Айлана Жақсылыққызы, Семей қаласының тумасы, Түркістан облысының келіні:

Мен Семей өңірінде туып-өстім, 18 жасқа толғаннан кейін жоғары оқу орнына түсу үшін оңтүстік астанамыз Алматыға келіп, басқа аймақтың адамдарымен таныстығымды бастадым. Студент кезімде жатақханада тұрдым, топта көптеген басқа аймақтың жастарымен араластым. Сол жылдар ішінде Семей өңірінің салттарының басқалардан айырмашылығының өте көп екенін байқадым. Бірақ тұрмысқа шықпай тұрып, маған оңтүстік қазақтардың салт-дәстүрлері, бір-біріне деген сыйластықтары, қарым-қатынастары ұнай бастаған еді. Сол кезде іштей бір арманым болатын, оңтүстіктің жігітіне тұрмысқа шықсам ғой, сол салт-дәстүрлердің орындалуын өз көзіммен көрсем ғой деген. Осылай тағдыр өзі итермелегендей Түркістан қаласының жігітіне тұрмысқа шықтым.

Енемнің мінезі жайлы, әрі орыстанып кеткен аймақтың қызы деп түсіністік танытып, салтты анық орындауымды талап еткен емес. Біртіндеп олардың әдет-ғұрыптарын, қай салтты күнделікті орындайтындарын біліп үйреніп келемін.

Сәлем салуға қатысты айтар болсам, алғашында әрине маған өте қиын болды. Өйткені Семей өңірінде мұндай салт мүлде жоқ, естігенмен, тіпті көзбен көрген де емеспіз біреудің сәлем салып жатқанын. Сол себептен шығар басында естігенде кездің өзінде мен үшін бұл «жабайылық» болып көрінді. Артынша өзім келін болып түскеннен кейін, әр салған сәлеміңе үлкендердің берген батасын естіген кезде тоқтамай сәлем сала бергің келеді екен. Сонда ғана мен бұл салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәні өте зор екенін ұқтым. Үлкенге деген сыйластық, кішіге деген ізеттің бәрі осылардан басталады екен. Менің сөзіме қарап, шығыстың қазақтары тәрбиені, салт-дәстүрді білмейді екен деп қалатын шығар. Әрине ол жақта да өзіндік ережелері бар, кейбір оңтүстіктегілер мүлде естімеген, осы күнге дейін білмеген салттарды ұстанып жатады. Алайда сәлем салу салты өкінішке орай жоқ.

Мен үшін сәлем салу – ол үлкендерге деген құрметтің белгісі. Осы сәлем салғаннан ләззат аламын, маған айтылып жатқан баталарға тәнті боламын. Сондықтан бұл салттың басқа өңірге де сіңісіп кеткені ұлттық құндылығымызды сақтаудың бір жолы деп түсінемін.

Назгүл Асқарбекқызы, Тараз қаласының тумасы, сол аймақтың келіні:

Мен өзім Тараз қаласының тумасы болғандықтан, сәлем салу мен үшін айрықша, ерекше дүние емес. Яғни күнделікті қалыпты жағдай. Сондықтан сәлем салуды қатты ұнатамын немесе жек көремін деп айта алмаймын. Бірақ сәлем салу кезінде үлкендердің беретін баталары, олардың ризашылығы үлкен бір шабыт береді.

Тараз қаласы еліміздің оңтүстік аймақтарының бірі болғанымен, сәлем салуға қарсылық білдіретін тұрғындар да бар деп айта аламын. Керісінше, қалалық заманауи тұрғындар арасында көне салттардың орындалуын талап ететіндері де бар. Тіпті сәлемнің қалай салу керектігін үйретіп, оның дұрыс түрінде орындалуын талап ететіндер де бар. Екі қолын тізесіне, кеудесіне қойып деген сынды әр отбасында өзіндік сәлем салудың тәртібі болады. Енді жоғарыда айтқандай, келін түскен кезде бір рет ғана сәлемін салдыртып, артынша оған қолайсыздық тудырған жағдайда салмауға мүмкіндік беретін отбасылар бар.

Ал жалпы бұл салттың орындалуына қатысты айтар болсам, жас қыз-келіншектерге айтарым, сәлем салғанда тұрған ештеңе жоқ. Әсіресе салт-дәстүрді ұстанбайтын аймақтардың қыздарына айтарым, еңкейіп сәлем бергеннен ешкімге ештеңе болмайды, керісінше «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» демекші, бата алып, отбасыңыздың көгеріп жатқаны өздеріңізге жақсы емес пе!?

Баян Тоқтарова, Алматы облысы, тұрмыс құрмаған:

Мен әлі тұрмысқа шықпадым. Өзімнің отбасымда сәлем салуға қалыпты қарайды. Бірақ оңтүстік жақтағыдай күнделікті қатаң түрде талап етпейді. Келін болып алғаш түскен кездері біраз уақыт салады, артынша үлкендеріміз өздері көп уақыт көрмеген кезде ғана сәлем салыңдар деп күнделікті тәртіпке енгізбейді.

Енді өзім салтты қатты ұстанатын жаққа тұрмысқа шықсам, күнделікті салуға дайынмын. Өйткені өзім жеңгелерімнің сәлем бергендерін көріп өскенмін. Басқа да қиын салттарды орындауымды талап етсе де көнемін, анам да барған жеріңнің тәртібіне көн, солардың көрпесіне қарай көсіл деп айтады. Бірақ, меніңше ұзақ уақыт көріспеген кезде ғана сәлем берген дұрыс сияқты, күнделікті салған сәлем келін мен қайын жұрттың арасын алшақтатып, өте ресми қылып жіберетіндей көрінеді.

Асылым Сатыбалды, Алматы қаласының тумасы, ата-анасы Шымкент қаласынан:

Менің ата-анам Шымкент қаласынан, сондықтан мен үшін сәлем салу салтын орындау қалыпты болып саналады. Заман талабына қарай, ата-әжелерім жас келіндерге алыстан келген кезде ғана сәлем беруге рұқсат берген. Өзім тұрмысқа шықпадым, бірақ отбасын құрғаннан кейін міндетті түрде саламын. Бұл сұрақ тіпті талқыланбайды да, өйткені біз үшін сәлем салмау дөрекіліктің белгісі. Ал енді сәлем салуды талап етпейтін немесе салмай-ақ қой деген отбасы болса ойланып көруге болады.

Келіннің иіліп сәлем бергені үлкендерге деген құрметі деп білемін. Сырт көзге де жас келіннің сәлем салғаны өте жарасымды көрінеді. Сондықтан қазақ қыздарының сәлем салып, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді жандандырғанымыз дұрыс шығар.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау