Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сал ауруына ұшыраған қазақстандық балалардың ата-анасын қытайлық дәрігер алдап соққан

Церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың ата-анасы тағы да көмекке мұқтаж. Пекинде дәрігерлер науқас балалардың ата-аналарын оңдырмай алдап соғыпты.

c1ae0b7b8544a6d89c5565df0431c61a

Фото: clinic-tkm.ru

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қытайлық дәрігерлер балаларға операция жасап, оларды дертінен айықтырамыз деп уәде берген. Бұл үшін көп қаражат сұраған. Ал кейінірек қазақстандық балалардың небәрі ботокс екпесін ғана алғаны белгілі болды.

Ақтолқын Мырзабаеваның баласы Нұрдәулет те осы сал ауруына шалдыққан. Жеті жасар бала сөйлеп, жүре алмайды. Балаға көмектесі үшін шарқ ұрған анасы Пекиндегі клиниканы интернеттен тапқан. Олар құрысуды ыдырататын жүйке операциясын жасаймыз деп уәде берген. Ата-анасы операция үшін сегіз мың доллар төлейді. Бірақ, кейін алданып қалғандарын білген.

“Ұлымның айтуынша оны операция залына апармаған, тек тақтай төсекке жатқызып екпе салған. Ол ауырсынуды сезінбеу үшін уақытша ауыртпайтын дәрі салған сияқты. Оның қолына, аяғына инъекция жасаған. Ал мені онда жібермеді”, – деді ОҚО тұрғыны Ақтолқын Мырзабекова.

Бұлайша алданған ата-аналар саны 13. Олардың барлығы да ақшасын төлесе де, жасаған емдерінің пайдасы тимеген. Ондай ботокс пен диспортты Қазақстанда тегін жасайды екен. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында қарастырылған болып шықты. Ал бұл үшін 13 отбасы Қытайға барып әрқайсы ондаған мың доллардан төлеген.

“Қазіргі таңда бұл отбасылар жұмсаған қаражаттың жалпы көлемі 200 мың долларға жуық. Біздің азаматтар мұндай ақшаны несие арқылы алған. Девальвацияға дейін алғандар, енді жаңа курс бойынша қайтаруға мәжбүр”, – дейді адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов.

Жоғары категориялы дәрігер Мақсат Әбдіқадыр, баланың өзін жеке қарамай оған ем тағайындау мүмкін емес дейді.

“Денесі тырысып, сіңірі тартылып жатқан балаға екпе жасауға болмайды. Ол денсаулығын одан сайын мүшкіл етуі ықтимал. Нүктелі массаж да барлығына бірдей жаға бермейді. Бірқатар клиникалар сал балаларды емдеуді бизнеске айналдырып алған. Тек арнайы сертификаты бар медициналық мекемелерге бару керек”, – дейді дәрігер-невропатолог Мақсат Әбдіқадыр.

Енді алданып қалған ата-аналар ақшаларын қайтарып алу үшін ресми органдардың көмектесуін сұрап отыр. Сыртқы істер министрлігі болса бұл жағдайдан хабардар екенін, Қытай прокуратурасына шағым жібергендерін айтты. Сондай-ақ, министрлік қазақстандықтардың жекелеген жағдайда сотқа беру құқығына да ие екенін хабарлап ртыр.

Талқылау