Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәріміз үшін үлгі: Сал ауруымен ауыратын ағайындылар Астанада өз кәсіптерін ашты

Сал ауруымен ауыратындарына қарамай, Астанада жеке кәсіптерін ашқан Ильнар және Ильдар Айтняков ағайындылары жақында бас қаланың тұрғындарын еңбекқорлығымен сүйсіндірді. Олар Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне зағип жандар жұмыс істеу кезінде қандай қиындықтарға тап болатынын, мемлекеттің оларға қалай көмектесетінін және өз кәсіптерін қалай бастағандарын айтып берді.

Ауруына қарамастан күн-түн демей еңбектеніп, өз кәсібін жүргізетін адамдарға қоғамның құрметі де үлкен екені белгілі. Олар жұмыс талғамайды, өзге азаматтардан қалыспай, керемет өмір сүруді армандайды. Сол армандарын орындай да алады.

Ильнар Айтняков есімді азамат  егізі Ильдармен бірге Астанадағы аудандардың бірінде компьютер, ноутбук  жөндеумен айналысады. Сал ауруымен ауыратын оларды, өз істерінің хас шеберлері десек, артық айтқанымыз емес. 2017 жылы бауыры екеуі Астанаға көшіп келген Ильнар, компьютер жөндеуді, оған бағдарламаларды орнатуды арнайы курстарға қатыспай-ақ өзі үйренген. Басқа мамандық бойынша білім алса да, ол тәуекелге бел буып бауырымен өз ісін ашудан еш тайынбаған.

“2013 жылы Павлодардағы мемлекеттік университетті (С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университет) бітіргенбіз. Екеуміздің де  жоғары біліміміз бар. Мен аспап жасаудың, ал Ильдар домбыра сыныбында музыканттың оқуын оқыды. 2017 жылдың наурыз айында Астанаға көшіп келіп, жақында ғана өзіміз компьютер және ноутбук жөндейтін қызмет көрсету орталығын аштық.

Сал ауруымен ауырса да, Астанада табысты кәсіп жүргізіп жатқан ағайындылар кімдер?

“Ноутбук пен компьютерге қатысты жөндеу жұмыстарының барлығын жасаймын деп айта алмаймын. Windows сынды бағдарламаларды орнатуды, компьютерлердің ішін “тазалауды”, бөліктерге бөліп, қайта жинауды білемін.  Бірақ оның бұзылған бөлшегін  ауыстыру сынды күрделі жөндеулерді әзірге істемеймін. Себебі, ондай қиын жұмыстарды жүргізу үшін жақсы жабдықтайтын құрал керек. Ал дәл қазіргі уақытта менің қолымда ондай техника жоқ”, — дейді ол.

Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын екі азаматтың  жұмысы  компьютерді жөндеумен шектелмейді. Ильнардың егізі Ильдар контексті жарнамаларды жасап, сайттарды дамытумен де айналысады. Өз кәсібін басқарып отырған ағайындылар, бұрынғы жұмыс орындарында қандай  қиындықтарға тап болғандарын айтып берді.

“Шындығына келгенде, мен мемлекеттік ұйымдарда  жұмыс істеп көрген емеспін. Мүгедектерге ондай жерлерде қандай жағдайлардың жасалатынын білмеймін.  Бірақ жеке компанияларда өз күшімді сынап, еңбектенгенмін деп айта аламын. Әрине, алғашқы кезде, бірнеше ұйымда жұмыс істегенімде ортақ ұжымға сіңіп кету қиын болды. Дегенмен мен қандай жағдай болмасын өз ісімді адал орындауға тырысамын.  Мекемелерде бағдарламашы болып қызмет еттім.  Өзімді маркетолог ретінде де сынап көрдім. Алайда ол мамандықтың өз ерекшеліктері бар. Сондықтан маркетингтің маған арналмағанын түсініп, өзімнің жеке кәсібімді ашуды жөн көрдім. Сөйтіп қаладан жалға алуға болатын кеңсе іздей бастадым.  Расында, еліміздің жүрегі саналатын Астанадан кеңсе табу қиынға соғады деп ойламаппын. Бірнеше жер маған мекемелерін жалға беруден бас тартты”, — дейді Ильнар Айтняков.

Қазіргі күні қалада қызмет көрсету орталықтарының саны күн санап артып келеді. Бірақ Ильнардың сөзінше, ол бәсекелестіктен мүлдем қорықпайды.

“Ноутбук пен компьютердің бұзылу деңгейіне қарай оларды кейде қымбат, кейде арзан бағаға жөндеймін.  Адамдар біздің орталыққа қоңырау шалғанда оларға зағип жан екенімді айтамын. Кейбір азаматтар оған еш мән бермейді, құрылғыларын жөндеткізе береді. Ал басқалары “кейін қоңырау шаламын” деп айтады да хабарласпайды. Кейін хабарласамын дегеннен-ақ олардың  қызметімізден бас тартқанын түсінуге болады. Дегенмен, біздің көмегімізге үнемі жүгініп тұратын клиенттеріміз де бар. Жақында Ильдар екеуміз кәсібімізді дамыту мақсатында халық көп жүретін көшеге шығып, қызметтеріміз ұсынылған қағаздарды тараттық. Біреулер қағазды қуана алса, екіншілері мән бермегендей өз жолдарымен жүріп кете  берді. Көп адамдар бізге қызығушылық танытты. Адамдардың көңілін өзімізге соншалықты аулаймыз деп ойлаған жоқпыз, — дейді ол.

Ильнар тапқан табысының барлығын балаларына, жанұясына жұмсайды.

“Мен қазір пәтер жалдап тұрамын, екі балам бар.   Әйелімнің көзі нашар көреді. Сондықтан жұмыс та істей алмайды. Үй шаруашылығымен, балаларымызды тәрбиелеумен айналысады. Әзірге кәсібімізден қалағанымыздай табыс тауып жатқан жоқпыз. Бірақ ешкімге өкпем жоқ. Мүгедектерге арналған жәрдемақым мен жалақым нан мен майға жетеді. Ал жұмыссыздықты сылтауратып, ешнәрсе де бітірмейтін азаматтарға  жалқаулануды қойып, іске кірісу керек деп айтқым келеді, — дейді кәсіпкер.

Екі ағайынды Астанадағы кәсіптері өз жемісін береді деп үміттенеді.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 Автор: Шаймерден Айару

 

 

Талқылау