Сәкен Майғазиев “жүрегі қарайып кеткен” қазақстандықтарға жан айқайын жеткізді

Сәкен Майғазиев жүрегі қарайып кеткен қазақстандықтарға жан айқайын жеткізді. Әнші құлағына сырға тағып, шашын бояйтын жігіттердің, көшеде аймаласқан жастардың көбейгеніне күйінетінін айтты. “Музарттық” серінің аяқ астынан мұндай тақырыпты қозғауы бекер емес, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Сәкен Майғазиев

Әзербайжанда ғылыми тәжірибеден өтіп келген әнші ондағы халықтың мәдениетіне қайран қалып, отандастарының кері бағытқа кетіп бара жатқанына күйінген.

“Әзербайжанда жүрген жарты айымның ішінде бірде-бір адамның дауыс көтеріп, айқай шығарып, бір-бірімен жаға жыртысып жатқанын көрмедім. Отансүйгіштігін, тілін, ділін, салт-дәстүрін берік ұстаған халықтың рухы да биік, абыройы да асқақ екеніне кезекті рет көзім жетті. Мұндағы метрода, қоғамдық көлікте әйел азаматшаның тұрып, еркектің (мейлі ол жас бала болсын) отырғанын көрмейсің. Құшақтасып, сүйісіп тұрған жастарды, қызыл-жасылға боялған, сырға таққан еркек көрмейсің. Тойып алып, тәлтіректеп жүрген тентекті “емге” таппайсың. Тыныштық сақшылары мен МАИ қызметкерлері іші-бауырыңа кіргенде қылмыс жасамақ тұрмақ, құлы болып кетуге дайын боласың. Барлығы байсалды, баба тілін біледі”, – деп тамсанды Майғазиев.

Сондай-ақ, әнші былтырғы жылы өзбек елінде болып қайтқанын, олардың да келешегінің жарқын екеніне көзі жеткенін айтты. Бұл орайда Сәкен “жүрегі қарайып кеткен” отандастарына ренішін білдірді.

“Неге біздің жүрегіміз қарайып кетті, қымбатты отандастар?! Кімдерге еліктеп қатігез болып барамыз?! Дана халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Айтпасыма болмады, асыл Отаныма оралып, Астанада қонақ үйге (атын айтып, антижарнама жасамай-ақ қояйын) орналаспақ болдым. Амандаспақ түгіл, жылы қабақ танытпаған, ана тілін білмейтін, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып тұрған қарындасым қарсы алды. Шаршап жүрген шығар деп түсінуге тырыстым. Шимайланып жазылған санды көрсетіп: “Алтыным, мына сан 9 ба 3 па?” десем: “Там же написано” деп зекіп берді. Көшедегі көліктегілердің де қабағы қатулы, бір-бірін басып озып боқтап бара жатқан бауырлар. Ашуланып жүрген бір адам.

Ол аздай, әуежайда әппәқ әжеміз немерелеріне “Чингиз, Бибигуль, (есімдеріңнен садаға кетейіндер-ай) где ходите?” дегенде-е-е… “жығылып” жатқан маған жұдырық (контрольный выстрел) тигендей болды. Біз әлі рухани қаңғырып жүр екенбіз ғой деген ойға келдім. Бабаларымыз бізге бұл жерді басқа тілде “шүлдірлеп”, білген б…н жесін деп қалдырған жоқ. Құламайық! Берілмейік! Бізге аманат еткен жүкті көтере білейік. Рухани жаңғырайық! Бір-біріміз туралы жақсы ойда болып, жылы сөздер айтып, жымиып қарағанда ғана жан-жағымыз жайнай түспек. Бір Аллаға сыйынып, ертеңімізге сенем! Құшақтадым” – деп сөзін түйіндеді ол.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
17.11.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар