Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәкен Майғазиев: Арыстанбек Мұхамедиұлы эстрада-цирк колледжіне басшылық етуімді сұраған еді

Күні кеше Сәкен Майғазиев өзі білім алған Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалған болатын. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген «Музарт» тобының әншісі мансабындағы жағымды жаңалығы турасында толығырақ тарқатып берді.

Сәкен Майғазиев Жүргенов атындағы университетте жаңа қызметке келді

– Сәкен Қордабайұлы, ассалаумағалейкум! Жаңа қызметіңіз құтты болсын. Жалпы ұсыныс қашан түсті? Алғашқыда бас тарттыңыз ба, әлде бірден келістіңіз бе?

– Уағалейкумассалам, Серікқазы! Рахмет! Негізі мен бұған дейін бірнеше қызметке ұсынылдым. Үлкен бір мәдениет сарайының басшысы болуға ұсыныс тастағанда бас тартқан болатынмын. Сосын өткенде Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне басшылық етесің бе? Өзің бітірген қара шаңырақ, өнердің жілігін шағып, майын ішкен азаматсың» – деп сенім білдірген еді. Бірақ ол кезде де бас тартқан болатынмын. «Музарт» бірінші орында, ары-бері жүру қиын болады. Ол жерде қадалып отыру керек болады. Таңның атысы, күннің батысы деген сияқты. Осы жолы тағы да өздері қарастырып, кесіп-пішіп, өмірде тәжірибе көрген, ұйымдастырушылық қабілеті жетеді деп, жаңағы «SMart» өнер мектебімді, бүкіл тарихымды айтты. Асхат Маемиров мырза шақырып алып: «Сәкен, бір жағынан болысыңыз. Бір бұрышын көтеріңіз» дегеннен кейін келдім.

Шынымды айтсам, өткен аптаның дүйсенбісінде ұсыныс жасаған болатын. Мен бір апта бас тартып, қарсылық білдіріп жүргенмін. Бірақ мейлі өнер академиясының болсын, эстрада-цирк колледжінің болсын, жалпы қазақ өнерінің отымен кіріп, күлімен шығуға дайынмын деп айтып жүретінмін. Мейлі комиссия келсін, басқа жағдайлар болсын, аккредитация кезі болсын қарайып жүріп, сол жерде сөзін сөйлеп, бір бұрышын көтеруге әрқашан дайын екенімді білдіріп жүретінмін. Бірақ осы жолы жұмысқа кірмей-ақ қояйын деген кезде, бір сөзбен айтқанда өздерінің талап-тілегі солай болды.

Кеше жиналыста мүйізі қарағайдай қазақ өнері майталмандарын жинады. Дариға Тұранқұлова бар, Аман Бекенұлы бар, Қазақстанға қаншама еңбегі сіңген қайраткерлер, қаншама театр тарландары, өнер майталмандарының көзінше ол кісілер де батасын беріп, лайық деп тапты. Сол себепті мен осы жолы бас тарта алмадым.

– Күні кеше ресми түрде Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры атандыңыз. Жаңа қызметтің алғашқы жұмыстарын атқарып үлгердіңіз бе?

– Кеше Аман Бекенұлы деген театр өнеріне, өнер акамдемиясына еңбегі сіңген өнер қайраткерінің батасын алып, кабинетпен таныстырды. Жиналыста біраз тапсырмалар берілді. Алла нәсіп етсе, атқарылатын істер көп. Енді аман-есен келесі аптадан бастап аяғыма тұрып, жұмыстарыммен жақын танысқаннан кейін барлығы халықтың көз алдында болады. Әлеуметтік желі аман болсын. (күледі)

– Сәкен Майғазиевті халық «Музарт» тобы арқылы кеңінен таныды. Жаңа қызметіңізді ұжымдағы әріптестеріңіз қалай қабылдады?

– «Менің қаншалықты «Музартқа» жаным ашитынын, халықтың батасын бірінші мүддем екенін білгендіктен, топтағы жігіттердің барлығы «Музартқа» деген жауапкершілігімді біледі. Оның барлығын түсіндірдік. Өнер академиясының ректоры Асхат Максимұлы: «Өнер адамының мәселелеріне түсіністікпен қарайтын боламыз» – деп айтты.

– Бүгінде «Музарт» сұраныстағы ұжымдардың бірегейі. Топтың жоспардағы гастрөлдік сапары, той-томалақтары, салтанатты кештердің кестесін қалай шештіңіздер? Кедергісін келтірмей ме?

– Әрине, ертең инстаграмнан «Музартпен» анда-мында жүргенімді сахнадан көргеннен кейін ел арасында қаңқу әңгіменің жүретіні заңдылық. Оның бәрін түсініп тұрмын. Психологиялық тұрғыдан дайынмын. Ең бастысы жұмыстарымның барлығын шегелеп, барлығының жақсы болатынына өзім сенімдімін.

– Айтпақшы, «Әдетте, әртістер түскен дейін ұйықтайды» деген түсінік бар. Қазіргі жұмысыңыз ақ таңертеңнен басталады. Қиындық туғызып жүрген жоқ па?

– Иә, жұмыс кестесі таңғы 9:00-ден, кешкі 18:00-ге дейін. Бірақ қадалып қалған ештеңе жоқ. Кейбір шығармашылық жұмыстар таңға дейін жүреді. Кейбір концерттер, сырттан келетін аккредитация мәселелері бар, тексерулер бар, комиссиялар бар, тәжірибе алмасу бар. Біліктілікті арттыру мақсатында шет елден қаншама адамдар келеді. Соның барлығын атқарамыз», – дейді «Музарт» тобының әншісі.

– Білуімше дәл қазіргі таңда өзіңіз қызмет ететін Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алып жүрсіз..?

– Иә, Алла қаласа докторантураның 3-ші курсындамын. Алыс-жақын шет елдерде біліктілігімді арттырып келдім. Білімді шыңдау мақсатында Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Әзірбайжанда, Ташкентте болдым. Сол орайда азды-көпті алғаным көп деп ойлаймын. Қазақстанда да «эстрада вокал» мамандығы бойынша қаншама ұстаздардың алдынан өттім. Қаншама методиканы көрдім. Бірақ әлі де ізденетін нәрсе көп.

– Сұхбатқа уақыт тауып, жағымды жаңалықпен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Сізге Stan.kz ақпараттық агенттігінің ұжымы толағай табыстар мен жаңа жұмысыңызға жетістіктер тілейді.

Автор: Серікқазы Аязбаев

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау