Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сағынтаев бюджет тапшылығын жою үшін шетелден қарыз алмайтынын айтты

Екінші деңгейлі банктердің жыртығын жамау бюджетті ақыры триллиондық тапшылыққа ұрындырды,-деп жазды  КТК арнасы.

Бүгін сенаторлар 2018-2020 жылдарға арналған бюджетті қабылдамай Мәжіліске кері қайтарды. Депутаттар үш жылдың қазынасында бірқатар салаларға ақша аз бөлінген немесе мүлдем қарастырылмаған деп есептейді. Үкімет пен Мәжіліс енді сол қателерін түзеп, жоғарғы палатаның алдынан қайта өтілулері тиіс. Үкімет қай есептен жаңылысты?

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев нөкерлерінің  бірін де қалдырмай Сенатқа алқынып жетті.  Көрші тұрған Үкімет үйінен келуінің себебі үшжылдықтың бюджетін бекітіп алу.

2020 жылға дейінгі  бюджет жобасы бірнеше ай мәжілісте пісіп-жетіліп, сенатқа түсті. Дегенмен, шикі тұстары көп боп шықты. Мәселен жалпы құны 9 трлн теңгеден астам бюджеттің тапшылығы 1,5 трлн.

Оған қоса дайын жобада сенаторлардың пікірінше кенже қалған алты сала бар. Бүгінгі ұсыныстар бюджетке жалпы сомасы 85,6 млрд теңгеге қосымша салмақ салады. Оның 22 млрды 2018 жылға қарастырылған. Үкімет мүшелерінің қыруар ақшаны нақты қайдан алу керектігі туралы жоспары жоқ. Бірақ сырттан қарыз алмаймыз деп сендірді.

«Бұл ішкі қарыз болады. Қаржы министрлігі қажетті сомаға мемлекеттік құнды қағаздар шығарады. Олар тек Қазақстан қор нарығында ғана сатылады. Соның нәтижесінде ақша айналымы елдің ішінде ғана жүреді, сыртқа кетпейді»,-дейді  ҚР Ұлттық экономика министрі  Тимур Сүлейменов.

Үкіметтің құнды қағаздарды Қазақстаннан әрі асырғысы келмеуінің себебі, облигациялар долларға сатылған күнде теңге шатқаяқтап кетуі мүмкін. Ондай жағдайда теңгемен бекітілетін бюджеттің шығындары тағы артуы мүмкін. Еліміздің бас қаржыгері жетіспейтін 1,5 трлн туралы айтып берді.

«Көктемдегі бюджетті нақтылау кезінде бюджет тапшылығын көтеруге мәжбүр болдық. Өйткені банк секторына көмектесу үшін бізге 2 трлн қажет болған. Соның 1 трлнын біз ішкі қарыз арқылы көтеріп отырмыз, 1 трлнды нысаналы трансферт ретінде ұлттық қордан тартып 2 трлн көлемінде біз банк секторына көмектесу түрінде Үкіметтік шаралар қабылдады»,-дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Тапшылық атты тасқа маңдайы тірелген Үкімет кеш болса да бүгін үнемдеу керек деген тоқтамға келді. Шығындарын қысқартып, жаңа жобаларды қаржыландыруды тежей тұрмақ.

Бір қызығы үшжылдық бюджетте мемлекет саясатының басым бағытының бірі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу ісіне ақша аз қаралыпты. Ол сенаторлар берген алты ұсыныстың ішіне кіреді. Жалпы үкімет латынға көшуге асықпайтын сынды. Мәселен теңге де жақын арада түрлене қоймайды.

«Бұл күрделі іс, сіз ойлағандай ақша бетіндегі жазуды ауыстыра салу емес. Біз ешқандай мерзім бекіткен жоқпыз, жалпы қазіргі теңгені бастыртудың өзі ұзақ мерзімді жұмыс»,-дейді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев.

Сенаторлардың алты бағыттағы 38 түзетуін тізіп алған үкімет мүшелері, уақыт бөлгендеріңізге рахмет, қараймыз, санаймыз деп тарқады.

«Бүгінгі өздеріңіздің сұрақ беру барысында, талқылау кезінде айтқан ой-пікірлеріңіз Үкіметте жан-жақты талқыланып, өз кезегінде шешімін табады деп сендіргім келеді»,-дейді ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев

Қарызға батпай, Ұлттық қорға қол сұқпай қиыннан қиыстыру күрделі іс болары сөзсіз. Сондықтан сенаторларды сендіріп кеткен Бақытжан Сағынтаев, уақыт жоғалтпай шапшаң басып жұмысына кетті.

Бюджеттің кері қайтарылуы мүлдем іске жарамсыз деген сөз емес. Негізі сенаторлар оны қолдайды, бірақ кей тұстарын түзетсеңіздер еді деп сыпайы сұрады. Мәжілістен жетіліп шыққан бойда қабылдауға дайынбыз деген сыңай танытты. Сөйтіп, Сенаттан қолдау таппаған премьер Сағынтаев пен оның нөкерлері басты қаржылық құжатты қайта есептеп шығуы тиіс.

Оқи отырыңыз:

Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің жүрегіне ота жасалды

Тоқаев: Атамбаевтың айтқан кезекті сыны тек екі елдің бірлігіне кесірін тигізуде

Сотталып кеткен атышулы Қайрат Жамалиевтің жазасы тағы да жеңілдеді

Асылып өлуге дайынмын: Алматы облысының тұрғыны жетімдер үйіне өткен қызын қайтара алмай жүр

Талқылау