Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сағадиев орыс тілді депутаттарға қазақшаны жеделдетіп үйрететін курсқа қатысуды ұсынды

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орыс тілді депутаттарды қазақ тілін жеделдетіп үйрететін топқа қатысуға шақырды.

news1461568424

Сурет kursiv.kz

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Білім министрі орыс тілді депутаттарды қазақ тілін жеделдетіп үйрететін топқа қатысуға шақырды. Айта кетерлігі, жалпы отырыста 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін талқыланған болатын.

Талқылау барысында сенатор Сергей Ершов бірқатар әріптестерімен бірге мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін, алайда ол бағдарламаны қаржыландыру биылғы жыл басынан бері тоқтатылғанын айтты.

“Қазір Парламентте де, мемлекеттік органдарда да қазақ тілін меңгеруге қатысты оқытылып жатқан жоқ. Біз осыған байланысты барлық министрліктерге хабарластық. Алайда, нақты жауап алғанымыз жоқ. Конституцияда Үкімет еліміздің азаматтарының барлығына, оның ішінде мемелекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін барлық жағдайды жасайды деп көрсетілген. Осыған қатысты біз мемлекеттік тіл жөніндегі бағдарламаны тоқтатпауды, қайта оны жаңғыртуды сұраймыз”, – деді сенатор С.Ершов.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр қаржылық жағдайға байланысты бірқатар бағдарламалар қысқартылғанын, дегенмен, тұтастай алғанда қазақ тіліне қатысты мәселелер атқарылып жатқанын айтты.

“Біз бюджетті алдағы бекіту барысында осындай олқылықтарды жоюға тырысамыз деп ойлаймын”, деді А. Мұхамедиұлы.

Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мемлекеттік тілге оқытуға қатысты әдіснаманың әлі күнге нашар деңгейде қалып отырғанына тоқталды.

“Біз қазақ тіліне оқыту әдісін түбегейлі өзгертетін боламыз. Орыс тілінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер қауымымен күні кеше кездестік. Олардың және басқа да тіл мамандарының ұсыныстарын ескере келе, ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін біз қажетті әдіснамаларды дайындап шығып, қазақ тіліне оқытатын мектептерге және жалпы халық үшін оны енгізуді қарастырамыз. Жедел оқыту әдістері ғылыми негіздерге сүйенеді, онда барлық заманауи технологиялар қолданылады. Біз Мәжілістің орыс тілді депутаттарын ағымдағы желтоқсан айында ашылатын мемлекеттік тілге жедел оқыту тобына қатысуға шақырту жолдадық. Сенторларды да мемлекеттік тілге жедел оқытатын топқа қатысу үшін жазылуға шақырамыз”, деді Е. Сағадиев.

Тағы да оқыңыз:

Мәдениет министрі Ерлан Сағадиевті сынның астына алды

Бір топ зиялы қауым Сағадиевтің бастамасына қарсы шығып, президентке ашық хат жолдады

Панама офшорларының тізімінен министр Сағадиевтің де аты-жөні шықты

Талқылау