Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сафар Шәкеевті іздеу кезінде кездейсоқ табылған жігітті анасы іздеп келді

Алматыда Еркеш Шәкеевтің ұлы Сафарды іздеу кезінде кездейсоқ табылған жігіттің анасы іздеп келді.

88888

Бұл туралы Бекнур Кисыков Фейсбуктағы парақшасында “Евразия” арнасына сілтеме жасай отырып хабарлады.

Еске сала кетсек, жадынан айырылған жігіт №7 қалалық ауруханадан табылған еді. Ерікті өзін Махмұд Әлиев деп таныстырған жігітті жансақтау бөлімінен тапқан еді. Ауруханада жатқанына үш апта болған жігіт өзінің қай жақтан және үйі қайда екенін білмейтінін айтқан. Оны көлік қағып кеткеннен соң 4 шілде күні ауыр халде ауруханаға жеткізген екен. Оның жағдайын жақсарту үшін жасалған операция екі сағаттан астам уақытқа созылған. Дәрігерлер оның аман қалуын ғажайып нәрсе деп атап отыр.

Телеарнаның мәлімдеуінше, дәрігерлер мен полицейлер жігіттің отбасын қанша іздесе де таба алмаған. Тек еріктілер оның суретін әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін туыстары өздерінің ағайыны туралы білген. 25 шілде күні ауруханаға Семейден оның анасы келіпті. Белгілі болғандай жігіттің аты шынымен де Махмұд, ал тегі Алинов екен. 33 жастағы жігіт қаладағы базарлардың бірінде күзетші болып жұмыс істеген.

“Өз ұлын жоғалтқан анасы не сезінуі мүмкін? Осы уақыттың барлығы мен үшін өте қиын болды. Бірінші кезекте, біз оны құлдыққа алып кеткен шығар деп күдіктендік. Құдайға шүкір, ол тірі. Ал денсаулығын емдетеміз”, – деді анасы Ләззат Босаева.

Дәрігерлердің айтуынша, Алиновтың қайта қалпына келуі ұзақ уақытқа созылады екен. Сегіз айдан соң бас сүйегіне қайта операция жасалмақ. Бір жылдан соң ғана жас жігіт толыққанды өмір сүру мүмкіндігіне ие болмақ.

Ал Алматылықтар Еркеш Шәкеевтің жоғалып кеткен ұлы қайта оралар деп әлі үміттеніп отыр. Кисыков өз жазбасында Сафардың іздеу жұмыстарына әр елден адамдардың қызығушылық танытып жатқанын айтты. “Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және басқа елдерден де жазып жатыр. Еркеш Шәкеевті қадір тұтатындары соншалық, әлемнің әр түкпірінен хабарласып, Сафар туралы жаңалықтарға жіті құлақ түріп отыр. Мен мүмкіндігінше сіздердің сөздеріңізді Еркешке жеткіздім. Ол қолдау білдірген барша адамдарға алғысын айтты”, – деп жазды Бекнұр.

Қисықовтың сөзінше, күн сайын іздеу штабына өз еріктерімен келіп қосылып жатқан алматылықтардың да саны көп екен. “Еркештің жақын достары жағдай үшін қатты алаңдап штабта кезекшілік етуде. Штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Сафарды табу үшін мүмкін болғанның бәрін жасап, Аллаға сыйынып жатырмыз. Сафардың қайта оралуы үшін Еркеш барша халықтан дұға етіп қоюды сұрап жатыр. Сафарды қайтадан көріп, қуанамыз деп ойлаймын”, – деп жазды ол.

Жазба авторы сондай-ақ, Сафардың былтырғы жылы әлеуметтік жарнамалар конкурсында бірінші орын алғанын да жазған. “Оның “Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз” деген ролигі біздің жүрегімізді тебіренткен” дейді ол.

Еске сала кетсек, 25 жастағы Сафар Шәкеев 16 шілдеде Алматыда жоғалып кетті. Оны соңғы рет Әл-Фараби даңғылындағы “Казкоммерцбанк” жанынан таңғы 7.00-де көргендер бар. Ол үстіне алқызыл жейде мен көк джинсы киген. Оны осымен жетінші күн қатарынан іздестіріп жатыр. Достары мен жақын туыстары, полицейлер мен еріктілер оны іздеп бүкіл қаланы шарлауда. Сафар Шәкеевтің қайда екенін туралы айтылған ақпаратқа арнайы сыйақы да тағайындалған.

Егер оны көргендер болса, онда мына нөмірлерге хабарласуын сұраймыз: 8 (747) 626-48-54, 8 (775) 478-87-71. Сонымен қатар 16 шілде күні таңғы 6-дан 9-ға дейін Әл-Фараби даңғылы Есентай өзені қасынан өткен көліктердің бейнетіркегішіндегі жазбалар да қажет.

 

Талқылау