Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәбилерге арналған Фин қораптары әлемді жаулауда

Финляндияда әр болашақ анаға табыс мөлшері мен отбасылық жағдайына қарамастан, мемлекеттен нәрестеге алғашқы уақытта қажетті заттар жиынтығы салынған арнайы қорап беріледі.

finnish-boxes-0

Сурет: fishki.net

Жиынтыққа жөргек, комбинезон, қолғап және сәби күтіміне қажет басқа да заттар кіреді.

Алайда жас аналар қораптың ішіндегі заттарды ғана емес, қораптың өзін де пайдаға асырып жатқандығы анықталды. Қорап ішіне матрас төсесеңіз, нәрестеге арналған тамаша төсек болып шыға келеді.

Мұнымен қоймай, Финляндиядағы нәрестенің шетінеу деңгейінің төмендігін сәби өмірінің алғашқы айларында аталған қорапты төсек ретінде қолданумен байланыстыратын пікірлер де баршылық.

Қораптың тарихы

Финляндия үкіметі нәрстеге арналған қорапты 1938 жылда-ақ үлестіре бастаған. Бастапқыда оны тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар ғана алса, 1949 жылға қарай арнайы қорап қалың жұртышылыққа жаппай таратылған.

Фин әлеуметтік сақтандыру Институтының қызметкері Хейди Лиезивезидің айтуынша, алғашқыда қорап үлестіру әйелдерге медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығын дәлелдеу мақсатында қолға алынған.

«Қорапқа немесе аналық грантқа иелену үшін, әйел адамдарға жүктіліктің 4-айына дейін дәрігер немесе мемелекеттік туу алды клиникасының қарауынан өту міндеттелген», – дейді ол.

Осылайша, қорап жас аналарды қажетті заттармен қамтамасыз етіп қана қоймай, мемелекетте әлеуметтік медицина енді ғана қалыптаса бастаған тұста дәрігерлер мен ауруханалардың қызметіне жүгінуге үйреткен.

1930-жылдары Финляндия айтарлықтай кедей мемлекет болған. Мемлекетте нәрестенің шетінеу деңгейі жоғарылаған: 1000 нәрестенің 65-і 1 жасқа толмай қайтыс болған. Бірақ бұл санақ өте жылдам қарқында жөнге келе бастады.

2015 жылы Финляндиядағы нәрестенің шетінеу деңгейі әлемдегі ең төменгі көрсеткішті көрсеткен: 1000 нәрестеге 2,3 есебінде келеді.

Қораптың салтанатты шеруі

2013 жылы Финляндия үкіметі мұндай қорапты бірінші нәрестелерін күтіп жүрген Кембридж герцогі мен герцогинясына сыйлаған.

Осы есте қаларлық оқиғадан кейін финдік үш жас әке арнайы қораптарды әлем елдеріне жеткізе бастайды. Олардың ізімен АҚШ-тағы екі жас ана да қорап таралымын қолға алған. Қазіргі уақытта Ұлыбритания мен әлемнің басқа да елдерінде ұқсас компаниялар бар.

Ойлап қарасақ, бұл ой – жүзеге асыруға өте жеңіл әрі нәтижелі. Тіпті, денсаулық сақтау саласының қызметерлері де өз мақсатына жеке жеткізушілерді тартып,  қорап таралымынан қалыс қалмады.

Қораптар бір-біріне ұқсай бермейді

Көбіне қорап ішіндегі заттар жасалған жеріне байланысты әр түрлі болып келеді. Мысалы, Оңтүстік Африкада қорапты пластиктен жасап, жергілікті аналар оны төсек ретінде емес, балаларды шомылдыруға арналған ванна ретінде қолданады.

Дегенмен оңтүстік африкалық қораптың негізігі мақсаты өз кезінде Финляндияда орын алған жағдай іспетті, жас аналарды жүктіліктің алғашы кезеңінде дәрігерлер мен акушерлік клиникалардың қарауынан өтуге ынталандырумен байланысты.

Сттеленбош университетінің зерттеушілері анықтағандай, жүктіліктің алғашқы кезеңінде клиникаларда қараудан өте бастаған әйелдер санының күрт өсуі Оңтүстік Африкада Thula Baba Box аталатын қораппен тығыз байланысты.  Нәтижесінде адамның иммундық тапшылық вирусын жұқтырған әйелдердің босану барысында көз жұмуы айтарлықтай төмендеген. Оған қоса, адамның иммундық тапшылық вирусының анадан балаға жұғу жағдайлары да азайған-ды.

Оңтүсік Африкада қорап тартумен екі жас кәсіпкер – Де Вильерс пен Херцог айналысады. Олар бұл жүйені мемлекеттің басқа да аймақтары қолға алса екен дейді. Қазіргі уақытта арнайы қорап алу мүмкіндігіне тек Батыс Кап провинциясының жас аналары ие.

Гарвард университетінің медицина факультетінің студенті Карима Ладхани аталған ойды Оңтүстік Азияда жүзеге асыруға шешім қабылдаған.

Үндістандағы алғашқы «құдай берген жиынтықты» (нәрестеге арналған арнайы қорапты Үндістанда осылай атайды) Гуджарат провинциясының Джагадия қаласындағы ауылдық ауруханада жатқан әйелдер алған.

Қораптың пайдасы мол

Қорап тек дамушы елдерде ғана танымалдыққа ие деп ойлаудың қажеті жоқ.

Queen Charlotte’s and Chelsea Hospital Лондон ауруханасы Baby Box Co америкалық компаниясы жеткізетін қораптарды жүкті әйелдерге үлестіре бастаған.  Клиника дәрігерлері бағдарламаның жүкті әйелдерді бала күтіміне үйрету үшін жүзеге асырылғандығын айтады.

«Бізге болашақ ата-аналардың балаға арналған бесік пен төсек алуға мүмкіндігі бар болып көрінгенімен, өмірде олай бола бермейді», – дейді қорап таралымын ұйымдастырған гинеколог дәрігер Карен Джош.

Оның ойынша, төсекке айналған қорапты сәбидің ата-анасы жататын бөлмеге қоюға болады екен.

Жақын арада Queen Charlotte’s and Chelsea Hospital 600-ге жуық арнайы қорапты аяғы ауыр қаралушыларына таратпақ ниетте.

Америкалық қорап

Америка құрама штаттарында бірнеше жүкті әйелдерге көмек көрсету бағдарламалары қолға алынғалы отыр. Олардың ең ірісі Техас штатының Форт-Уэрт билігі бастаған науқан болмақ.

Алдағы екі жыл ішінде қала ауруханалары 36 мыңға жуық нәрестеге арналған арнайы қорап таратпақшы. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері науқан ата-аналардың сәбиін өздерімен бір төсекке жатқызбауына сеп болады деген үмітте. Нәресте шетінеуі көбіне аталмыш жағдай салдарынан орын алады екен.

«Біз тұрғындардың басым бөлігі нәрсетенің шетінеу мәселесінің салмақтылығын түсіне бермейтіндігін аңғардық. Әрбір нәрестеге арнайы қорап беріп, оларға ұйықтауға қауіпсіз орын сыйлағымыз келеді», – дейді дәрігер Дайан Дейли.

Мұнайшы әйеліне арналған қорап

Канадалық Альберта провинциясында әуелгіде қорап әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана берілген. Артынша мұнай мен газға бай Альберта провинциясында жағдайы төмен отбасылардың қарасы аз екені анықталған.

Бұл өлкедегі көптеген ер адамдардың мұнай шығару өнеркәсібінде жұмыс істеп, апталап немесе айлап үйлерінде бола алмайтындығы мұнайшылардың әйелдеріне біршама қиындықтар туғызады. Нәрестемен жалғыз қалған жас ана ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмай әбігерге түседі.

Альбертадағы қораптар тәлімгерлік бағдарлама негізінде таратылады. Қораппен бірге әрбір ана тәлімгердің телефон нөмірін алады. Ол жүктіліктің 32-аптасынан бастап сәбиі 6 айлық болғанша тәлімгермен хабарласып, кеңес алып отырады.

160410112551_baby_box_624x351_babyboxco_nocredit

Сурет: bbc.com

Сонымен қатар, жас ананың отбасы мүшелері немесе достары оның теріс әрекеттерін көре тұра, араласпағанды жөн көреді. Бұл да өз алдына қиындық туғызатын мәселе. Билік жағдайды өзгертуге ниетті.

Бағдарлама енді ғана қолға алынып жатқандықтан, бүгінгі күн тәлімгердің телефон нөмірі бар қораптар 50-ге жуық жас аналарға берілген. Кезекте тұрғандар саны бір жарым мыңға жуық.

Сәбиді күту бойынша нұсқаулық

Канадалық қораптардың тағы бір жаңалығы бар. Олар арнайы қораптардың ішіне жас әкелерге арналған бала күтімі бойынша нұсқаулық та салған. Тағы бір ерекшелігі, ол көлік жөндеу бойынша нұсқаулық сияқты жазылған.

Нұсаулықта жас әкелерге сәбиді «жанармаймен», яғни ана сүтімен тамақтандырудың маңыздылығы түсіндіріліп, «капот астына» (жаялықты ауыстыру) жиі  қарап тұру керектігі ескертіледі. «Жаңа көліктің тазалығын сақтап, жайлы жағдай жасау керек», – деп кеңес береді нұсқаулық авторлары.

Финляндия билігі нәрестеге арналған қораптарының танымалдылығын ескеріп, әлем мемлекеттерінде арнайы таныстыру рәсімін жиі өткізіп жүр.

Қорап – панацея емес

Ғаламшарымыздың тұрғындарының барлығы дерлік арнайы қорап көптеген бақытсыздықтың алдын-алады деген пікірмен келісе бермейді.

Британиялық Борнмут университетінің профессоры Колин Причард аталмыш бағдарлама нәрестелерге ұйықтауға арналған қауіпсіз орын қамтамасыз етуі себепті теориялық тұрғыдан маңыздылыққа ие, алайда айтарлықтай нәтиже көрсетпегендігін айтады.

Ең дұрысы – кедейлікті жойып, ата-аналарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеп, оларды бала күтіміне үйрету. Профессордың ойынша, жоғарыда аталғандар – нәрестенің шетінеу деңгейінің төмендеуінің кілті іспетті.

e2a3756771db2d0b13b68616fd8ade41

Сурет: fishki.net

Финдік қораптың ішіне қандай заттар салынған?

  • Матрас, су өткізбейтін матрасқап, төсек жаймасы, сейсеп, қаптөсек немесе көрпе
  • Нәрестеге арналған төсек ретінде қолдануға болатын қорап
  • Қыстық комбинезон, бас киім, жылы қолғап пен башмақай
  • Капюшонды жеңіл комбинезон мен тоқылған жейделер
  • Шұлық, қолғап, тоқылған бас киім
  • Комбинезон, шалбар, леггинстер (түстері мен өрнектері ұлдар мен қаздарға бірдей жарайды)
  • Сүртінуге арналған капюшонды орамал, тырнақ алуға арналған қайшы, тарақ, тіс щеткасы, ваннаға арналған термометр, балаларға арналған иісмай, дене ысатын ысқыш
  • Жөргектер мен дәкелік жаялық
  • Суретті кітап және шығып келе жатқан тіске арналған ойыншық
  • Көкірекшеге арналған төсемелер мен мүшеқап
Талқылау