Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сабақ басталмай жатып бірінші сынып оқушылары мектептен қуылып жатыр

Алматы облысында жүзге тарта бірінші сынып оқушысы білім ошағына кіре алмай жүр. Кеше ғана алғашқы қоңырау салтанатына қатысып қуанған балғындар үшін енді партаға отыру арман, деп хабалайды КТК арнасының сайты.

20150901145542

Бүгін мектеп басшылығы қолымызға құжаттарды ұстата салғанда не істерімізді білмей қалдық дейді ата-аналар. Сөйтсе, бұған Алматы облыстық білім басқармасынан тиісті қаржының бөлінбеуі себеп екен.

Су жаңа мектеп формасы мен сөмкесін асынған бұл балалар қазір партада отыруы тиіс еді. Бірақ оның орнына таңнан бері мектепті айналшықтап, сабақтан шыққандарға қызыға әрі қызғана қарап жүр. Себебі, бірінші сыныптың 98 оқушысын мұндағылар өзектен теуіп жатыр.

“Азанғы 8-ден бастап, балаларымызды киіндіріп, мектепке алып келдік. Келсек, сабақ болмайды, документтеріңді алып кетіңдер деп 2 сентябрьде айтып тұр. Балаларға издевательство мынау. Қабылдады ма, алсын. Өйтіп алмай ма вообще қабылдамауы керек еді”, – дейді Қарғалы ауылының тұрғыны Гүлнар Тұрыспаева.

Қарғалы ауылындағы №5 гимназияда оқу үшін бұл балалар тіпті арнайы іріктеуден де өткен. Бірақ, соның өзінде далада қалып отыр.

Алайда ата-аналар тек осы мектептен әлі де үмітті. Себебі, қалған білім ошақтарында бірінші сынып оқушылары әлдеқашан толып қалған.

“Басқа мектепке жібереміз дейді. Басқа мектеп: Әсет Бейсеуов. Ол жерде 9 бірінші класс бар. 20 минуттан сабақ береді дейді. Мен ол жерге баламды бергім келмейді. 20 минут не сабақ алады? Екінші этажды көрің. Пустой тұр. Ал, балдарды неге қабылдамайды?”, – дейді Қарғалы ауылының тұрғыны Алтын Оразбаева.

Тіпті жұрт қыруар ақшаға тек осы мектепке сай форманы тіктіріп те қойған екен. Мұңын айтқан ата-аналар мектеп директорынан да тұщымды жауап ала алмапты. Сөйтсе, балаларға бұлай қиянат жасалуына Алматы облыстық білім басқармасынан тиісті қаржының бөлінбеуі себеп екен. Ал қажетті 2 сыныптың орнына, бес бірдей бірінші сынып оқушыларын қабылдау менің қателігім болды дейді директор.

“Біздің қолымызда тұрған жоқ. Біз қателікпен артығымен алып отырмыз ғой. Енді, міне нақты шешілгеннен кейін 1 орыс, 1 қазақ класын қалдырып отырмыз. Тікелей менің, осы жердегі біздің қателігіміз болып отыр. Біз енді қабылдай алмаймыз. Нақты”, – дейді гимназия директоры Жұлдыз Құралбаева.

Осылайша білім ошағының басшысы оқушыларды қабылдамайтынын кесіп айтты.

Ал облыстық білім басқармасы оқушыларды далада қалдырмаймыз деп сендірген. Жақын күндері оларды Қарғалы ауылындағы қалған 4 мектепке қалайда орналастырмақ. Сондықтан таңнан бері осы жерді айналшықтап жүргендердің мектептен құжаттарын алып кетуден басқа амалдары жоқ.

Жіберіп алмаңыз:

Алматыдағы мектептердің бірінде биыл 1-сыныптан 17 класс жасақталды

Талқылау