Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рыпакова әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді

Ольга Рыпакова Лондонда өтіп жатқан ХVІ әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Алтын Венесуэлаға, күміс Колумбияға кетті.

9898

Бұл туралы kazathletics.kz хабарлайды.

Үш қарғып секіруден әйелдер арасындағы финалдық бәсеке Астана уақытымен түн қараңғысында өтті. Жүлдеден үмітті үш қыздың ішінен ең әуелі Ольга Рыпакова шығып, өз бағын сынады. Ол бірінші мүмкіндігінде 14,45 метрге секіріп, бірден көш бастады. Іле-шала Венесуэла аруы Юлимар Рохас пен Колумбияның мақтанышы Катрин Ибаргуэн сынға түсті.

Юлимар Рохас 14,55 метрді еңсерсе, Катрин Ибаргуэн одан да асып түсіп, 14,67 метрге секірді. Басқа қыздар үшеуіне ілесе алмай қалды. Өкінішке қарай, Ольга екінші мүмкіндігінде қарғу сызығын басып кетті. Әрине, оның бұл мүмкіндігі есепке алынбайды.

Ал Юлимар 14,82 метрге секіріп, Катрин 14,69 метрді еңсерді. Ольга үшінші мүмкіндігінде 14,77 метрге қарғып, екінші орынға шыққан. Бірақ ұзақ тұрмады. Ізінше Рохас өз көрсеткішін бір сантиметрге арттырып, Ибаргуэн 14,89 метрді еңсерді де, қайтадан бірінші орынға көтерілді.

Olga+Rypakova+16th+World+Championships_08_08_17

Бұдан кейін Ольга 14,32 метрге, бесінші мүмкіндігінде 14,52 метрге, ал соңғысында 14,36 метрге секіріп, әлем чемпионатын үшінші орынмен аяқтады. Ал Юлимар мен Катрин саф алтынға таласып, бәсеке көрігін мейілінше қыздыра түсті.

Венесуэла аруы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Юлимар Рохас бесінші мүмкіндігінде 14,91 метрге секіріп, Лондондағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Биыл 21 қазанда ғана 22-ге толатын талантты қыз көпшілікті тәнті етті.

Ал Рио Олимпиадасының чемпионы һәм екі дүркін әлем чемпионы (Мәскеу-2013 және Бейжің-2015), сондай-ақ 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында күміс жүлдегері Катрин Ибаргуэн өзінің үшінші мүмкіндігіндегі көрсеткішінен аса алмай қойды. Ең соңғы мүмкіндігінде барын салып-ақ еді, алайда 14,88 метрмен шектелді…

Сөйтіп, үш қарғып секіруші қыздар бәсекесі аяқталды. Ольга Рыпакова үшінші рет әлем чемпионатынан жүлде алды. 2011 Тэгуде күміс, ал 2015 Бейжіңде қола жүлдегер атанған қызымыз 2017 жылы Лондонда да үшінші орынға ие болды. Бұл – үлкен жетістік! Әрі 14,77 метр – оның биылғы ең үздік көрсеткіші.

Оқи отырыңыз:

Ольга Рыпакова әлем біріншілігінің финалына шықты

EXPO-2017 Football Cup турнирінде Қазақстан құрамасы Әлем құрамасынан ірі есеппен ұтылды

Иса Ақбербаев украиналық қарсыласын нокаутқа түсірді

“Астана” Чемпиондар Лигасында “Селтикпен” кездесетін болды

Талқылау