Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рио Олимпиадасында 5 қазақстандық дзюдошы ел намысын қорғайтын болады

Бүгін Алматыда Дзюдо Академиясында өткен баспасөз мәслихатында биыл сәуір айында Ташкентте өткен Азия біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай марапатталып, алдағы Рио Олимпиадасына баратын дзюдошыларымыздың есімдері жарияланды.

онрепк

Сурет vesti.kz

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Шара барысында Азия чемпиондары Елдос Сметов (60 келі) пен Мариан Ордабаеваға (63 келі) 7000 АҚШ доллары, күміс жүлдегерлер – Дидар Хамза (66 келі) мен Гүлжан Исановаға (78 келі) 5000 АҚШ доллары, қола медаль иегерлері – Елдос Жұмақанов (66 келі), Әзиз Қалқаманұлы (81 келі), Максим Раков (-100 келі) және Ержан Шынкеевке (+100 келі) 3000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы табысталды.

Сонымен қатар, бас бапкерлер мен жеке жаттықтырушылар, кешенді ғылыми топтың қызметкерлері де қаржылай сыйақылармен марапатталды. Қазақстанның дзюдо федерациясының басшылығы спортшыларды Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткендері үшін алғыс білдіріп, алдағы Рио-де-Жанейрода өткізілетін Олимпиада ойындарына жолдама алған дзюдошыларға сәттілік тіледі.

“Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы дзюдодан биыл Ташкентте өткен Азия чемпионатында жүлде салған балуандарымызды марапаттауға сыйақы бөлген болатын. Бүгін Рамазан айының қасиетті күні сол сый-сыйапатымызды көрсеттік. Әрине, балуандарымыз ақша үшін емес, ел намысы үшін күреседі. Дегенмен, олар осындай марапаттарға лайықты. Сондай-ақ Халықаралық дзюдо федерациясы Рио Олимпиадасына баратын қазақстандық бес дзюдошыға лицензиялық кимоно бөлген болатын. Соларды табыстадық. Әрине, біздің бұдан да көп лицензия алсақ деген үмітіміз болды. Бірақ, сонда да көңілімізді түсірмейміз. Рио Олимпиадасына кілең мықтылар іріктелді. Оларға артар үмітіміз зор. Кем дегенде бір алтынға қол жеткіземіз деген үміттемін”, – деді Қазақстанның дзюдо федерациясының вице-президенті Маратбек Мықтыбеков.

Сонымен, Халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан Қазақстанның атынан Рио Олимпиадасына мынадай дзюдошылар шақырту алды. Олар: Елдос Сметов (60 келі), Жансай Смағұлов (66 келі), Максим Раков (-100 келі), Галбадрах Отгонцецег (48 келі) және Мариан Ордабаева (63 келі).

Бүгінннен бастап ел құрамасы Шымбұлақта Олимпиада қарсаңындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастайды.

Атап өту керек, паралимпиада ойындарында ел намысын Жандос Қияновтың шәкірті, Ануар Сәриев қорғайтын болады. Ануар жақында ғана Англияда өткен “Гран При” жарысында қола медальды жеңіп алған.

Айта кетелік, бүгінгі таңда дзюдодан Қазақстанның ерлер құрамасы әлемдік рейтингте ұлттық командалар арасында 8-ші орында, ал қыздарымыз – 17-ші сатыда тұр.

Талқылау