Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рио-2016: Қазақстан жалпы есепте 15-орынға көтерілді

Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 15-орынға көтерілді. Бұл туралы Риодағы Қазақпарат тілшісі хабарлады.

рио1111

Тура қазір  есеп бойынша АҚШ 26 алтын 22 күміс, 24 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте  көш бастап тұр.

Екінші орында 16 алтын, 17күміс, 8 қола медаль еншілеген Ұлыбритания спортшылары үздік екілікте болса, үштікті 15 алтын, 14 күміс, 17 қола медаль жеңіп алған қытай спортшылары келе жатыр.

Ал Қазақстан құрамасы 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен жалпы есепте 15-орында тұр.

Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі спортшымыз – ауыр атлет Нижат Рахимов және 200 метр қашықтыққа жүзуден Дмитрий Баландин екеуі алтын жеңіп алды.

Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет қазақтың қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанған еді.

Кеше Қазақстан қоржынындағы медальдар санын Ольга Рыпакова тағы бір медальмен яғни, сегізінші жүлдемен толықтырса, бүгін Василий Левит үшінші күмісті жеңіп алды. Ал ауыр атлет Александр Зайчиков қола медаль жеңіп алды.

 

Талқылау