Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иван Дычконың келесі қарсыласы кім?

Рио Олимпиадасында бокстан 1 алтын және 2 күміс медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастады. Шаршы алаңда жартылай финалда 91 келіден астам аса ауыр салмақта тағы бір қазақстандық боксшы Иван Дычко өнер көрсетеді.

20160819154243
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Оның жартылай финалдағы қарсыласы Ұлыбритания боксшысы Джозеф Джойс болмақ. Д.Джойс 2013 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы Достастық Ойындарында жеңімпаз атанған, 2015 жылы Бакуде өткен Еуропа Ойындарының алтын медаль иегері, Дохадағы Әлем чемпионатында үшінші орын алған әккі боксшы. Ол 1/8 финалда Кабо-Верде елінің боксшысы Дэвилсон Мораишты нокаутпен, ширек финалда өзбекстандық Баходир Джололовты 3:0 есебімен ойсырата жеңгені әлі есімізде. Өте қарымды, ірі денелі, сауатты боксшы.

Иван Дычконың бойы қарсыласынан сәл ұзын – 205 сантиметр. Ал ағылшынның бойы – 197 сантиметр. Ең бастысы – қазақстандық боксшы осы басымдығын өз пайдасына қолдана біледі. Алыстан жүріп, сол қолымен джеб тастап, қарсыласына жақындауға мүмкіндік бермейді. Бірақ өзбекстандық боксшыны оңай жеңген Джозеф Джойстың өнерінен кейін секем ала бастадық…

Ағылшын боксшысының әлеуетін көріп, букмекерлік кеңселер де бірден шешімдерін өзгертті.

Олимпиада қарсаңында аса ауыр салмақ дәрежесінде француз боксшысы Тони Йока 4 коэффицентпен көш бастап тұрған еді. Ағылшын боксшысы, Джозеф Джойс 4.15 коэффицентімен екінші орында болса, қазақстандық боксшы Иван Дычко 5 коэффицентімен үшінші орынға жайғасқан болатын.

Қазір букмекерлер 2,3 коэфицентімен Джойсты фаворит санап отыр. Француз Тони Йока – 2.5, Ф. Хргович (Хорватия) – 6, И. Дычко – 6.5.

Ал Дычко мен Джойс жекпе-жегінде қазақстандық боксшының жеңісіне 3,5 коэффицент берілсе, оның қарсыласына 1,27 коэффицент тағайындалған. Қарап отырсақ, букмекерлер Иван Дычконың оған қарсы еш мүмкіндігі болмайды деп отыр және айқын басымдықпен жеңіліс таппақ.

АИБА рейтингісінде біздің Иван Дычко көш бастауда. Джозеф Джойс тек үшінші. Бұл кездесуде қазақстандық боксшы дұрыс тактика таңдайтын болса, қарсыласынан басым түсетін барлық мүмкіндігі бар. Оның үстіне И.Дычконың тәжірибесі молырақ. Ол – 2012 жылғы Олимпиада ойындарында қола медаль иегері, 2011, 2013, 2015 жылдардағы әлем чемпионаттарының жүлдегері.

Иван Дычко мен Джозеф Джойс арасындағы кездесу 19-нан 20-на қараған түні, Астана уақытымен 00:15-те өтеді.

Айта кетейік, қазақ боксшылары Рио Олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс медальмен Куба мен Өзбекстанды артқа тастап, жалпы есепте көш бастауда.

Екінші орында келе жатқан өзбек боксшыларында 1 алтын, 1 күміс пен 2 қола медаль бар. Ал дүниежүзінің бокс державаларының бірі саналатын Куба құрамасы 1 алтын, 3 қола медальмен үздік үштікті түйіндеп отыр. Көрші Ресей елі 1 алтын, 2 қоламен төртінші орынды місе тұтты.

Айта кетейік, біздің құрамада Данияр Елеусінов 69 келіде алтын алса, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов пен 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Василий Левит күміс еншіледі.

 

Жіберіп алмаңыз: 

Ниязымбетов: Қиянатқа қалай шыдауға болады, айтыңдаршы…

Әділбек Ниязымбетовтың финалдық жекпе-жегі (фото, видео)

Гюзель Манюрова Қазақстан қоржынына бесінші күміс жүлдені салды

Балуан Екатерина Ларионова олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды (фото)

Талқылау