Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық кәсіпкер Ресейде бесінші «Бауырсақ» дүкенін ашты

Қазақстандық азық-түлік тауарлары Ресей нарығында үлкен сұранысқа ие. Өйткені экологиялық таза және сапасы жоғары. Отандық «Бауырсақ» атты сауда желісі Мәскеу облысындағы алғашқы дүкенін 2012 жылы ашқан болатын.

Безымянный

Сурет РФ-дағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Бүгінде Ресейде қазақстандық өнімдерді саудалайтын 5 дүкен бар. «Бауырсақ» бренді мәскеуліктер арасында аса танымал. Қазақстанда жасалған азық-түлік өнімдерін Ресей нарығына шығарған тауар маркасы 4 жылдан бері табысты қызмет етеді. Бұл – Мәскеу қаласы мен облысында ашылған бесінші дүкен.

Жаңа сауда орталығының алғашқы қонақтары қазақтың қонақжайлылығына куә болды. Сауда желісінің жылдық айналымы – 50 миллион рубль. Кәсіпкер Елена Кондакова мұнымен шектеліп қалмақ емес. Ресейдің өзге аймақтарында да дүкендерін ашуды көздейді. Елена өзі табыс тауып қана қоймай, қазақстандық өндірушілер үшін де 20 миллионға жуық тұтынушысы бар Мәскеу аймақтарына жол ашып отыр.

“Осы жылдары бізбен әріптестік орнатқан 30-ға жуық компания бар. Сапалы өнім өндіретін жаңа кәсіпкерлер де қосылады. Мыңға жуық тауар түрі бар. Бұл сан жылдан жылға артып келеді”, – дейді кәсіпкер Елена Кондакова.

“Ресейдегі Қазақстан сауда өкілдігі тарапынан Ресей нарығына отандық тауардың экспортын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Біздің тауарлар үлкен сұранысқа ие, мұны сауда көлемінің артуынан байқауға болады. Расында да, жергілікті тұрғындардың қазақстандық азық-түлік өнімдеріне деген көңілі ерекше. Әсіресе шай мен шоколодқа сұраныс жоғары”, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Гүлжан Бодукова.

“Ең бастысы өнімдер таза. Лапша, тәттілер, печенье мен вафельді жиі алып тұрамын. Сапасына көңілім толады. Бүгін арнайы осы дүкенге келдім”, – дейді сатып алушы Татьяна Бурлакова.

Дүкенде шұжық та, қазы да, тауық та бар. Павлодарлық кәсіпкер болашақта қазақтың ұлттық тағамдарын ресейлік тұтынушыға ұсынуды жоспарлап отыр. Кім біледі, жақын күндері бауырсақ пен қазақтың еті мәскеуліктердің сүйікті тамағына айналар.

Талқылау