Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей жалға алған полигондарға қатысты сенаторлар тағы дауласып қалды

Бұл жолы да халық қалаулылары әйгілі сынақ алаңы Сарышаған үшін Мәскеудің тиын-тебен төлеп отырғанына күйінді. Жоғарғы палатадағы текетірес мұнымен тоқтаған жоқ. Өйткені, Қорғаныс министрлігінің Қырғызстанға миллиондаған оқ пен гранатаны тегін беруі депутаттардың кәдімгідей түсінбестігін туғызды. Олар бір патрон шығармайтын Қазақстан алдымен «өз әскерін неге жарылқамайды?» деп сұрақты төтесінен қойды,- деп хабарлайды ктк арнасы.

????????????????????????????????????

Сарышаған – шағын екі Еуропа мемлекеті сыйып кететін Ресейге жалға берілген еліміздегі ең үлкен полигон. 4 облыстың аумағын, яғни 8 миллион гектар жерді алып жатқан жабық сынақ алаңы үшін Мәскеу гектарына 400 теңге төлейді екен. Және бұл сомаға Приозерск қаласының шығынын да кіргізіп қойған. Мұны тиын-тебенге теңеп ашуға мінген депутаттар араға апта салып Сенатқа қайта келген Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаровқа шүйлікті.

“Өзіміздің халыққа берген жерді қадағалаймыз. Шетелге жалға беріп, полигонда сынақ жасап жатыр. Халықтың денсаулығына әсер етеді ол. Қадағалау керек.Қорғаныс министрі орынбасарының жауабына мүлдем қанағаттанбаймын”,- дейді Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов.

Ал жаңа зымырандарын сынап, қалдықтары тасталатын Сарышаған үшін төленетін өтемақыны көршілеріміз азайтып отыр. Себебі Ресей полигонның 1 миллион гектарын Қазақстанның меншігіне қайтарып беретін болды. Мәскеу енді қалған 7 миллион гектар үшін жылына 5 жарым миллиард теңге төлеуі тиіс. Бүгін Қорғаныс вице-министріне шүйліккен Қуаныш Айтахановтың арынын тек Нұртай Әбіқаев басты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал әріптесін жақтай сөйлеп, Мәскеуді бекер кінәлай бермеу керек деп кеңес берді.

“Полигонды Ресейден гөрі Қазақстанның көп пайдаланатынын айтуды ұмытып кете береміз. Әскери-техникалық саладағы келісім бойынша, Мәскеуден көп көмек алып отырмыз. Қару-жарақты арзан бағамен кейде тіпті тегін беріп отыр ғой”,- деп Сенат депутаты Нұртай Әбіқаев қарсы уәж айтады.

Әбіқаев араласқан соң Сарышағанға қатысты дау сап тыйылды. Бірақ, генерал Сапаровтың, Қырғызстанға 5 миллион патрон, көзден жас шығаратын 4 мың граната, зенит-зымыран кешеніне қажетті құралдың тегін берілетінін айтқан сол еді, сенаторлар қайта күшейіп кетті.

“Елімізде оқ шығаратын бір зауыт жоқ. Шетелден сатып аламыз. Өзіміздің сарбаздарымыз оққа жарымай жүргенде, өзгені қалай жарылқамақпыз?”-деді Сенат депутаты Дулат Құсдәулетов.

Бұл жолы әбден сасқалақтаған Оқас Сапаровқа, бұрынғы Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев араша түсіп, туысқан қырғыз ағайынға жүк көліктерімен тегін тонна-тонна қару-жарақ жеткізу – стратегиялық тұрғыдан маңызды деді. Оның үстіне, сыйға тартылатын оқтың жыл соңында жарамдылық мерзімі бітеді, оны утилизациялауға ақша жұмсағаннан Бішкекке жөнелткен пайдалы екен.

Ал Қорғаныс министрлігі өзіміздің сарбаздар оқтан тарықпайды деп отыр. Себебі биыл Қарағанды облысынан жылына 30 миллион оқ шығаратын зауыттың құрылысы басталмақ. Осылайша, іргедегі көршісінің қамын ойлаған Қазақстан Орта Азияға, оның ішінде Қырғызстанға лаңкестерден төнген қауіпті сейілтпек.

Талқылау