Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей Байқоңырдағы жер телімін Қазақстанға қайтарып бермек

Мәскеу Астанаға Байқоңырдағы жалға алған жердің бір бөлігін қайтарып бермек. 2016 жылдың соңына дейін Қазақстан 11 мың гектар аумақты кері қайтарып алады. Ресей негізі ғарыштық зымырандарын ұшыру үшін кешенді 2050 жылға дейін жалға алған. Ол үшін жылына 115 млн доллар төлейді. Жер бөлігін қайтарып бергеннен кейін де, жалға алу құны өзгеріссіз қалады.

327699

Суреттер news.turizm.ru сайтынан алынды

Ресей Қазақстандағы ғарыш кешені үшін жалға алынған жер аумағын алғаш рет қайтарып бергелі отыр. Байқоңырға тиесілі 11,6 мың гектар жерді Ресей осы жылдың аяғына дейін Қазақстан меншігіне өткізеді. Жер бетіндегі ғарыштық инфрақұрылым нысандарын пайдалану орталығының бас директоры Рано Джураеваның айтуынша, арадағы жер теліміне қатысты келісім уақыты 2015 жылдың күзінде аяқталған.

«Біз бұл жерді пайдаланбаймыз. Кадастрлық жұмыстар аяқталды және біз бұл жерді жалға беру меншігінен шығарамыз. Жер телімдері қазақстандық серіктестер қарауына өткізіледі. Ал ол жерге қандай құрылыстар тұрғызамын десе де жер иелерінің өз еркінде. Мүмкін, бұл бос жерлер «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне пайдаланылатын шығар», – деді Джураева.

Әзірге ол жерлердің нақты не мақсатта пайдаланылатыны белгісіз. Дегенмен, ҚР инвестициялар және даму министрлігінің аэроғарыш комитеті тарапынан ол жерлерге қысқартуға ұшыраған жұмысшыларды жұмыспен де қамтитын өндіріс орындары салынуы мүмкін деген де сыбыс бар.

Ал, келер жылдың жазында болатын “Астана ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесіне 3 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Дайындық жұмыстарына ел бюджетінен 283 миллион евро бөлінген. Ұйымдастырушылар Байқоңырды көрмеге қатысушы туристер үшін арнайы нысанға айналдыруды да ұсынып отыр. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша нақты шешім қабылдау шаралары жүргізіліп жатыр.

-progressm51

Еске сала кетсек, қаламен атауы бір Байқоңыр ғарыш айлағының аумағы 672 мың гектарды алып жатыр. Әзірге, бұл нысанды 2050 жылға дейін жылына 115 миллион доллар құнымен Ресей жалға алған.

Айтпақшы, Қазақстан мен Ресей арасында аталмыш ғарыш айлағында «Ангар» зымырандарына арналған ұшыру орынын салу мәселесі де талқылануда. Бұл жоба мәселесі 10 жыл бұрын басталған. Алайда, ол кезде Ресейдің жоба құрылысына ұсынған 1,6 миллиард доллар қаражаты Қазақстан тарапын қанағаттандырмаған еді.

Талқылау