Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахымжан Отарбаев: Мұхтар Мағауин – нашар жазушы

Махамбет сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев әдебиет, ақын-жазушылар шығармашылығын сөз ете келе, Мұхтар Мағауинді жазушылар қатарына жатқызбайтынын айтты.

3b2000786ce6b7b8025cf632ee46832b

Бұл туралы Әдебиет порталы хабарлайды.

– Мемлекеттік сыйлыққа қарсыластарыңыздан кімді лайықты деп ойлайсыз?

– Қарсыластарымның ішіндегі ағамыз Бексұлтан Нұржекеевтің шығармашылығын және адамдық жеке қасиетін қатты құрметтеймін. «Мемлекеттік сыйлықты» бір алса сол кісі алсын, одан өтіп кетсе мен алуға тиістімін. Қалған қатысушыларды қарсылас деп есептемеймін. Олар «халтурщиктер»! Жақында бір танысым келіп: «Аға, сіз үлкен додаға қатысып жатыр екенсіз, жүріңіз сізді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен таныстырайын, қолын алып қайт», – дейді. «Мен сол министрдің алдына барып басымды иіп, қолын алсам Рақымжан атым құрып кетсін. Менің жанымда Арыстанбек кім?! Министрсымағыңа дәл осылай жеткіз» дедім. Министрлер ауысады, қаламгердің аты халықпен бірге жасайды. Әрбірден соң бұл жөні түзу адамды қорлау емес пе? Осындай қорлық, сұмдықтың садағына ілініп, сыйлық алу үшін министрліктердің табалдырығын тоздырып жүретін «адамдарды» аяймын.

Жапондар әр онжылдықта бір жазушыны әлемдік аренаға шығарып отырады

– Сіздің шығармаларыңыз шет тілінде жақсы оқылады деп ойлайсыз ба? Меніңше қазақы сөзге қан жүгірткен көркем еңбектеріңізде оқиға шиеленісі аздық ететін сияқты…

– Мақтанғаным емес, менің шығармам әлемнің көптеген тіліне аударылды. Бірақ қай деңгейде аударылғанын тіл білмейтін мен қайдан білем. Кейбір жиындарда «қазақтың айшықты, көркем тілі менімен бірге өледі» дегенді айтып қалып жүрмін. Сөз – тірі құбылыс. Ана тіліміздің академиялық дәрежесінің астарында қалың ой, сұңғыла сюжеттің сан түрін таба беруге болады. Бірақ, қаламгер үшін әлем қажет деп табатын бір ауыз сөз айту қиын. Қазақтың мен деген жазушылары: Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Тәкен Әлімқұловтардың өзі бұндай дәрежеге жеткен жоқ. Олар бар болғаны орыс пен еуропа әдебиетінің сәтсіз суррогаттары. Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде Бақтыгүл Маханбетова деген әйелдің «тұңғыш әдеби агенттік» құрдым деп жарияға жар салған мақаласы шықты. Сонда осы уақытқа дейін қалғанымыз ай қарап жүрген болдық қой? Қазақ жазушыларының ішінде шетелде әдеби агенті бар тұңғыш жазушы мен болғанмын. Сенің агентің болмаса еуропаның кітапханалары мен дүкендері маңына да жолатпайды. Кітабың шыққан күні бәрін бір жерге жинап, өртей салса да таңқалмаймын.

– Менің ойымша кеңес үкіметі либерал жазушы мен іштен тынатын зиялы қауым өкілдерін өсіріп шығарды. Бірақ азат ел болғанымызбен «баяғы жартас, сол жартас» сияқты?

– Ол рас, қазір ақсақалдың құты қашқан заман болды. Оның барлығына зиялы қауым өкілдерінің өздері кінәлі. Елбасының алдына барса ел жайын айтудың орнына, қара басының қамын сөз етуден әрі аса алмайды. Қазіргі қазақтың сол қолынан, оң қолы ұзарып алға шықты. Бізге отыз екідегі саяси нәубаттың тісі батып кеткен. Біреу мансабына малданады, біреу үй сұрайды, біреу бала-шағасының қызметін айтып бас қайғы болып жатады. Кейде осы қылықтың бәрінен жиіркенем. Бұл елден жыраққа кетіп, тыныш өмір сүргім келетін кездер болады. Қазір Түркияда екі бөлмелі пәтерім мен жартылай азаматтығым бар…

– Сонда сіз шетелге көшіп кеткен классик жазушы Мұхтар Мағауинді қолдайсыз ғой?

– Сенің қандай деректерге сүйеніп отырғаныңды білмеймін, бірақ мен Мағауинді классик жазушылардың қатарына жатқызбаймын. Ол нашар жазушы, жаман адам. Тұла бойы толған кек, бітпейтін ыза, тарқамайтын ашу. Шығармаларынан да соны байқадым. Ешқандай суреткерлік жоқ. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бас аяғы жоқ сынық сөйлеммен көркем шығарма жазуға бола ма? Дегенмен, оның табанды еңбегі мен ғалымдығын мойындаймын. Тек, жыраулар поэзиясын ғалым Ханғали Сүйіншәлиевтің еңбегінен ұрлап, өз атына меншіктеп жариялағанын айта кетейін. Оны мен кез-келген жерде дәлелдеп бере аламын.

Әдебиетті тек қана хобби ретінде қарастыратын бірқатар жазушылар болды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов пен Тәкен Әлімқұлов сондай еді. Тәкен өз талантына, оның ішінде қазақ әдебиетіне қиянат жасады. Ол әдебиетті хобби ретінде емес, тұтас ұлттың құндылығы ретінде қарастырғанда үлкен шығармалар жазып кетуге ішкі қуаты жетіп артылатын…

– Шығармашылық жолыңызды поэзиядан бастапсыз ғой. Жақсы ақындар ығыстырып тастады ма?

– Ия, оныңыз рас. Жас кезімде жазған өлеңдерімді газет-журналдар жариялап тұрды. Бір өлеңім кеңес үкіметіне қарсы пікір айтты деп саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Сол үшін журнал басшысы Тұманбай Молдағалиев жоғарғы жақтан ескерту алды. Содан кейін Тұмағаң «сен бала осыдан бастап өлең жазуды доғар» деді (күлді). Ағалардың тілегін қалай аяқ асты етесің? Әлі күнге дейін өлең жазған емеспін.

– Қаламдасыңыз Тынымбай Нұрмағамбетовке қандай кітап оқуға кеңес бересіз?

– Ойбай-ау, сен де қоймайтын сұрақты қояды екенсің. Тынымбай дегеніңіз ұлы жазушы ғой. Оған кітап оқымаса да болады.

– Еркін көсілгеніңізге қуаныштымыз!

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы

Жіберіп алмаңыз:

Шахановтың Испанияға барып өгізбен айқасқаны өтірік болуы мүмкін

Талқылау