Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-ның тұрғыны 600 теңгенің шоколады үшін 481 мың теңге айыппұл төлейтін болды

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық берген бірнеше қазақстандыққа үлкен сомада айыппұл салынғанын хабарлады, деп жазады Stan.kz.

Рахмет үшін: Мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық берген бірнеше қазақстандыққа үлкен сомада айыппұл салынды

Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік кіріс бөлімінің маманына 600 теңге тұратын бір қорап шоколад түріндегі сыйлық беріп, алғыс білдірмекші болған әйелге үлкен сомада айыппұл салынды. Мемлекеттік қызметкерге осындай тәсілмен алғыс білдірмекші болған әйел енді бұл әрекеті үшін 481 мың теңге айыппұл төлеуге міндетті.

Сондай-ақ, желтоқсан мерекелері қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының статистика департаментінің екі қызметкеріне торт сыйлаған ер адам да дәл осындай соманы төлейді. Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы агенттігіндегілер сатып алынған әрбір тәтті, яғни «рақмет» құнының үш мың теңгеден аспайтынын айтты.

Осындай оқиғалардың орын алуына байланысты мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы агенттігіндегілер жаңа жыл мерекесінің қарсаңында қазақстандықтарды мемлекеттік қызметкерлерге материалдық алғыс білдіруден бас тартуға шақырды. Егер сыйлықтың құны 2 АЕК-тен, яғни 4810 теңгеден асса, онда сыйлық беруші қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігіндегілер сыйлық беру бір қарағанда, сыбайлас жемқорлықтың бір түрі ретінде қоғамдық қауіп төндіреді деп санайды. Сонымен бірге, олар бұл биліктің беделін түсіріп, қоғамның көз алдында сенімін жояды дейді.

Егер қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, заңсыз сыйақы бергендерге 200 АЕК, яғни 479 764 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ, заңсыз сыйақы алған лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Егер олар азаматтар ұсынған сыйлықты қабылдаса, заң бұзғандары үшін 600 АЕК, яғни 1 439 290 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.

Елде осындай жағдайлар орын алып жатқандықтан агенттік сыйлық беру немесе қабылдау фактісінің куәгері болған жағдайда 1424 нөміріне қоңырау шалуды сұрайды. Сондай-ақ, азаматтар агенттік төрағасының ресми блогына хат жазып немесе хабарлама жібере алады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау