Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахман Омаровтың бұрынғы әйелін өлтірген қыз марқұмның өзін балағаттағанын айтты

Алматыда танымал актер Рахман Омаровтың бұрынғы әйелін өлтірді деп күдіктелген Ақтолқын Сүлейменоваға қатысты сот отырысы жалғасуда. Бүгінгі сот тыңдалымында сотталушы өз ойын айтуы тиіс еді. Алайда ол бас тартты. Артынша оның қорғаушысы тергеу кезінде берген түсініктемесін оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

Рахман Омаровтың бұрынғы әйелін өлтірген қыз марқұмның өзін балағаттағанын айтқан

Қорғаушы Умаровтың тергеу кезінде алған түсініктемесінен белгілі болғандай, айыпталушы Ақтолқын Сүлейменова кісі өлтіремін деп ниеттенбеген. Және Гүлдерайым Омарованың өзін балғаттап, пышақты бірінші болып ала жүргіргенін айтқан.

«Мен өзіме ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлімімен (Кісі өлтіру) тағылған айыпты мойындамаймын. Себебі, адам өлтіремін деген ниетім болмады. Ол (Гүлдерайым) өзі «ауылдан келгендер, түк көрмегендер» деп бізді балағаттай бастады. Сосын шапалақпен салып қалды. Сосын мен де оны ұрдым. Пышақпен өзіме бірінші ұмтылды. Сосын пышақты тартып алып, мойнынан салып қалғаным есімде. Неше рет  ұрғанымды білмеймін. Есімді жисам, ол жантәсілім етіпті. Сол күні жас жігіт (Гүлдерайымның ұлы Досхан) келіп, анасын іздеп жүргенін айтты. Мен оған анасының мені бірінші ұрғанын түсіндіре бастап едім, ол жігіт менің өзіме атылды. Өзімді қорғауға тырыстым. Сосын әлгі жігіт балконнан анасының аяғын көріп қалды. Сосын мен өзім де үшінші қабаттан асылып өлгім келді», – дейді сотталушының түсініктемесін оқып берген Умаров.

Сот тыңдалымы барысында сот төрағасы айыпталушының бұған дейін берген түсініктемесін оқытты. Белгілі болғандай, Ақтолқын өз түсініктемесін бір емес, бірнеше рет өзгерткен.

Қанды оқиғадан кейін Ақтолқын 3 қабаттың балконында асылып қалып, оны полицейлер аман алып қалған еді. Артынша ол жансақтау бөліміне жеткізілген. Сол жерде жатып түсініктеме берген ол Гүлдерайым Омарованы пәтерді бірге жалдап тұрған Ұлжан есімді қыздың өлтіргенін айтыпты.

«Мен жарты жыл бұрын өзімнің құрбыларымның қасына жалдамалы пәтерге көшіп келдім. Пәтерақысын өзара бөліп төлейтін болдық. Пәтер ақысын алуға ылғи пәтер иесі Гүлдерайым Омарова келетін. 25 маусымда таңертең қыздардың бәрі жұмысқа кеткенде, Ұлжан сырттан келді. Пәтерде екеуміз ғана болдық. Шамамен 15 минуттан соң Гүлдерайым келді. Бір уақытта ол ас үйдегі сынып қалған орындықтарды желеу етіп, ұрыс шығарды. Сосын мен де жауап қайтарып, ұрыса бастадым. Біз мұнда көшіп келгенде, диван да сынған болғанын айттым. Аздан соң әжетханада отырғанымда гүрс еткен дыбыс естідім. Шыққан кезде жерде жатқан пәтер иесі мен оның қасында тұрған Ұлжанды көрдім», – дейді айыпталушының тергеу барысындағы түсініктемесін оқыған прокурор.

Айта кетсек, Ақтолқын Сүлейменова бұған дейін де ҚР ҚК 188- бабына (Тонау, ұрлық) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін актер әрі тележүргізуші Рахман Омардың бірінші әйелін екі келіншек пышақтап кеткенін хабарлаған едік. Гүлдерайым Омарова алған жарақат салдарынан көз жұмған. Рахман Омардың өзі бұрынғы әйелінің өліміне қатысты пікір білдірді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау