Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахман Омаровтың бұрынғы әйелін өлтірген қыздың соттағы әрекеті марқұмның туыстарын қайран қалдырды

Кеше Алматыда актер Рахман Омаровтың бұрынғы жұбайын өлтірген Ақтолқын Сүлейменоваға қатысты сот үкімі шықты. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Десе де марқұмның туыстары сот шешіміне разы болмады. Себебі олар бұған дейін жазаның қатаң болғанын талап еткен еді, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Рахман Омаровтың бұрынғы әйелін өлтірген қыздың соттағы әрекеті марқұмның туыстарын қайран қалдырды

Үш ай бойы жақ ашпай келген 30 жастағы Ақтолқын Сүлейменова сот үкімі жарияланар алдында соңғы сөзін айтты. Ол Гүлдерайым Омарованы өлтіргенін толықтай мойындады. Алайда марқұмның ұлына шабуылдағанын мүлде жоққа шығарып, аталған бап бойынша тергеуді тоқтатуды талап етті. Сонымен қатар марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.

«Гүлдерайым Омарованың отбасынан, туыстарынан кешірім сұраймын. Өтінемін, мені кешіріңіздер! Бұлай жасайын деген жоқпын», – дейді сотталушы.

Десе де Сүлейменованың сөзіне қарамастан сот оны кінәлі деп тауып, бас бостандығынан айырды.

«Сотталушы Ақтолқын Сүлейменова кінәлі деп табылып, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін. Сотталушы сот залынан қамаққа алынсын!» – дейді судья Бақытхан Бакербаев.

Десе де марқұмның туыстары сот шешіміне разы болмады. Сонымен қатар Сүлейменованың сот отырысындағы мінез-құлқы оларды қайран қалдырған.

«Оның әрекеттерін көріп, шок болдым. Жасаған қылмысы үшін өкінген жоқ. Көзінен бір тамшы жас та шықпады. Ештеңеден қорықпайды. Үнемі сөз қайтарып, беттен алып отырды. Қалайша осылай қарап, соншалықты алаңсыз болуға болады? Адамның өмірі шыбынмен бірдей боп тұрғаны ма? Қайғылы жағдайдан бері жарты жыл өтсе де, жанымызды қоярға жер таппай жүрміз», – дейді марқұмның әпкесі Қыздарай Бейсенқұлова.

Сот отырысына марқұмның ұлы келген жоқ. Белгілісі, қазіргі уақытта ол Чехияда оқып жатыр. Сотта Сүлейменованың туыстары да болмады.

Сондай-ақ, бұған дейін жәбірленуші тарап Сүлейменовадан моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге талап еткен еді. Алайда сот сотталушыны 4 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Еске сала кетсек, актер Рахман Омардың бірінші әйелі пәтер жалдаушының қолынан қаза болған еді. Оқиға 25 маусым күні болды. Әйелдің мойнына 7 рет пышақ салған. Тергеу мәліметінше, қайғылы жағдай жанжалдан туған. Гүлдерайым Омарованың артында үш баласы қалды. Марқұм әйел дүкенде сатушы болып жұмыс істеген. Оқиғадан соң айыпты қыз өзіне қол салмақ болды. Гүлдерайым Омарова алған жарақат салдарынан көз жұмған. Рахман Омардың өзі бұрынғы әйелінің өліміне қатысты пікір білдірді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау