Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахимов: Қазақ төбесіне көтеріп жатқанда неге маған қазақтың туын Риода көкке көтермеске

Қазақ еліне келмегенде Олимпиада чемпионы болар ма едім, білмеймін. Бұл туралы бүгін Риодағы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Рио олимпиадасының чемпионы  ауыр атлет Нижат Рахимов айтты.

нижат

Кеше Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бірінші алтын медальді осы жігіт ел қоржынына салған болатын. Бүгін Риодағы Қазақстанның баспасөз орталығында өткен басқосудан кейін Рахимовты жеңісімен құттықтап, шағын сұхбат алдық.

– Жүлдең құтты болсын! Олимпиада чемпионы деген атақ өзіңе қандай әсер етіп жатыр?

– Рахмет! Өзімді чемпион ретінде әлі толық сезіне алмай жатырмын. Бірақ, біреу құттықтағанда өзіме-өзім “мен шынымен чемпион болдым ба?” деп ойланып қалам. Әзірге керемет бір сезімнің құдіретін сезініп үлгерген жоқпын. Барлығы түс сияқты.

– Алғашқы жұлқа көтеруде қытайлық қарсыласыңнан 12 келіге артта қалып қойдың. Осы кезде чемпион болам деген ой болды ма?

– Әрине, болды. Ол менен жұлқа көтеруде асып кетсе, мен серпе көтеруде оның жолын бөгеймін деген ой болды. Сонымен бірге, менде тағы бір мақсат болды. “Қазақ елі мені төбесіне көтеріп жатқанда  неге маған қазақтың туын Риода көкке көтермеске” деп ойладым. Егер мен қазақ еліне келмегенде Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізе алар ма едім, білмеймін. Барлығы осы қазақ елінің арқасы. Менің жеңісім – Қазақстанның жеңісі.

– Серпе көтеруден 214 келіні бұрын жаттығуларда көтеріп көрген бе едің?

– Шынымды айтсам, бұл менің жеке рекордым. Осы рекордты жаттығуда емес, төртжылдық басты додада көтеріп тұрмын.  Бәрі де қазақ елінің абыройы үшін. Қазақстанға алтын сыйлау үшін осындай тәуекелге бардым.

– Бұл салмақты көтеруге бас бапкер Ни тапсырма берді ме, әлде өзің ұсыныс жасадың ба?

– Ни екеуміз ақылдасып шештік. Ол маған “Чемпион болу үшін осындай келіні көтере аласың ба?” деп сұрады. Мен ойланбастан көтерем деп жауап бердім.

– Ни сенің көтере алатыныңа сенді ме?

– Ол кезде ол туралы ойлаған жоқпын. Бірақ, мен көтерем дедім, Алла қуат берді, көтердім.

– Қытай спортшысы сен 214 келіні бағындырған соң ештеңе деген жоқ па?

– Не десе де, әлем алдында оның уысында тұрған алтынды тартып алдым. Қытайлықтар алтын біздің қолда , енді оған таласуға ешкімнің шамасы келмейді деп ойлады. Менің күтпеген жерден тәуекелге баратынымды ешкім ойлаған жоқ.

 

Талқылау