Президент Тараздағы жарылыс туралы: Газбен кім шұғылдануы керек, премьер-министр ме?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Таразда тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан көз жұмғандардың отбасына көңіл айтты. Өз сөзінде президент газды пайдаланған кезде сақтық танытуы керектігін ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев

Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде Тараздағы тұрғын үйде болған жарылыс туралы айтты. Ол таңертең оқыс оқиға туралы хабар алғанын айтып, үкімет мүшелерінің оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Бүгін таңертең Тараздағы тұрғын үйде газ жарылғаны туралы хабар алдым. Отбасыларына көңіл айтамын. Оқиға орнында үкімет мүшелері жұмыс істеп жатыр. Олар тиісті көмекті көрсетеді», – дейді президент.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға газды пайдаланған кезде сақтық таныту керектігін ескертті. Бұл орайда елімізде күнде түрлі жағдай болып жатқанын атап өтіп, жауапкершіліктің жергілікті атқарушы билікке жүктелетінін атап өтті.

«Еліміз үлкен. Күн сайын бірдеңе болып жатады. Онымен (газбен – ред.) кім шұғылдануы керек? Премьер-министр ме? Жауапкершілік жергілікті атқарушы билікте. Сондай-ақ отбасылардың өзі де жауап беруі қажет. Газды пайдалану кезінде сақ болған жөн», – дейді Назарбаев.

Еске сала кетсек, бүгін таңертең Тараздағы көпқабатты үйде жарылыс болғанын хабарлаған едік.

Айта кетсек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері Тараз қаласына оқиға орнына ұшып кетті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр