Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Премьер-министр өртте көз жұмған балалардың ата-анасына көңіл айтты

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Астанада өрт кезінде көз жұмған балалардың ата-аналарына қайғырып көңіл айтты, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Премьер-министр өртте көз жұмған балалардың ата-анасына көңіл айтты

«Бүгінгі Үкімет отырысын жексенбіден дүйсенбіге қараған түнде болған қайғылы оқиғадан бастағым келіп отыр. Сол түні өрт кезінде бес бала көз жұмды. Бір отбасының жантүршігерлік қасіреті. Балаларынан айырылған ата-анасына Аллам сабыр берсін. Қайғылы жағдайда қайтыс болған балалардың ата-анасына, туыстарына және жақындарына көңіл айтамыз. Енді мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейік», – деді Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметінің отырысында.

Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысына балаларынан айырылған отбасыға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

«Ас беру, жерлеу рәсімін өткізу үшін арнайы комиссия құрылды, ата-аналармен жұмыс жүргізілуде, соның ішінде болашақта осы отбасына қандай көмек көрсетілетіні жайлы жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді әкім.

Оның сөзінше, болашақта осындай жағдайларды болдырмау үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Алдағы күндері күн суытатындықтан, жылудың қатты берілетінін ескере отырып, осындай оқиғалардың алдын алу үшін аудан әкімдіктерімен және төтенше жағдайлар бөлімімен бірге рейдтер жүргізілуде. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жеке меншік сектордағы үй иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ол.

Ал ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өрттің пайда болу себебінің алдын-ала болжамы – өрт қауіпсіздігі талаптарынының бұзылуынан деп хабарлады.

«Балалар қараусыз қалған. Өрт сөндіру қызметі 7 минутта жетіп, жедел жәрдем бригадасы да уақытылы келген. Бірақ, балаларға көмек көрсету мүмкін болмады », – деп түсіндірді Қалмұханбет Қасымов.

Қасымовтың айтуынша, тұтастай алғанда мұндай фактілер мен осындай жағдайда қаза болғандар саны азайған.

«Жыл сайын біз профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. 1,7 миллионнан астам үй тексерілді, оның ішінде 4 миллионнан астам адам қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі жалғасатын болады», – деді ол.

Айта кетейік, 4 қаңтар күні түнде өрттен бір отбасының бес баласы қаза болды. Өрт сөндірушілер балалар аман алып қала алмады. Үй ішінен бес баланың мәйіті табылды.

Тағы оқыңыз: 5 періште: Астанада көз жұмған қыздармен қоштасуға жүздеген адам келді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау