Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Польшада тұратын 90 жастағы кейуана қазақстандық отбасыны іздеуде

Польшаның 90 жастағы тұрғыны қазақстандық отбасыны іздеп жүр. Оның басынан өткен жайт туралы қызы Ула Котарба айтып берді.

Польшада тұратын 90 жастағы кейуана қазақстандық отбасыны іздеуде

Бұл туралы Kyzylorda-news.kz басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Кейуананың қызының айтуынша, оның анасы Изабелла Бресте дүниеге келген. Әкесі тұтқындалғаннан кейін, 30-жылдардың соңында анасы және әпкесімен бірге Қазақстанға жер аударылыпты. Олар Ақмола облысындағы Макинкада тұрған. Бастапқыда олардың тұратын жері болмапты. Алайда ауыр кезеңді бастан өткеруге жергілікті тұрғын Устинья Миренчук көмектескен. Ол кейуана мен балаларына өз үйінде тұруға рұқсат беріп, қамқорлық танытып, соңғы нанымен бөлісіпті.

Соғыстан кейін Изабелла Полтшаға қайтып оралған. Алайда Устиньяны естен шығармапты. Ол көптеген жыл бойы хат жазғанымен, жауап келмепті. Тек 1970 жылы хат келген. Онда Устинья Изабелланы Макинкаға шақырған екен. Көкшетау әуежайында Изабелланы анасымен Устиньяның ұлы Петр қарсы алған. Олар Макинкаға дейін көлікпен жетіпті. Осылайша, олар арада қаншама жыл өткеннен кейін кездеседі. Артынша Изабелла оларды қонаққа шақырып, Петр кіші інісімен бірге Польшаға келеді.

Екі отбасы біраз уақыт хат алмасып тұрған. Алайда уақыт өте келе араларындағы байланыс үзіліп, мекенжай жазылған хаттар жоғалыпты.

Изабелланың қызының сөзінше, ол Устиньяны жиі еске алып, ол туралы, оның балалары туралы білгісі келеді. Ол қызы Уланың қазақстандық отбасыны іздеп жүргенін біліп, жылап қалыпты. Қызы ғаламтордан іздегенімен, одан еш нәтиже шықпаған. Ендігі әйел Устинья Миренчуктің отбасын табу үшін қазақстандықтардан көмек сұрап отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау